1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
"Жас Алаштың" сатиралық беті.
19 қыркүйек 2017
Әзімбектің әзідері-ай...

Бір кездері еліміздің айтыс өнерінде жасындай жарқырап, табанда тауып айтқыштығымен ерекшеленген, аса қарапайымдылығымен халыққа жаққан, ер мінезді Әзімбек Жанқұлиев көзі тірі болғанда қыркүйек айында 55 жасқа толар еді. Ақ көңіл ақынның ғұмыры қысқа болды. Небәрі 41 жыл өмір сүрген ол Ауған соғысына қатысқан жауынгер еді. Көңілге медет – соңында екі ұлы қалды. Ат тұяғын тай басты. Қазір олар да ержетті. Ал ел ішінде Әзімбектің айтқан қалжың әңгімелері әлі күнге аңыз болып жүр.

ТЫМАҚ
Бірде Әзімбек бір тойға асабалық жасапты. Той иесі есі шығып жүріп сөз сөйлейтіндердің тізімін де бермепті. Апалақтап біресе анаған жүгіреді, біресе мынаған жүгіреді. Той столына қарай тағы бір кезекті жүгіріп бара жатқанда Әзімбек той иесін ұстай алады:
– Ау, Жәке, енді кімге сөз беремін? – дейді амалы таусыла қиналып.
Той иесі:
– Ойбай-ау, ол бар екен ғой. Қане, қане, кімге берсек екен ә?.. – деп Әзімбектің өзінен сұрайды. Сонан соң мойнын созып, той столында отырғандарға қарап-қарап тұрып: «Оһ, әне анаған!» – деп біреуді иегімен көрсетеді.
– Оныңыз кім? Аты-жөнін, қандай жақын екенін айтсаңызшы, – дейді Әзімбек күйіп-пісіп.
– Ой, Құдай-ай?! Аты кім еді, иттің? – деп шекесі тыржиып, бір көзін қысып ойланып тұрады да, «Ой, әкеңнің!.. «Пәленшеке» екен ғой. Ана қатын жағынан ғой. Ой, әлгі... Туй! Иә... баланың нағашысы ғой» дейді, әйтеуір, сөз беретін адам тапқанына қуанып. Осы кезде арғы жақтан тағы біреу жүгіріп келіп:
– Әй, көке! Ана балалар мінген машинасының ақысын сұрап тұр, – деп жәкесін жетектей жөнеледі. Осы көрініс бірнеше мәрте қайталанады. Әзімбек не істерін білмей дал.
– Әй, асаба, бізге неге сөз бермейсің?! Біздің жолымыз ғой! – деген столдың әр-әр жерінен күңкіл шыға бастайды. Тымағының бір құлақшасы төмен салбырап, бір жағы жоғарыға қарап, антенна сияқты ербиіп кеткен бір кісі тіпті наразы. Әзімбекке қарап кіжініп, жұлқынып-жұлқынып қояды. Ішінде «бірдеме» бар ғой.Қасындағылар иығынан басып зорға тоқтатып отыр. Кімге сөз берерін білмей күйіп тұрған Әзімбек сол кезде бірден термелете жөнеледі:
– Бай да мінер бір атқа,
Кедей де мінер бір атқа.
«Сабыр түбі – сары алтын»,
Сарғайған жетер мұратқа, – деп алдымен жұртты сабырға шақырғандай болып алады да, әлгі жұлқынып отырған кісіге қарап:
– Сөз беремін ендеше,
Ана отырған тымаққа!.. – деп барып, өп-өтірік қателескендей болып:
– Тойст! Тымақ киген братқа! – деп аяқтайды сөзін.
Әлгі тымағының бір жағы едірейген «брат» риза боп екіленіп, тымақ-пымағымен сөзге шығып келе жатты...

«ТЕППЕ ТЕЗЕК ИЛЕГЕН ЖЕҢГЕМ ҚҰСАП...»
Әзімбек Жанқұлиев бір республикалық айтыста Арқалықтың азулы ақыны Айбек Қалиевпен сөз додасына түседі. Мезгіл жаз айы екен. Айбек көйлегінің жеңін түріп шығыпты сахнаға. Сонда Әзімбек Жанқұлиев:
– Айбек інім, айтпассың жерлерді ұсақ,
Көзіме көрінесің мерген құсап.
Білегіңді сыбанып кірістің-ау,
Теппе тезек илеген жеңгем құсап, – деп тапқырлық танытқан екен.

ЕРКЕЛЕР МЕН СЕРКЕЛЕР
Меркі ауданында аудан өнерпаздары күндері аясында облыстық ақындар айтысы да ұйымдастырылып, ақын Ербол Қамбатыров Әзімбекпен бірге жүреді. Ол кезде әрбір аудан киіз үйін тігіп, аудан өнерпаздары сол үйлерінде күтіліп жататын. Сарысу ауданы мен Шу ауданының үйлері қатар тігілген екен. Шу ауданының киіз үйінен бір топ қыз сыңғырлаған сұлу күлкілерімен шыға келеді. Қыздарға қызыға қарап, сарысулық әнші, марқұм Жұман Есдәулетов: «Қыздар! Сіздер қайдансыңдар, кімдерсіңдер?» – деп тиісе кетеді. Олар: «Біз «Шу еркесіміз» (сол кезде сондай тамаша бишілер тобы болатын), сіздер ше?» – деген екен майысып. Сөйтсе, қастарында тұрған Әзімбек жұлып алғандай: «Бұлар Сарысу серкесі болады, қыздар!» депті.

АҒАҒА АРНАУ
Әзімбекті арнайы қалап, оңтүстік өңірдің біріне тойға шақырады. Тойды тамаша атқарған Әзекеңді шақырған әулет арнайы қонақ етіп, ертеңінде құрмет көрсетеді. Сол жерде бір бақуатты азамат, шамасы, дүниенің буы болар: «Әзімбек, маған арнап бір арнау айтшы», – дейді. Әзекең әлгі кісіге арнап шумақтарды төгіп-төгіп жібереді. Риза болған ағамыз: «Жарайсың, Әзімбек! Астыңа бір айғыр!» – депті. Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалады. Ол жылдары бір айғырдың құны шамамен бес мың теңге болса керек. Айғыр да жоқ, ізет те жоқ. Ағамыз масайрап, мәз боп жан-жағына ежірейе қарап, мерейі бір өсіп қалады.
Арада бірнеше ай өткен соң әлгі ауыл Әзімбекті тағы аттай қалап тағы бір тойына шақырып, құрмет көрсетеді. Ертеңіне баяғы оқиға тағы қайталаныпты. Сол ағамыз тағы да келіп, мастанып: «Әзімбек! Маған арнап өлең айтшы», – дейді ғой баяғы әдетіне басып. Сонда Әзімбек:
– Ағажан, қанық едім істеріңе,
Қуанам тағы ортаңа түскеніме.
Былтыр бір айғырымды жоғалтып ем ,
Көкетай, көзіңізге түспеді ме? – деген екен. Ағамыз ұялғаннан ақынның қолына 10 мың теңге ұстатыпты.

«ЖЕҢЕ АЛМАПСЫҢ...»
Атақты палуан Жақсылық Үшкемпіровтің үйіне біраз қонақ жиналады. Қонақтар болғанда қандай, ығай мен сығайлар, сол отырысқа Әзімбек те шақырылады. Жақсылық екеуі бір ауылдан ғой. Ән айтылып, небір тілектер айтылады. Кезек Әзімбекке келгенде арнау айтып, мақтап-мақтап келіп, Жақсылық ағасына қарап: «Дүниежүзінің палуандарын жеңген кезде, үйдегі кішкентай ғана жеңгемізді жеңе алмапсың...» – деп салыпты.

НЕГЕ ЖЫЛАДЫ?
Бірде жастайынан бірге өскен досы Шәукет Әзімбектің үйіне келсе, бұлар кіші ұлы Батырханның туған күнін атап өтіп жатыр екен. Сөз кезегі келгенде Шәукет жақсы тілектерін айта келе, бір қой атап кетеді.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін Әзімбек бір шаруаларымен сол досының үйіне соғады. Кеш болып, мал өрістен қайтқан кез екен. «Әзеке, анадағы Батырханға атаған бәсіресін ала кет», – дейді досы. Астарында мәдениет бөлімінің «Кубань» автобусы. Қасында ұлы Батырхан бар. Топ қойдың ішінен кішкене келген бір тоқтыны ұстап, автобусқа салады. Асау тоқты автобустың ішінде ары-бері шапқылайды ғой. Қорқып қалған кішкентай Батырхан жылап жібереді. Сонда Шәукет: «Мына бала неге жылап жатыр?» десе, Әзімбек: «Шәукет әкем көп қойдың ішінен ең кішкентайын беріпті деп жылап жатыр», – деген екен.

Дайындаған Ерман ӘБДИЕВ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті