20 қазан 2009
Квота алудың төте жолы
Әзiл әңгiме
Осыдан 5 жыл бұрын отбасымен көршi Баянөлке аймағынан атақоныс Қазақстанға, оның iшiнде Ертiс облысына көшiп келдiм. Келе, керектi қағаздарымды жиып-дайындап, облыстық көшi-қон мекемесiне квота алуға құжаттарымды өткiздiм. Арада жылжып ай өттi, жыл өттi. Тiптi квотаның құлағы да көрiнетiн түрi болмаған соң, “Бара бергенше, пара бер” деген осы елдiң өз мақалын өзiне қолданып кеп жiберiп едiм, аяқ астынан бағым жанып, екi аптаның iшiнде екi жыл күткен квотамыз қолымызға тиiп, бала-шағамызбен iшiп-жеп мәз-мәйрам болып қалдық. Ары қарай тыныш жатам ба, осы берудiң арқасында облыстың көшi-қон мекемесiнiң бiлдей бiр орынбасарымен ағалы-iнiлi болып шыға келдiм. Ол кiсi: «Сенiмдi клиент iзде, бала», – дейдi маған, мен клиент iздеп тауып олардың құжаттарын тете ағама өткiзем. Аға да риза, мен де риза, клиент те риза. Осы пысықтығымның арқасында мен де бiр жылда әжептәуiр қоңданып шыға келдiм.
Өстiп шалқып жүргенде, амал қанша, маған сүйеу болып жүрген асыл ағам бiр күнi қызметi өсiп, Астанаға көшiп кеткенi. Ендi бұл облыста маған жаны ашитын ешкiм табылмайтынын бiлiп, мен де дереу жолға жиналдым. Өкiметтiң берген үйiн өзiм сияқты келген бiр қазаққа асығыс сатып, пұлын қалтама басып, Алматыға тақау ғой деп, Жетiөзен облысына қарай көшiмнiң басын бұрдым. Осында келiп жаңағы сатқан үйiмнiң пұлына екi үй алып, бiрiне өзiм түсiп, бiрiне квартирант кiргiзiп қойдым. Дереу тағы да құжаттарымды тастай қылып жиып апарып, облыс орталығындағы көшi-қон мекемесiне квота алуға өткiзiп, алдыңғы алған тәжiрибемнiң арқасында беретiнiн берiп шықтым.
– Ымды бiлмеген дымды бiлмейдi, – дейдi бiз жақта. Өзiң көп нәрсенi айтқызбай аңғаратын дұрыс жiгiт екенсiң, бiзге сендей жiгiттер керек деп қолымды құшырлана қысты. Жаңа ғана мен берген қалың конверттi төс қалтасына қуана сүңгiткен сары орынбасар. Жиi-жиi маған келiп тұр, айналайын.
– Ағасы, құжаттарды Астанаға тексеруге жiберетiнiң рас па? Ағамыз биiк қара креслода қара құсша отырып алып, қарқ-қарқ күлдi. Ымды бiлмегендерге құтылу үшiн айтылатын сөз ғой бұл. Менiң жүрегiм орнына түстi.
Өкiмет деген теңiз
Ебiн тауып жеңiз
Ебiн тауып жемеген
Барып тұрған өгiз , – деп табанда көңiлденiп, өлең шығарып жiбердiм. Кiм айтса да тура айтылған сөз, дәл айтылған сөз деп ақталды ағамыз.
Сөйтiп, «заманың түлкi болса, тазы болып шал» деген ұлағатты қағиданы басшылыққа алып, екi облыстан да жымын бiлдiрмей квота алдым. Ендiгi мақсат «ер кезегi үшке дейiн» демекшi, тақауда Батыс облыстарының бiрiне барып, тағы да бiр бағымды сынамақпын. Қоғам осындай аурудан айықпай тұрғанда, бiздер үлгерiп, қарпып жеп қалу керек. Менiң бүгiнгi алға қойған бар мақсатым – осы. Квотаға қолы жетпей жүрген жандар болса, маған дереу хабарлассын. Менiң аспандағы мекен-жайым – Қасат-1. Сәлеммен, Асарбай Қарпықбайұлы.
Мамырбек Барақбай.
Көксу ауданы,
Алматы облысы.





Уәж айту