10 наурыз 2010
«Қошмамбетпен» бiрге және 4 елдiмекендi толықтай коммуникациямен қамтамасыз етуге мүмкiндiк жоқ

Жазылған жайға жауап келдi
Алматы облысы, Қарасай ауданы әкiмiнiң орынбасары Едiл Қалиев “Жас Алаштың” арнаулы бетi “Тұрмыста” жазылған “Қошмамбет, сенi қайтейiн?!” атты мақалаға (№7, 26 қаңтар, 2010 жыл) ресми түрде мынадай жауап хат жiбердi: “Аудан әкiмдiгiнiң тапсырмасы бойынша, “Қошмамбет – 2” ауылы тұрғындарының шағымы, “Жаңа Шамалған” ауылдық аумақ әкiмдiгiнде қаралды. Аталған ауылдық аумақтың 7 елдiмекенiнде 1989 жылдан берi Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркiменстаннан көшiп келген оралмандар көптеп қоныстанған. Олардың бәрiн тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкiн болмағандықтан, 2005 жылдан берi тұрғын үй құрылысын жүргiзу үшiн жер телiмдерi бөлiнiп берiлген. Сол кезде әр ауылда тұрғындармен жиындар өткiзiлiп, ауызсу, электр жарығы, газ жүргiзуге мемлекет тарапынан қаржы қарастырылмайтыны ескертiлген. Сөйтiп 5 елдiмекен жанында жаңа тұрғын үй құрылыстары жүргiзiлген. Ондағы құрылыс үйлердiң саны 50-ден 200-ге дейiн. Бүгiнгi күнде аталған 5 елдiмекендi толықтай коммуникациямен қамтамасыз етуге мүмкiндiк жоқ. Алдағы 3 жылда 3 ауылға, атап айтқанда “Көлащыға” – 300, “Шамалған” бекетiнде – 600, “Қошмамбет” ауылында – 450 орындық жаңа мектеп салу жоспарлануда».
Негiзiнде, газетте жазылғандай “Қошмамбет – 2” ауылы жоқ. Жаңа құрылыс аумағын “Қошмамбет” ауылынан Алматы-Астана жолы ғана бөлiп тұр. Сонымен қатар онда 150 отбасы емес, 100 үй бар екен. Олардың 94-i орталық электр жүйесiмен қосылған. 2 үйдiң құрылысы бiтпегендiктен жарық қосылмаған. 4 отбасының жағдайы болмағандықтан қосыла алмай отыр.
Ауылдық аумақ әкiмдiгi жеке кәсiпкерлермен келiсiп, “Қошмамбет – 2” ауылының балаларын мектепке тасымалдау үшiн көлiк берген. Келiсiлген төлем тұрғындар тарапынан төленбегендiктен, 1 айдан соң тоқтатылған. Алайда, оқушыларды мектепке тасымалдау мәселесi ауылдық аумақ әкiмдiгiнде қаралып, аудандық бiлiм басқармасына қаражат қарастыру туралы 02.09.2009 жылы және 01.02.2010 жылы хат жолданды. “Жаңа Шамалған” бекетiнде құрылған коммуналдық шаруашылық пен жеке кәсiпкер Қ.Құрбанбаев бiрiгiп жаңа құрылыстың орталық көшесiне 45 машина тас төсеген. Ауыл тұрғындары 35 артезиан құдығын қаздырып алған. Әрбiр 3 отбасына 1 артезиан құдығынан келедi. Мақаладағы “ауылда мүлдем су жоқ, арықтан су iшiп отырмыз” деген сөз орынсыз. “Қошмамбет – 2-ге” ауызсу жүргiзу мәселесiне 2009 жылы облыс, ауданнан 60 миллион теңге сұралғанымен 2010 жылға қаржы бөлiнбеген.
Мақалада жазылғандай жергiлiктi әкiмдiк шарасыз қарап отырған жоқ. Жаңақұрылыс мәселелерi күнделiктi назарда тұр. 2009 жылдың 15 тамызында аудан әкiмi атына “Алматы облысындағы ауылдық округтардың 2010 және алдағы 5 жылда даму жобасы” жоспарына “Жаңа Шамалған” ауылдық округi бойынша бiрнеше нысандар кiргiзiлген. Оның iшiнде “Қошмамбет” ауылына ауызсу, электр жүйесi, мектеп салу, ФАП-ты жөндеу, жол жасау жұмысы қарастырылған”.




