17 қараша 2009
«Жас Алашта» жаңалық

Құрметтi оқырман қауым!
Әлеуметтiк тақырыптарға арналған «Тұрмыс» атты арнайы беттiң беташарын жасап жатқан жайымыз бар. Мақсат – қоғамдық маңызы атан түйеге жүк боларлық өткiр мәселелердi тағы бiр қырынан қозғау. Елдiң тыныс-тiршiлiгiн көрсетiп, мұң-мұқтажын айтып, қуанышын жеткiзу.Дәл қазiр қоғамда халықтың топ-топқа бөлiнiп кеткенi байқалады. Бай-кедей, қала-ауыл, оңтүстiк-солтүстiк, жетiм-жесiр, сатушы-тұтынушы, тағысын тағылар. Әрбiрiнiң тұрмысы әртүрлi. Тiптi жандүниесi, ой-өресi де бөлекше. Бұл да оқырманды бейжай қалдырмайтын өзгерiс.
Сондай-ақ, тұрмысын түзеп, күнкөрiсiн жақсартуда әркiм әртүрлi жол таңдады. Бiреу адал еңбегiмен, тапқырлығымен қара қазанын қайнатуда. Бала-шағасын бағып-қағуда. Барына береке тiлеп, ақ дастарханнан ас iшуде. Ағайын-туысына, ел-жұртына шапағатын тигiзуде. Екiншiсi, керiсiнше, түлкi қулыққа салып, мал-дәулет жинауда. Асып-тасуда. Алайда... Ал үшiншiсi жалқаулыққа салынды. Әркiмге бiр масыл болып, арамтамақ атанды. Төртiншiсi... Бесiншiсi... Жалғастыра берсек, мысал көп.
Тағы бiр айта кететiн жайт, тұрмыстың жақсы-жаман, түзу-қисық болуы ел мен билiктiң бiте қайнауына байланысты. Егер басшы мен қосшы май мен судай болса тiршiлiгiнен мән кететiнi анық. Керiсiнше, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарса, тұрмысына сән кiретiнi сөзсiз.
Қазақ ұшырасқанда: «Тұрмысың қалай? Мал-жаның аман ба?» – дейдi. Бiз де сiздерге осындай сауал жолдаймыз. Хал-ахуалыңызбен танысып, ой-пiкiр бөлiсуге әзiрмiз.
Данышпандардан «Сананы тұрмыс билейдi» деген сөз қалған. Тұрмысыңызға қарап санаңызды сарсылтқан жайға барлау жасайық. Ал сана арқылы тұрмысты түзеуге болатыны және анық. Бiрiмен-бiрi сабақтас дүниенiң сырын ұғайық.
Сөз жоқ, газет оқырманымен құнды. Хат-хабар жазып, қоржынымызға салыңыз. Мiндеттi түрде оқимыз. Отандастарыңызға ой-пiкiрiңiздi, ақыл-кеңесiңiздi ашық айтыңыз. Жариялауға әзiрмiз. Бiзбен байланыста болыңыз.
Беттi дайындаған –
Дилара Иса
Тел: 8727 278 71 17,
E-mail: dilara-isa@mail.ru





Уәж айту