1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Қытайда үйқамақта отырған қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының аты-жөнi мемлекеттiк сыйлыққа үмiткерлер қатарынан неге алынып тасталды?
«Қылмыс» романы әлi бiтпегендiктен
Қажығұмар Қазақстан азаматы болмағандықтан
Кейбiреулерге күндестiк маза бермегендiктен
Жазушы президент Н.Назарбаевты мақтамағандықтан
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №19 (15477) 10 наурыз, сәрсенбі 2010
"Жас Алаштың" әлеуметтік беті. Дайындайтын Дилара ИСА
10 наурыз 2010
«7 баламмен Астанада қаңғып жүрмiн»

Шолпан Калингараева 7 баласымен Астана қаласындағы “Ударник” бақ өсiру қоғамы саяжайында қуыстай екi бөлмелi үйдi паналап, өлместiң күнiн кешiп жүр. Балапандары да әлi жап-жас. Тұңғыш қызы – 20, кенжесi – 4 жасқа толды. “Жаз мезгiлiнде екi ай ашық аспан астында жаттық. Қатты аязда пәтерсiз қалдық. 1 жыл толды, үкiмет жәрдемақы да бермей қойды. Жұмыссызбын. Балаларымның киерге киiмi, дастарханға қояр асым жоқ. Мемлекет көпбалалы әрi жалғызбасты ана деп, 7 жетiмiн жебеп, күнкөрiсi төмен отбасы екенiмiздi ескерiп баспана мәселесiн шешуге көмектессiншi”, – дейдi Шолпан апай.

Қазақстанда баспанасыз жүр­гендердiң саны қанша? Осы сауалдың жауабын табу үшiн мемлекет­тiк мекеме­лердiң веб-сайттарын ақтардық. “Тiкелей желiде – ҚР-ның прези­дентi” деген сайт жарнамасына көзiмiз түстi. “Мүмкiн баспана мәсе­лесi сөз болған шығар” деген дәмемен кiрдiк онда. “Халықты әлеуметтiк қорғау” атты бө­лiмiне 6475 сұрақ түсiптi. Аштық. Шолпан апайдың президент Н.Назарбаевқа жазған ашық хатын дәл осы жерден таптық.
“Әр есiктi ашып шаршадым, – деп бастапты сөзiн Шолпан Қыр­ғызбайқызы. – Шу қаласынан 7 баламмен бiрге Астанаға үлкен үмiтпен көшiп келдiм. 2007 жылы қалалық тұрғын үй департаментiне пәтер алу үшiн 4987 номермен тiр­келдiк. Бiр жылдан кейiн барсам, 4931-ге жылжыппын.
Басымда баспанам жоқ. Үш жылдан берi әркiмнiң саяжайын жал­ға алып, тұрып келдiм. Балаң көп деп үй иелерi қуып шығады. Мамыр, маусым айларында ашық аспан астында күнелттiк те. Қыста пәтер жалдадық. Ал сәуiр айында балаң көп деп тағы қуды. Содан жаз мезгiлiнде тағы 7 рет көштiм. Саяжайдан саяжайға. Қазiр орыс шалдың саяжайын паналап тұрмыз. Қай күнi қуып шығады бiлмеймiн. Оның үстiне саяжай айдалада тұр. Жарық, су жоқ. Әйтеуiр, балаларды мектеп­тiң автобусы алып кетедi. Бiрақ, жаз шықса бала-шағаммен улап-шулап көш­пеуiмiзге кепiл және жоқ.
7 балама үкiмет тарапынан еш көмек жоқ. 2009 жылдың 4 тоқсанында айлық табысым жайлы анықтама алдым. Табысым 11 мың теңгеден артық болғандықтан, 18 жас­қа дейiнгi балаларға берiлетiн жәрдемақыны төлемей қойды. Қайда шағымдансам да, тыңдар құлақ таппадым...
Нұрсұлтан Әбiшұлы! Ауылдан Астанаға Сiз, одан қалса әдiлдiк, заң бар деп келiп едiм. Бiрақ, дәл осы үкiлi үмiтiм сағымға айналып барады. Әйтсе де соңғы үмiтiм Сiзде. 7 бiрдей жетiмдi қамқорлығыңызға алып, пәтер алуға көмек­тесiңiзшi”. Дәл осы сұраққа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Г.Әбдiхалық­ова былай деп жауап берiптi: “Тұрғын үй қатынасы туралы” ҚР Заңының 118-бап, 4-тармақшасына сәйкес осы заң күшiне енгiзiлгенге дейiн есепте тұрғандар қатарынан тұрғын үйге мұқтаждарға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан бiрiншi кезекте тұрғын үйдi Кеңес Одағының Батырларына, Социа­листiк еңбек Ерлерiне, “Алтын алқа” белгiсiмен марапатталған және бұрын “Ардақты ана” атағы берiлген аналарға, I және II топтағы мүгедектерге беру көзделген. Сонымен қатар, қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұр­ғын үйге мұқ­таж азаматтарға өтiнiштi барлық қажеттi құжаттармен тапсыр­ған кезiнен бастап тiзiмдер белгi­ленген кезектiлiк тәртiбiнде мем­лекеттiк тұрғын үй қорынан үй ұсынылады. Қолданыстағы заңнамаға сәй­кес тұрғын үй бөлу мәселесi жергiлiктi атқарушы органдардың құзырына кiредi. Осыған орай, бұл мәселемен Сiзге тұрғылықты жерiңiздегi Әкiм­дiкке жолығуыңыз­ға болады. Бүгiнгi күнi қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзiмен бiрге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларына ай сайын 3,9 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жәрдемақы төленiп отыр”.
Десе де, 7 жетiм мен амалсыз алақан жайған көпбалалы ананың бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi қандай? “Тiкелей желi” тұрмыстарына қандай өзгерiс әкелдi? Әкiмдiкке жолықты ма? Жолықса қандай нәтиже болды? Анық-қанығын бiлмек болып, телефон шалдық.
– Жағдайымыз мүшкiл. Дәл қазiр тұңғышым – ауру. Дәрiгер­лер “операция жасау керек” деген-дi, жасатпайтын болдық. Үйде емделiп жатыр, – деп сөз бастады Шолпан апай. – Еуразиялық ұлттық университетi, №4 студенттер үйiнде жұмыс iстейтiн едiм. Қуылдым. Олар да “көпбалалы анасың” деп жұмыстан босатты. Қазiр үйдемiн, құрақ құрап шай пұлымды тауып отырмын.
Апайдың 4 баласы Астана қаласындағы №63 мектепте оқиды. Үлкен қызы – студент. Екi кiшкен­тайы үйде. Бiрi – 5, екiншiсi – 4 жас­та. “Қазақстанда тудым, өстiм, бүгiнге дейiн бiр қарыс жерiм жоқ. Мұң-зарымды кiмге айтамын, кiмнен көмек сұраймын? Бiлмеймiн. Шаршадым. Балаларға әбден өтiрiкшi болдым. “Ертең, ертең, ертең, шыдаңдаршы” деймiн. Қолымнан бұдан бөлек ештеңе келер емес. Кеше мектепте оқитын бiр балам “мама, физкультура киiмi керек” дедi. Балам-ау, дей бергенiмде, “ескiрiп қалды ғой, мама” дедi. Кiрерге тесiк таппадым сонда. Тiптi, өткенде мектептегi мұғалiмдер хат жазыпты. “Балаңыздың басы биттеп кетiптi. Тазалаңыз” деп. Биттемегенде ше? Су жоқ мұнда. Iшуге, бетi қолымызды жуып-шаюға үш шақырым жерден әрең тасимыз суды. Әйтеуiр, қазiр қар бар. Шана әжетiмiзге жарап тұр. Күн жылып, жол балшық болған кезде не iстеймiз? Ал жарықты әкiмшiлiкпен таласып жүрiп тартқыздым. 30 мың теңгеге. Қазiрге 6 мың теңгесiн бердiм. 24 мың қарызбын. Төлемесем, ертең көшiп баратын саяжайға сым тартпайды, – дейдi мұңын шағып. Сонда Шолпан апай тағы қайда көшпекшi? 
– Сенсеңiз,1 жылдың iшiнде 8 пәтер алмастырдым. Пәтер дегенде саяжай. Ол ол ма, 4 желтоқсан күнi қатты суықта үйдiң иесi қуып шықты. Негiзi, пәтер ақы төлемей­мiн. Өйткенi, бұзылып жатқан үйшiктi тауып, бала-шағаммен бiрге жөндеймiз. Есiк-терезесiн салып, қымтаймыз. 2-3 ай тұрғаннан соң, иесi шығарып жiбередi. Пәтер жалдауға пұлым жоқ. Қазiргi тұрып жат­қан баспанамның иесi күн жылын­ған соң шығасың деп ескерттi. Тентiреп жүрiп және саяжай таптым. Иесiмен келiстiм. Қуықтай-қуықтай екi бөлме. Тапшан құрып, балаларымды бiрiнiң үстiне бiрiн жатқызсам да сонда барамын. Себебi, бас­қа амалым жоқ, – деген Шолпан апай “тiкелей желiде” президентке жазған өтiнiшiнiң нәтижесiн былай жеткiздi: “Әрине, 7 баланы бiреу үшiн туған жоқпын. Түсiнемiн. Әйтсе де соңғы үмiтпен Н.Назарбаевқа хат жаздым. Түк шықпады. “Үйдi кезекпен аласыз. Күтiңiз” деген бiр жапырақ қағаз алдым. Келiп тұрмысымды, күнкөрiсiмдi көзiмен көрсiншi. Дастарханға қояр асым жоқ. Саяжайда 30 градус суықта жағуға көмiр таппай екi күн отырдық. Екi шелек көмiр таба алмадым сонда. Ана үшiн бұдан асқан сұмдық бар ма? Балаларым суықтан ауру болды. Пневманиямен төртеуi бiрдей ауруханаға түстi. Әкiмшiлiкке де бардым. “Кезегiңдi күт” дейдi. Үш жыл болды. Алдымда әлi 4 мың адам бар. Жаным қысылып, алқымыма тығылды. Балалардың құқығын қорғау департаментiне дейiн бардым. 1 жылдан берi жәрдемақы төленбей жатыр деп. Түк шықпады”.
8 наурыз қыз-келiншек­тердiң мерекесi қарсаңында Астана қаласының әкiмшiлiгi Шолпан Калингараеваға көпбалалы ана ретiнде “Алтын алқа” берудi ұйғарыпты. Әрине, несiбесiн тауықша шұқып, 7 балапанын асырап отырған жалғызбасты анаға бұл да медеу. Әйтсе де баспана бас ауруы болып, тұйыққа тiрелген ана: “Алқасының да керегi жоқ. Алтынын алып қалсын. Баспана мәселесiн шешуге көмек­тессiншi. Тағдырдың тәлкегiмен тiрi жетiм атанған балаларымды аясыншы. Жамбыл облысы, Шу қаласынан 2007 жылдың, 12 шiлдесiнде келдiк. Мiне, әлi күнге 7 баламмен Астанада қаңғып жүрмiн ”, – дедi.
Сенбi күнi Шолпан апайдың тұрмысын көзбен көру үшiн шаңырағына бас сұқтық. «4 наурыз күнi «Алтын алқа» табыс еттi. Байқағаным, көпбалалы аналардың iшiнде ең жасы және жағдайы мүшкiлi мен екенмiн. Жұмыссызбын. Әрi сырқатпын. 1 ақпан күнi әкiмшiлiкке бардым. Үй кезегiм 4317-ге жылжыпты. Мұндайда 15 жылда да үй ал­уым екiталай ғой. Жалпы, мiнекей үкiметтен 2004 жылдан берi үй сұрап келем. Өткенде, ашумен бар құжаттарды жағып жiберейiн деп отырғам. «Жас Алаштан» хабарлас­ты. Кәдеме жарап қалар деген үмiтпен алып қойдым», – деп бар құжаттарды алға тартқан Шолпан апайдың 3 сыныпта оқитын егiздерiн де әңгiмеге тарттық. «Армандарың бар ма?» дедiк. Бiрi «өскенде әскерге барғым келедi» десе, екiншiсi: «Назарбаев ата үй берсе екен» дедi.
Егер Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Г.Әбдiхалықованың жауабына сенсек, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi бiрiншi кезекте берiлетiндердiң қатарында “Алтын алқа” белгiсiмен марапатталғандар да тұр. Ендеше, 7 бiрдей баласымен Астананы кезiп жүрген Шолпан апайдың ауыр тұрмысын Астана қаласының әкiмi И.Тасмағамбетов мырзаның қаперiне саламыз.
 
Жұлдыз ТӨЛЕУ
Дилара ИСА
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Қазақ қызы | 11 наурыз 2010 18:12
Жағдайыңыз мүшкіл екен, еш болмаса үкімет жатақхана берсе болар екен. Өзіңізге денсаулық тілеймін.
Не болмаса ауылда тұрсаңыздар баспанамен мұндай қиыншылық көрмейтін едің ғой. Ауылға көшкеніңіз дұрыс деп ойлаймын. Балаларға қиын, қаланың балаларымен бірге оқыған....
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті