Торғайды ешкім қорғамайтын болды дегенде біз билікті айтып отырмыз. Әйтпесе жұрт пікірі өзгерген жоқ – «Тарт қолыңды, Торғайдан!» деп желпініп-ақ отыр. Бірақ желіде желпіну бар да, аяғыңмен барып, қолыңмен қорғау бар. Қазанның 11-күні бір топ азамат қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне барып, Тор­ғай даласынан зымыран қалдықтарын құлатуға Ресейге жалға жер беруге қарсылық хат тапсырыпты. Міне, бұл нақты әрекет.

Ал азаматтардың хаты бағытталған қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов болса совет заманынан бері биліктің «көзі, құлағы һәм тілі» «Егемен Қазақстанға» «Зымыранды құлату ауданына қатысты алаңдауға негіз жоқ» деп сұхбат беріпті. Онда министр Торғайдағы зымыран қалдықтары құлайтын аудан OnWeb халықаралық жобасын іске асыру үшін қажет екенін айтыпты. Газеттің өткен санындағы «Қасиетті Торғайды Ресейден кім қорғайды?» атты материалды дайындау барысында министр айтқан халықаралық жоба туралы біз де оқыдық. OnWeb дегеніңіз – британдық жоба. Көптеген ірі халықаралық компаниялар қызығушылық танытып отырғаны да жасырын емес. Ресей осы жобаның қатысушысы. Жоба туралы ашық дереккөздерде айтылғандай, жобаны іске асыру үшін 21 рет зымыран ұшырылады. Оның кемінде 15-і «Байқоңыр» мен Ресейдің өзге де ғарыш айлақтарынан ұшырылмақ екен. Зымырандардың ұшу кестесіне қарағанда, 2018 жылы төрт рет, 2019 жылы төрт рет, жиыны екі жылда сегіз рет зымыран ұшырылады. Қарап тұрсақ, бұл халықаралық ғарыш жобасына Қазақстанның ешқандай қатысы жоқ. Жобаға Қазақстан қатысушы ел есепті көрсетілмеген. Сонда министр Атамқұлов кімге, нені түсіндіріп жүр?

«Байқоңырды» Ресей 2050 жылға дейін жалға алған. Жалға берген соң, билігің жүрмейді. Демек, «Байқоңырдан» зымыран ұшыру және оның қалдықтарының құлау ауданы дейтін мәселелерге «Роскосмос» жауап береді. Торғайға араша түсіп отырған қазақ қоғамының алаңдаушылығына, наразылығына Атамқұлов емес, Ресей өкіметі мен «Роскосмос» түсініктеме беруі тиіс. Себеп қарапайым: жер Қазақстандыкі болғанымен, оны жалға алушы, зымыран ұшырушы, халықаралық жобаға қатысушы ел – Ресей.

Біздің пайымымызша, Бейбіт Атамқұловты әрі-бері безектетіп, елге «зымыран қалдықтарының құлауы қауіпсіз» деген ертегі айтқызып отырған Ресей мен Қазақстан арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алу келісімшартпен және соған қатысты ілеспе келісімдердегі ел білмейтін гәп. Әйтпесе Ресейдің жұмысы үшін Қазақстан үкіметінің ақ тер, көк тер болып жүгіретін жөні жоқ, қисынға да келмейді. Қисынға келмесе де, Ресейдің ғарыш саласындағы халықаралық жобадағы ісі өрге бассын деп зыр жүгіріп жүрген біздің үкімет Торғайды бұ дүниеде Ресейден қорғамайды, қанша ауыр болса да, бүгінгі күннің шындығы – осы.

Таңатар ТАҒАН