Қазақстан премьер-лигасы
31-тур. 21-22 қараша

«Қайрат» – «Ақжайық» – 2:1 (Исламхан, 10-пенальтиден, Анене, 67 – Дудченко, 31-пенальтиден)
«Ертіс» – «Ақтөбе» – 1:1 (Фог-Поррье, 90+7-автогол – Шимкович, 90+3)
«Тараз» – «Шахтер» – 2:3 (Зайнутдинов, 17, 28 – Стоянович, 50-пенальтиден, 76, 78)
«Ордабасы» – «Астана» – 2:1 (Тұңғышбаев, 35, Диакате, 62 – Деспотович, 60)
«Қайсар» – «Атырау» – 4:1 (Байжанов, 54, Аржанов, 62, Курьор, 86, Ламанж, 90 – Максимович, 45+1)
«Тобыл» – «Оқжетпес» – 4:1 (Молдақараев, 1, Вух, 15, 32, 74 – Недашковский, 88)

Бұл өте қызықты тур болды. «Астана» өткен аптаның ортасында Еуропа лигасы аясында Израильдің «Маккаби» командасын 4:0 есебімен ойсырата жеңген соң, команданың бас жаттықтырушысы С.Стойлов Шымкенттегі кездесуге қосалқы құрам аттанатынын жариялаған-ды. Шын мәнінде Қажымұқан атындағы стадионға «Астананың» ізбасар ойыншылары шықты десек қателескен болар едік.

Негізгі құрамда үнемі ойнап жүрген П.Твумаси, Ж.Кабананга, Ю.Логвиненко, Д.Шомко секілді ойыншылардың хаттамаға мүлде тіркелмегені рас. Алайда олардың орнын басқан М.Аничич, С.Малый, А.Тағыберген, М.Томасовтарды қосалқы құрамдағылар деуге тіпті болмайды. Ойын алдында «Ордабасы» ойыншыларының бірнеше айдан бері жалақысыз жүргені, бұл матч олар үшін еш маңызды еместігі, шымкенттіктер өз тарихында тұңғыш рет қола жүлдеге ие болып қойғаны айтылып еді. Матч мұндай сөздердің бәрі әншейін әңгіме екенін дәлелдеді. Шымкенттіктер бірінші минуттан соңғы секундқа дейін жеңіске жұмылды. Осы сәтсіздіктен кейін «Астана» чемпиондық атақты кемі тағы екі турға шегере тұруға мәжбүр болды. 25 қазанда елордалықтар өз алаңында аутсайдер «Оқжетпесті» қабылдайды. Бұл кездесуде 3 ұпай иеленсе де, «Астана» чемпиондыққа қол жеткізбейді. 32-турда маусымның басты кездесуі өтуі мүмкін. «Астана Аренаға» қонаққа «Қайрат» келеді. Дегенмен алматылықтардан жеңілсе де, «Астананың» соңғы турда чемпион табағын жоғары көтеруіне мүмкіндік зор. Бұл күні «Ақжайық» Астанаға қонаққа келеді. Демек, чемпионаттың тартысы соңғы турға дейін созылатын секілді.
31-турда биылғы және бұған дейінгі чемпионаттардың бірнеше рекорды тарих жылнамасына жазылды:
а) «Тобыл» – «Оқжетпес» кездесуінде Қазақстан чемпионаттарындағы ең жылдам гол соғылды. «Тобыл» шабуылшысы Жасұлан Молдақараев ойынның 10-секундында есеп ашты. Бұған дейінгі рекордқа қос футболшы ие еді. Биылғы 9-турдағы «Оқжетпес» – «Ақтөбе» кездесуінің 18-секундында көкшетаулықтардың шабуылшысы Сергей Шафф есеп ашып, 2015 жылғы А.Гейнрихтің (25 сәуір. «Тобыл» – «Ордабасы» – 1:3, 18 секунд) рекордын қайталаған болатын. Молдақараев осы рекордты бірден 8 секундқа ілгерілетті.
ә) Биыл автоголдар рекорды тур сайын жаңарып жатыр. Ж.Фог-Поррьенікі («Ақтөбе») – осы маусымдағы 15-автогол. Бұған дейін футболшылардың өз қақпасына ең көп гол соғып алған маусымы 2014 жыл еді (10 автогол). Биылғы маусым шегіне жетпей-ақ бұл көрсеткіш 1,5 есе жаңарып үлгерді.
б) Бұл турда екі ойыншы (Стоянович пен Вух) «хет-трик» жасады. Оған дейін бүкіл чемпионат бойы үш қана «хет-трик» тіркелген еді (А.Щеткин, Ж.Гоу, Ж.Кабананга). Ең қызығы, екі «хет-трик» осыған дейін «Шахтер» қақпасына енген болса, бұл жолы «Шахтер» ойыншысы (Стоянович) бір матчта үш гол соғып отыр. Ал Е.Вух биылғы «хет-трикшілер» арасында «Тобыл» ойыншыларының мойнын оздыртты. Маусымдағы ең алғашқы «хет-трикті» қостанайлықтар шабуылшысы А.Щеткин 1-турда «Атырау» қақпасына соққан еді.
в) «Қайсар» командасы «Атыраудан» бірінші доп жіберіп алып, екінші таймда қарымтасыз 4 гол соқты. Сөйтіп, жігерлі жеңіс көрсеткіші бойынша «Астананы» қуып жетті. «Астана» 30-турда «Ертісті» жігермен жеңіп, маусымдағы төртінші жігерлі жеңісіне қол жеткізіп еді. «Қайсар» осы көрсеткішті қайталап қана қоймай, премьер-лигада қалу мәселесін де толық шешкендей болды. Ал «Шахтер» үшінші жігерлі жеңісін тіркеді. Кеншілер Таразда 0:2 есебімен ұтылып жатып, екінші таймда Стояновичтің «хет-тригі» арқасында жердің астын үстіне келтірді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз