10 наурыз 2010
18 жастан асқан мүгедек жандардың ата-анасы елеусiз қалды
Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықованың назарына!
Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап 18 жасқа дейiнгi мүгедек балалардың ата-аналарына ай сайын 15 мың теңге шамасында жәрдемақы төлеу туралы заңның күшiне енгенiн хабарлады. Дұрыс-ақ. Бiрақ, 18 жастан асқан кемтар балалардың ата-аналары елеусiз қалды. Неге? Жоқ әлде заң шығарушы шенеунiктер мүгедек бала 18 жастан асқаннан кейiн аурудан айығып кетедi деп ойлай ма? Ауруы асқынған, талып, құлап жатқан зiңгiттей ауру баланы көтерiп төсекке жатқызу, оны күтiп-бағу қарт ата-анаға оңай ма?
2008 жылдан берi министрлiктегiлер мүгедек балалардың ата-анасына “ауру баланы күтiп-баққаны үшiн жәрдемақы төлеймiз” деп жаһанға жар салды. 7-8 ай бұрын осы мәселе жөнiнде толық ақпарат алу үшiн аталған министрлiкке телефон шалдық. Заң күшiне енбей тұрғанда, заңнан тыс қалып кетпейiк, талап-тiлегiмiздi ескерсе екен, мәселемiзге мән берсе екен деп. Қайыр болмады.
Бiз 18 жасқа толмаған кемтар балалардың ата-анасынан 15 мың теңге жәрдемақысын қызғанып отырған жоқпыз. Өзiмiз де өмiр бойы ауру бала бағып отырмыз. Түсiнемiз. Құдай мұндайды ешбiр пендесiнiң басына бермесiн. Арамызда екi, тiптi үш мүгедек бала бағып отырғандар бар. Бiрi, дәрiгерлердiң қателiгiнен миына зақым келген, екiншiсi, экологияның кесiрiнен науқас болған, тағысын тағылар.
Бiр ғана Шелек ауылында бес мыңнан астам мүгедек жан бар. Оның 212-сi ғана мемлекеттiң “мейiрiне” iлiктi. Қалғаны керексiз заттай сыртта қалды. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болды. Ал бiздiң көрген күнiмiз мынау?
Айналайын, “Жас Алаш”! Мүгедек бала бағып отырған сормаңдай бақытсыз ата-аналардың өтiнiшiн тиiстi орындарға жеткiзесiздер деп сенемiз.
Алматы облысы, Еңекшiқазақ ауданы, Шелек ауылының бiр топ аналары




