1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №64 (16250)   15 тамыз, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" сатиралық беті.
15 тамыз 2017
Төпен Көпендей төпелегенде...

Төпен Әмірбекті көп адам Көпен Әмірбекпен шатастыратыны бар. Әмірбектен «сызған», Жұлқыннан туған қос бауырды есімдерінің бас әріптері ғана екі адам екенін білдіріп тұрған сияқты. Төпен де Көпен сияқты сатираны төпеп жазады. Сөйлесе сөздің түбін түсіреді. Нағыз жатыпатар. Көздері күлімдеп отырып әңгімені де жақсы айтады. Шәуілдір жақта «Төпен айтыпты», «Төпен былай депті» деген қызық әңгімелер көп. Біз соның бірқатарын жариялауды жөн көрдік.

БҰРЫЛЫС
Отырар аудандық газетінің бас редакторы Төпен ағамыз бірде қызметтік көлігімен Шымкент қаласына келіп, көше қиылысынан дұрыс бұрылмай, жол полициясына ұсталыпты. Көліктен түсіп жөн сұрасса, ала таяқты жігіт араағайындыққа көнбейтін көрінеді.
Сөйтсе Төпекең:
– Әй, айналайын, осы Шымкентте қанша бұрылыс болса, соның әрқайсысына 500 теңгеден берейін, – депті.
Жол полициясы қызметкері:
– Ой, көке, өзіңіз аузыңыздан қағынып тұрсыз... Шымкентте не көп, «поворот» көп қой. Оның бәріне 500 теңгеден беруге шашыңыз жетпейді. Одан да он-он бес «повороттың» ақшасын тастап кете беріңіз...
Сонда Төпен аға:
– Жоқ, айналайын, Шымкентте екі-ақ «поворот» бар. Біреуі – оңға, біреуі – солға... Басқа «поворот» көріп тұрғаным жоқ, – деп, жол полициясының қолына мың теңге ұстатып кеткен екен.

ТАСАТТЫҚ
Елімізде тәуелсіздіктің туы енді желбіреп, теңгенің жаңа ауысқан кезі екен. Сол жылғы көктемде Шәуілдірге бір тамшы жауын тамбай, ел қатты сасыпты. Ақырында ауылдың ақсақалдары «тасаттық берейік» деген тоқтамға келеді.
Тасаттық – Алла тағаладан жаңбыр сұрап жалбарынатын, құрбандыққа бір мал шалатын құдайы тамақ қой. Тасаттық беруге келіскен ел ақша жинауға келгенде біраз дауласыпты. Ақшасы барлар 5 теңгеден жинағысы келеді, тұрмысы төмендер 3 теңгеден бергісі келеді. Ауылдағылар ары-бері айтысып, ақырында 3 теңгеден жинауға келіседі. Ақшаны жинап, керек-жарағының бәрін алып, малды сойып, ауылдың қасындағы қырдың басында тасаттық беріледі.
Алланың құдіреті, құран оқылып, тамақты жеп, жұрт «әумин» деп бет сипап бола бергенде күн күркіреп, жауын басталады. Жұрт жапатармағай заттарын жинап, етектегі ауылға қарай қаша жөнеліпті. Жаңбыр бірте-бірте күшейіп, сай-саланың бәрі сел болып ағады.
Сонда затын көтеріп алып, үйіне қарай зытып бара жатқан Төпен деген ағамыз:
– Ойбай, 3 теңгеден жинағанда мұндай болды, 5 теңгеден жинағанда «вообще» бітеді екенбіз ғой, – деген екен.

ҚАҒЫС ЕСТУ
Ол жылдары орыстың белгілі тележурналисі Влад Листьевті жұрт көбінесе «Час пик» деп атайтын. Өзі де осы аттас хабар жүргізіп, елге кеңінен танылды емес пе? Бірақ өткен ғасырдың 90-жылдарының басында байғұсты біреулер атып, өлтіріп кетті. Әлі есімде, әріптестерінің В. Листьевке деген құрметі болар, ресейлік барлық телеарналардың хабары тоқтатылып, марқұмның суреті күні бойы эфирде көрсетіліп, қаралы музыка ойнап тұрды. Және Влад Листьевті бес күн аза тұтып, содан кейін ғана жер қойнына берді.
Шәуілдірлік Төпен Әмірбек ағамыз екі кештің ортасында үйінде кітап оқып отырса, анасы Жұлқын кішкене көз іліп алайын деп демалып жатқан екен. Кешке Төпекеңнің төртінші сыныпта оқитын қызы Тазагүл сабақтан асығыс келеді.
Үйге кіре сөмкесін лақтырып тастап:
– Апа, естідіңіз бе? «Час пик» өліп қалыпты дейді ғой.
Күндізгі күйбің тіршіліктен шаршап жатқан Жұлқын апа жастықтан басын жұлып алып:
– Алда байғұс... Қашан өліп қалыпты?.. – дейді салған жерден.
Сөйтсе, немересінің «Час пик» өліп қапты» дегенін апамыз «Тасбике өліп қапты» деп қағыс естіпті. Ол кісінің Тасбике деген жеңгесі болған екен.
– Қашан өліпті? – деп қайталап сұрайды.
– Кеше түнде...
– Ойпырмай-ә... Кеше ғана шауып-шапқылап жүр еді... Не болып қалды екен? – деп апамыз аяқастынан әбіржіп қалады.
– Әй, неден қайтыс болыпты бейшара?
– Білмеймін, әйтеуір, үйінде атып өлтіріп кетіпті, – дейді немересі.
Апамыз одан бетер аң-таң.
– Атып кетіпті дейд... Ойбай, онда ол мал ұрлап жүргендерге кездесіп қалды ма екен? Әлде біреулердің жасырын тірлігін көріп қалды ма? – деп, апамыз аяқастынан сан түрлі жорамалдарды жасап тастайды.
– Білмедім, апа... Кім өлтіргенін ешкім білмейді.
– Қашан жерлейтін болыпты?
– Бес күннен соң.
– Әй, олардың дені сау емес шығар! Бес күнің не? Өлген адам сасып кетпей ме екен? Бес күн бойы кімді күтпекші... Ұл-қыздарының бәрі осы төңіректе тұрады ғой...
– Білмеймін, апа... Қазір өзін теледидардан көрсетейін деп жатыр, – дейді немересі асықпай.
– Ұрылар атып өлтірген қатынды неменеге теледидардан көрсетеді? – деп Жұлқын апа ашуға беріледі. – Аруақпен ойнағандары несі? Ол не, әкім бе еді, әлде бастық па еді? Адам деген де ойына келгенін істейді екен-ау, ә...
– Енді ол кісі танымал адам ғой... Орыстардың барлығы жылап жатыр...
Апам ойланып қалады.
– Енді ағайын, құда-жекжаттардың арасында сыйлы екені рас... Бірақ ел таниды екен деп ойына келгенін істей бере ме? Шәуілдірде қалған үш-төрт орыс неменеге жылайды?.. Әлде кезінде жақсылығын көрді ме екен?.. Көп болса кезінде арағын ішкен шығар ...
Шешесі мен немересінің арасындағы әңгімені естіп отырған Төпекең күлкіден бас көтере алмайды.
«Қызым барып теледидарды қосып еді, марқұм Влад Листьевтің қара лентамен байланған суретін көрсете бастады. Денені шымырлатар қаралы әуен ойнап тұр. «Міне, өлген осы «Час пик» деді қызым. Сол кезде барып шешем өлген Тасбике емес екенін көріп, көңілі орнына түскендей болды. Мұздай судан бір-екі ұрттап алған соң, «Ей, қағынғыр... Тасбике өліп қалды деп зәремді ұшырғаны несі?.. Жөндеп айтпайсың ба?» деп қызыма ұрса бастады...» – деп сол күндерді еске алады Төпекең.
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар