1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Қытайда үйқамақта отырған қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының аты-жөнi мемлекеттiк сыйлыққа үмiткерлер қатарынан неге алынып тасталды?
«Қылмыс» романы әлi бiтпегендiктен
Қажығұмар Қазақстан азаматы болмағандықтан
Кейбiреулерге күндестiк маза бермегендiктен
Жазушы президент Н.Назарбаевты мақтамағандықтан
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №92 (15446) 17 қараша, сейсенбі 2009
"Жас Алаштың" әлеуметтік беті. Дайындайтын Дилара ИСА
17 қараша 2009
Ескiрген баспананың ескi жыры

СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРIНIҢ ҮМIТI ҚАШАН АҚТАЛАДЫ?

Жақында «Жас Алаш» газетiнiң аймақтағы тiлшiсiн iздеп таяққа сүйенген қарт әже келдi. Өз бетiмен жүре алмайтын болған соң, оны сүйемелдеп қызы жүр екен қасында. Кеудесi толған орден-медальға қарап қарт әженiң алдында басымды идiм. Өйткенi, ол онсыз да санаулы қалған Ұлы Отан соғысы ардагер­лерiнiң бiрi едi. Ол өзiн «мерген Мафтуха Рыспаева» деп таныстырды ресми түрде.
 
ӘЖЕМIЗ МЕРГЕН ЕДI...
Мафтуха әжей Ұлы Отан соғысы басталғанда 18 жаста ғана екен. Ол 1942 жылы Мергендiк даярлықтың нұсқаушыларын әзiрлейтiн орталық мектептiң әйелдер курсын тәмамдап, Жапон шекарасындағы авиация генерал-полковнигi Соколовтың гарнизоны құрамындағы 65296- әскери бөлiмде жойғыштар ұшағының мергенi болыпты. Харбин қаласындағы ұрысқа қатысқан.
Құралайды көзге атқан қарапайым қазақ қызы әуеге 30-дан астам мәрте көтерiлiп, жаудың сандаған ұшағын жер құштыр­ған. Әр көтерiлуi, бәлкiм, соңғы рет те болар. Бiрақ, ол жайлы Мафтуха ойлаған емес. Өйткенi, туған елдiң болашағы мен ұрпақтың бейбiт өмiрi бәрiнен де биiк болды дейдi. Ұлы жеңiстi Қиыр Шығыста қарсы алыпты. Жапон басқыншыларын талқандаудағы ерен жауынгерлiк ерлiгi үшiн Құрмет белгiсi орденiн, II дәре­желi Ұлы Отан соғысы орденiн, Ерен еңбегi үшiн орденiн, тағы басқа бiрнеше орден-медальдарды төсiне тағып, И.Сталиннiң қолы қойылған 1945 жылдың 23 тамызындағы №372 бұйрықпен бекiтiлген алғыс хатпен марапатталған. Соғыстан кейiн туған елiне Атырау облысының Махамбет ауылына оралады. Бүгiнде өмiрде жоқ жары Халық Абуталинмен көңiл қосып, шаңырақ көтерген. Содан соң бiрiнен соң бiрi 10 бала дүниеге келiптi. Халық аға да Ұлы отан соғысының ардагерi екен. Соғыста дивизия командирi болған ол 1941-42 жылы ауыр жараланып, елге оралады. Бiрi I топтағы, екiншiсi II топтағы мүгедек ерлi-зайыптылар жарымжан денсаулықтарына қарамай өз күштерiмен баспаналарын көтередi. Ел экономикасының соғыстан кейiнгi оңа­луы жолында да аянбапты. Бел шешпей еңбек еттiк дейдi.
 
БЕЙБIТ КҮНДЕГI БАЯНСЫЗ ЖЕҢIС
Әжейдiң әлi қайта қоймаған жiгерiне таңғалдым. Бүгiнде бiр кездерi қазiргi бейбiт күн үшiн жанын шүберекке түйген қаршадай мерген қыз жұдырықтай кемпiрге айналған.
– Алғаш «Жеңiс!» деген ең тәттi, ең ұзақ күткен ғажап сөздi ес­тiгенде көз алдыма ертегiдей жұ­мақ өмiр елестеген едi, – дейдi Мафтуха әжей. Сөйтсе, көрерi алда екен.
Бiздерге тек тарихтан ғана бел­гiлi, сарғайған кiтаптардан ғана елесi қалған сұрапыл кезеңде     Ма­ф­­туға мiнген соғыс ұшағы көк­ке, айыр қанаты күнге шағылысып жарқ етiп шыққанда қарсы келген жауынан қаймықпаған едi. Бұл – менiң ойым. Сол жаудан қайтпаған қарт жауынгер әженiң арыстан көңiлi бүгiнде Махамбет ауданы әкiмiнен қайтып отыр.
Оның тұрғызылғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған қазiргi үйi күрделi жөндеудi қажет еткендiктен, Мафтуха әжей 2001 жылдан бастап облыстың талай ауысқан түрлi әкiмқараларына бетiн салып үй сұрапты. Өйткенi шалы марқұм болып, балалары жан-жаққа тарағалы үйдiң де берекесi кеткен. Оны күрделi жөндеуден өткiзу үшiн қыруар қаражат керек. Билiк басындағылардан нақты жауап болмаған соң, ендi осы үйден сүйегiм шығар-ау деп отырғанда 2009 жылғы маусымда Атырау облыс әкiмi Б.Рысқалиев бiр үмiттiң отын жылт еткiздi. Ардагердi өзi қабылдаған ол: «Апа, сiздi осы жылдың қыркүйегiнде жаңа үйге кiргiземiз. Егер бермесе, маған келiңiз», – деп уәде берiптi. Мұны сол бiр Ұлы Жеңiстен кейiнгi тағы бiр жеңiсi ретiнде қабылдаған едi Мафтуха әжей. Шынында да, көп ұзатпай, қыркүйектiң 30-ында қарттар күнi мерекесiнде «Ұлы Отан соғысының 65 жылдығы қарасаңында ардагерлерге көрсеткен құрметiмiз» деп Махамбет ауданы әкiмi Рысқали Сисатов үйдiң кiлтiн табыс етiптi.
 
«ҮЙ СIЗДIКI, ЖЕРI БIЗДIКI, КЕРЕК БОЛСА САТЫП АЛ»
Қуанышында шек болмаған қария көңiлi берiлген үйдi көргенде су сепкендей басылған.
– Ескi еденнiң үстiн төсенiшпен бүркеп, ырсиған қабырғаларын айғыздай әктелген бөлмелерге қарап көзiме жас үйiрiлдi. Бұл үйге 30-40 жыл болған тәрiздi. Ол аздай, аудан әкiмi Р.Сисатов: «Мiне, үй алдыңыз, ендi сiздiң ескi үйiңiздi бұзамыз. Себебi, мына үй сiздiкi болғанмен, жерi бiздiкi. Сондықтан ескi үйдiң жерiмен ауысасыз», – демесi бар ма? Сонда бiр ескi үйдi екiншi бiр ескi үйге ауыстырғанда не ұтпақпын? Әлде менi миы соғыста шатасқан, көзi дұрыс көрмейдi, бiлмейдi деп отыр ма екен? Жоқ болмаса бұл кемпiр ендi қанша жасар, осы да жарамай ма дегендерi ме деп ойладым, – дейдi Мафтуға әжей.
Өз үйi жанына ыстық. Онда жарының, өзiнiң маңдай терiнiң табы қалған. Балалары дүниеге келген ұя. «Оны қалай бұздыртпақпын? Одан да бас тартайын деген екен, оған жергiлiктi әкiмшiлiктегiлер «бас тарттыңыз, ендi сiзге үй жоқ» деп шорт кесiптi.
– Ұлы Отан соғысы ардагерi ретiнде үй сұрасам, «басқа үй қымбат, бере алмаймыз» дейдi. Жөндеу жүргiзiп берiңдер десем, «бiзде оған қаражат қарастырылмаған» дейдi. Сонда менiң соғыстағы кеудемдi оққа төсеген еңбегiмнiң еш елеуi болмағаны ма? – деп қамығады Мафтуха әжей Рыспаева.
Санасында «жерiңдi аламыз» деген сөз қалып қойған ардагер әжей өзiн бағып отырған қызы үйде жоқта әкiмшiлiктегiлер тартып ала ма деп үйiн iшiнен кiлттеп жүрiп абайсызда құлап та қалған екен. Мұрны қанап, бетiн жаралап, бiр өлiмнен аман қалыпты.
«Соғыста келмеген ажалдың жеткен жерi осы болған екен» деп ойлаған едiм», – дейдi Мафтуха әжей. Әбүйiр болғанда медбике қызының арқасында қатарға қосыла бастағандай. 
 
АУЫЛ ӘКIМIНIҢ ЖАУАБЫ
Мафтуха әжей қазiр 86-да. Арманы – Ұлы Жеңiстiң 65 жылдығын жаңа қоныста қарсы алу. «Оған жетемiн бе, жоқ па, бiр жаратқан бiледi», – дейдi.
Бiз оның жайын бiлетiн адам Махамбет ауданының әкiмi Рыс­қали Сисатов болар деп телефон шалған едiк. Алайда, үй сұраған ар­дагер кемпiрден де маңызды шаруасы көп әкiмнiң бiзбен сөйлесуге не уақыты болмады, не құлқы болмады. Бiрақ оның орынбасары Серiк Арыстанов бұл мәселемен айналысқан Махамбет ауылы әкiмi Асхат Қабдешов деген сiлтеме айтты. Ауыл әкiмi Асхат Қабдешов болса:
– Мен ардагер әженiң айтқанымен келiспеймiн. Берiлген үй жақсы жағдайда. Ал ол кiсiнiң жерiн аламыз деген әңгiме айтылған жоқ, – деп азарда-безер болды. Ардагерлерге арналған үй бөлiнiп кеттi. Ендi ондай жағдай қашан жасалатынын бiлмеймiн. Сондықтан әжей үйсiз қалатыны рас.
Ауыл әкiмiмен әңгiме «мен не деймiн, домбырам не дейдi» дегендей болды.
Жалпы белгiлi болғандай, биыл­ғы жылы Атыраудағы Махамбет ауданында барлық саны 4 ардагерге бюджет қаржысы есебiнен үй берiлген екен. Бiрақ олардың бәрiне бiрдей «үй сендердiкi, жерi бiздiкi» деген талап қойылмапты. 
Сонда әжейдiң ескi үйiнiң жерi несiмен қымбат дейсiз ғой. Сөйт­сек, әжейдiң үйi Жайықтың жағасында орналасқан екен. Шамасы соған бiр мықтының көзi түссе керек деседi бiлетiндер. 
Ал соғыстан жеңiспен оралған Мафтуха Рыспаеваның жайлы баспана сұрауы да заңды. Әрi ол баспана Мафтуха әжейге Ұлы Отан соғысының ардагерi ретiнде берiлуi де тиiс. 
 
Сәния ТОЙКЕН,
Атырау облысы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті