1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №64 (16250)   15 тамыз, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" сатиралық беті.
15 тамыз 2017
«Қағындымды» сағындым

Кеше әскерге барғың келмесе де,
Сүйреп алып кетуші еді.
Қиқаңдасаң тартыншақтап,
Әкеңнің көзі ежірейіп,
Қамшысымен салып кетуші еді.
– Ой, жасық!
– Найсап!
–Жаман сасық! –
Деп жүйкелеріңнің ұңғыл-шұңғылына дейін шұқитын.
– Ой, әлжуаз, қорқақ, –
Деп басыңа сұқ саусағымен нұқитын.
Ел-жұртқа көзтүрткі,
Құрдастарға күлкі
Болмас үшін әскерге кетіп құтылатынбыз.
Бұлай етпесек қыз алдында да аласарып,
Бедел жағынан едәуір ұтылатынбыз.
О, несін айтасың!
Әскерге кету де – той,
Қайтып келу де – той,
Битіміз бір төгілетін.
(Тек әскерге кетерде шешелеріміз ғана,
Көзіне жас алып егілетін).
Әскерден қайту – байдан қайту емес,
Кей көкелеріміз терісіне сыймай,
Ауылды түгел қырып кете жаздаушы еді.
Құрдастарын былай қойғанда,
Кейде үлкендердің де
Мұрындарын жырып кете жаздаушы еді.
Еһ, сол күндер
Қайта айналып келер ме еді,
Бақыт құсы әрбір үйге енер ме еді.
Осындай керемет күндер болды дегенге
Бүгінгі жастар сенер ме еді?
Қазір қорғаныс департаментіне барсаң,
Боласың әбден сарсаң.
– Ана құжатың анадай,
Мына құжатың мынадай, –
Деп ит әуреге салады.
Әрі жүгіріп, бері жүгіріп,
Өзегің де, аяғың да талады.
Көресіні дәрігерлерден көресің.
– Әй, сен келдің бе қайтадан,
Бар, үйіңе қайта бер,
Өйткені аяғың майтабан, –
Деп бөлмеден тырқыратып қуып шығады,
Бәлекеттің тілінің зәрлісі-ай,
Әр сөзі сондай суық шығады.
Жуырда ұлымды әскерге жібермек болып,
Баламның ержеткеніне көңілім толып,
«Военкоматқа» келдім.
Бірақ ұлым комиссиядан еңіреп жылап шықты.
– Әй, дәрігер, балам неге жарамсыз?
– Маған неғыл дейсіз,
Балаңыздан брак шықты.
– Брагы несі?
– Ағайдың мынандай сұрағы несі?
Балаңызда ақау бар.
– Ақауы несі?
Өңшең дымбілмес мақаулар!
– Сіз өйтіп бізді сөкпеңіз,
Жүдә қатты сыр-сыр етеді,
Ауырмай ма өкпеңіз?
Ұлыңыз туфли киіп жайтабан,
Болып қалыпты ғой майтабан.
Сондықтан әскерге алынбайды,
Үкіметке неге керек,
Бағып мынадай Қарынбайды? –
Деп дәрігер дүрілдеп арындайды.
Мынадай теңеуді естіп,
Қалай шекеңнің тамырлары тарылмайды.
Содан төтелеп,
Спортшы баламды қолынан жетелеп,
Облыстағы үлкен дәрігерге келіп,
Сәлемімді беріп,
Өкпе-назымды түгін қоймай ақтардым,
Өзім де ызадан жарылуға шақ қалдым.
Таныс дәрігерім ұлымның табанын қарап көрді,
Тіпті саусақтарына дейін санап көрді.
Сосын миығынан жымиып былай деді:
– Көке, балаңыздың аман-сау,
Әскерге кетуі үшін тиімді іс қылып па едіңіз?
Яғни комиссия мүшелерінің қолдарына
Бірдеңе қыстырып па едіңіз?
Еһ, дымбілмес топас басым,
Осыншаға келгенше жасым,
Ысқыруды білсем де,
Қышыған алақандарға
Бірдеңе қыстыруды білмеппін.
Немене, өзгелерден кеммін бе?
Бүлкілдеген көмейлері басылды
Сосын маған да жарқын жол ашылды.
Ұлым ертесіне-ақ әскерге алынды
Бүгінде «Отан қорғау – міндет» деп,
Сөз сөйлеп жүрмін жалынды.
Сондай-ақ таныс дәрігерлердің,
Ыстық ықыласына малынып жүрмін.
Бір жаманы – әскерге кеткен ұлымды,
Күн өткен сайын сағынып жүрмін.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті