17 қараша 2009
Адам өмiрiн неге қияды?

«Өмiрдiң еш мағынасы қалмады. Пәниде маған орын жоқ. Қош бол, жарық дүние. Қош болыңдар, бәрiң де. Қош...».
Бұл Алла берген ғұмырын өз қолымен қиған пенденiң соңғы сөзi. Бүкiләлемдiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметiнше, дүние жүзiнде әр жиырма секунд сайын бiр адам осылайша өмiрмен қоштасады. Жылына әлемде он миллион адам өзiне-өзi қол жұмсауға барады. Ал Қазақстан суицид (өзiне-өзi қол жұмсау) көрсеткiшi бойынша әлемде үшiншi орынға шықты.
Сонда қазақстандықтарды мұндай қадамға баруға не итермелейдi? Қиын тұрмыс па? Әлде психологиялық әлсiздiк пе? Мүмкiн, әлемдi дендеген қаржылық дағдарыстың салдары шығар? Жыл сайын бес мыңға жуық қазақстандықтың өмiрiн жалмайтын бұл құбылысқа басты себеп не? Ендi осы сауалдар төңiрегiнде ой қаузап, жауап iздеп көрелiк.
Суицид – үлкен дерт. Мұнымен адамзат ғасырлар бойы күресiп келедi. Бiрақ, емiн таба алмауда. Роза апай (тегiн айтудан бас тартты – И.И.) да тағдырына налып, тiршiлiктен түңiлiп, өмiрiн қиюға әрекет жасаған жан. Әбүйiр болғанда аман қалған.
– Өзiм сүйетiн адамға тұрмысқа шықтым. Бақытты едiк. Бес жыл бiрге тұрдық. Қыз сүйдiк. Осылайша өмiр өз ағымымен өтiп жатты. Бiр күнi күйеуiм: «Басқа әйелдi сүйемiн», – дедi де, кетiп қалды. Төбемнен жай түскендей болды. Ажырастық. Бұл үлкен соққы болды. Бәрiн ұмыту үшiн iшкiлiкке салындым. Соңында маскүнемге айналдым. Ол ол ма, күйеуiм аналық құқығымнан да айырды. Қызымды алып кеттi. Өмiрiмнiң жалғыз сәулесiнен де ажырадым. Қара түнекте қалғандай сезiндiм. Тұншықтым. Жабырқаулы жаныма ащы су да көмектесе алмады. Өмiрде жалғыз қалдым. Ешкiмге керексiз болдым. «Өлiм қайғыма нүкте қояды» деп ойладым. Шамадан тыс дәрi iштiм. Бақытыма көршiлерiм дер кезiнде көмекке келдi. Ауруханаға жеткiздi. Әрине, өзiне-өзi қол жұмсау – үлкен қателiк. Қазiр маскүнемдiктен арылу үшiн емделiп жүрмiн. Аяғымнан тiк тұрып, құлыншағымды бауырыма бассам екен, – дейдi Роза апай.
Бүкiләлемдiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметiнше, 2020 жылы өзiн-өзi өлтiру көрсеткiшi бiр жарым миллион адамға артпақ. Қазақстанда жыл сайын бес мың адам өзiне қол жұмсап бақилық болады. Мамандардың айтуынша, мұндай әрекетке жүйкесi тозған адамдар жиi барады. Сонымен бiрге он екi мүшесi сау жандар да суицидке баратыны ғылымда дәлелденген. Жалпы, адам өмiрiн неге қияды? Мұны үш топқа бөлiп қарастыруға болады. Бiрiншiден, өлiм бар мәселенi шешедi деп ойлағандар. Екiншiден, бақытсыздығына кiнәлi деп санаған адамның назарын аудару үшiн. Үшiншiден, қорқыту үшiн. Десек те, жоғарыда аты аталған ұйым суицидке барудың сегiз жүз себебiн анықтаған. Ал елiмiзде ауыр әлеуметтiк тұрмыс, күштiк құрылымдар мен соттар әдiлетсiздiгiнiң салдарынан өзiне-өзi қол жұмсағандар көп. Мысалы, жаз мезгiлiнде әдiлетсiздiктiң құрбаны болған ұлын ақтамаса, прокуратураның ауласында өзiн өртеп жiбермекшi болған әкенi айтуға болады.
Инга ИМАНБАЙ





Уәж айту