1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №73 (15635) 13 қыркүйек, сейсенбі 2011
"Жас Алаштың" әлеуметтік беті.
13 қыркүйек 2011
Дүниежүзiлiк қазақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат МАМАШЕВ: Оралмандарды ұрғаным бар...

БҰЛ СӨЗДIҢ ЖАУАПКЕРШIЛIГI ПРЕЗИДЕНТТIҢ МОЙНЫНДА

Дәл қазiр қазақ көшi қаңтарылып қалды. Билiк басында көштiң тоқырауына мүдделi топтар бар екенi байқалады. “Көлiктi көш кiмнiң немесе кiмдердiң тақиясына тар келдi сонда?” дейсiз ғой. Басқасын қайдам, шетте жүрген қандастарымыздың тарихи Отанына жаппай қоныс аударуы, сөз жоқ, ұлттық саясатқа дем бередi. Қазақстанда қазақтың саны артып, моноұлтқа айналуына сеп болады. Ендеше қазақтың асығы алшасынан түсiп, Қазақстанда ұлттық саясаттың жүргiзiлуiне қарсы топ қазақ көшiнiң жолын кесiп, тұсау салуда.
Бұлай демегенде қайтемiз. Бүгiнде ел тiзгiнiн ұстап отырған кейбiр шен-шекпендiлер көшi-қон саясатына нем­құрайлы қараса, тарихи отанынан жырақта жүрген 5 миллион қазаққа қамқор болмаса, қазақ керуенiн Қазақстанға бұрып, сол арқылы мемлекетқұрушы ұлт қазақтың санын өсiрiп, елдегi қордаланып қалған қазақ мәселесiн жүйелi түрде шешуге негiзделген саясаттың құнын көк тиын құрлы көрмесе.
Асылы, көшi-қон саясатының тiгiсi әу баста тәуiр сөгiлген едi. Өкiнiшке қарай, соңғы жылдары көш тоқырауға ұшырады. Бұған басты себеп шетелдегi қазақ қоныстанған мемлекеттердiң кедергiсiнен емес, Қазақстандағы қазаққа жаны ашымайтын, ұлттық саясатқа басымдық беруге қарсы топтың кесiрiнен. Сорақысы сол, бүгiнде қазақ көшiн көлiктi етуге құлқы жоқ басшылар ашықтан-ашық ата қонысқа кереге керуге ниеттi ағайынның бетiн қайтаруды әдетке айналдырды.
 
МАМАШЕВ МЫРЗА, МҰНЫҢЫЗ НЕ?
Мәселен, жақында Дүниежүзi­лiк қазақтар қауымдастығында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде аталған ұйым төрағасының орынбасары Талғат Мамашев жаутаңкөз ағайынға бүй дедi: “Оралмандарды ұрғаным бар. Сыйласып жүрмiз бе, сыйласып адам сияқты жүрiңдер. Жөнi жоқ есiрiп, құтырмаңдар!”. Жиында шетелдегi қандастарымыздың, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлiгiнiң, Iшкi iстер министрлiгi көшi-қон комитетiнiң, Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң өкiлдерi қатысты. Бiрақ мемлекет­тiк қызметкерлер Дүниежүзiндегi қазақтың басын қосып, бiр шаңырақтың астына жинап, мемлекеттiң iргесiн нығайтуға мүдделi президент Н.Назарбаев төрағалық ететiн ұйымның бiрiншi орынбасарының қазақ көшiнiң одан әрi қаңтары­луы­на алып келетiн дәл осы сөзiне қарсы “Мамашев мырза, мұныңыз не?” деп айтуға жарамады. “Япырау, сонда қазақ билiгiнiң қандастарымызға деген дәл қазiргi шынайы көзқарасы осы болғаны ма?” деген ойға қалдық. Билiк пен халықты екiге бөлiп-жаруды қашан қоямыз сонда? Қазақтың мүддесiн ойласа президенттiң өзi тентегiн неге дер кезiнде “тәйт” деп тыймайды?! Обал-сауап деген бар емес пе? Қазақтың тағдарына жауапты азаматтардың мұндай еркелiгiн қалай түсiнемiз?
 
ҚАЗАҚ КӨШIНЕ КӨЛЕҢКЕ ТҮСТI. СЕБЕБI НЕДЕ?
Осындайда ойға оралады, неге соңғы уақытта Қазақстанда қордаланып қалған қазақ мәселесiн шешуге леп беретiн көшi-қон саясаты жетiмдiк көруде? Қазақ көшiне қатысты қүрмеуi мол күрделенген проблемалар жыртылып, айырылады. Заңдардың қарама-қайшылығы, ұйымдастырылу iсiнiң жүйе­сiздiгi, жең ұшынан жалғасқан жем­қорлық, қағазбастылық... Бастысы, қазақ билiгiнiң ниетсiз­дiгi. Бұл ниетсiздiктiң астарында қандай пиғыл бар екенi айтпаса да түсiнiктi. Әйтпесе, шетелдегi қандас­тарымызды жаппай көшiрiп алу әлемнiң алдыңғы қатарлы дамыған 50 елдiң қатарына кiруге дәмелi Қазақстан үшiн неге тұрады, тәйiрi?  
Бiрақ, өкiнiштiсi сол, қолдан көпе-көрнеу жасалған кедергiлер шетелдегi ағайынның көңiлiне қаяу салуда. Айталық, елден жырақта жүрсе де Қазақстанға оқуға ниеттi қандас талапкерлердiң күйi қараң.
Мәселен, өткен бейсенбi күнi шетелдегi қазақтың 13 қаракөзi “Жас Алаш” редакциясының есiгiн қақты. Олардың айтуынша, Қытайдан шекара асқандарына 3 ай тол­ған. Ниеттерi – жоғарғы оқу орындарында ашылған арнайы дайындық курсқа емтихан тапсыру. Сыннан сүрiнбей өтiп, елде қалу.
 
Қайсар ДҮЙСЕНХАН, талапкер: “Дайындық курста оқу үшiн бар құжатымызды жинап, тапсырдық. Әзiрге нақты қай күнi емтихан болатыны анық емес. Осы айда сынақ өтiп, кiм республиканың қай аймағында оқитыны белгiлене­дi. Бiз Қытайда 3 айға виза аштырдық. Уақыты аяқталуда. Көшi-қон полициясының мамандарынан ақыл-кеңес сұрасақ, тiркеу мерзi­мiн ұзартпаймыз, тек елден шығу ви­засын беремiз дейдi. Ал тiркеудiң уақытын ұзартпасақ, емтиханға кi­руге рұқсат берiлмейдi. Мұндайда бiз қандай амал жасауымыз керек?”
Шаттық ЖАРАСБЕК, талапкер: “Қазақстанға туысшылап келдiк. Бiрiмiз баспанасы бар ағайынды паналасақ, ендi бiрiмiз пәтерден-пәтерге көшiп, қалт-құлт жүр­ген ауылдастарымызбен бiргемiз. Жасырғанда не ұтамыз, үй иелерi­нiң қас-қабағына қарап жүрмiз. Қуанса – қуанамыз, күлсе – күлемiз, қабағын шытса – мұңаямыз. Қу тiршiлiк, өлместiң күнi ғой, әйтеуiр. Ешкiмге масыл болмай жеке пәтер жалдайық десек, қалтамыз тесiк. Әйтеуiр, амалдап сынақ күнiне жетiп, емтихан тапсырып, елде қалуға ниеттiмiз. Бiрақ, 3 ай мерзiм өте шықты. Тiркеу уақытын ұзартайық десек, рұқсат бермей отыр. Ал заңды түрде ұзартпасақ, төлқұжатымызға қара таңба басылып, кейiннен Қазақстанға кiрудiң өзi мұң болмақ. Ал тiркеусiз жүр­сек, әрбiр күнге 15 мың теңге шамасында айыппұл салынады екен. Сынақ күнiне дейiн 1 ай уа­қыт бар. Сонда бұл айыппұлды қайдан табамыз? Дәл қазiр шетел азаматы болғандықтан жұмыс iс­теуге құқымыз жоқ. Шарасызбыз”.
 
ҚАРАКӨЗДЕРДIҢ ТАҒДЫРЫН БҰЛАЙ ТӘЛКЕККЕ САЛУҒА БОЛМАЙДЫ
“Жебеу” республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң атқарушы директоры Рақым Айыпұлының пiкiрiн­ше, мұндай жағдайда құжат қабылдап алған Бiлiм және ғылым ми­нистр­лiгiнiң өкiлдерi талапкер­лер­дiң емтиханға дейiн Қазақстанда жүрiп-тұруына Көшi-қон полициясынан рұқсат сұрап, қолдаухат жазып беруге мiндеттi. Тiптi бұл мәселенi Көшi-қон полициясы ушықтырмай-ақ шешуге құзыретi толық жетедi. Бұрын бұл тiркеудi жылдап ұзартуға мүмкiндiк болатын. Ал қазiргi жаңа талап бойынша тiркеудi 3 айға ұзартады. Сондай-ақ, мемлекеттiң «Көшi-қон туралы» заңы бойынша этникалық қазақтардың балалары Қазақстанға келiп, оқуға құқы бар. Ендеше, қаршадай балалардың тағдырын бұлай тәлкекке салуға болмайды.
Қандастарымызға қамқорлық ету – мемлекеттiң мiндетi. Бiрақ, әсiресе лауазымды азаматтар шетте жүрген қазақтарды өгейсiнiп, кiрпiше жиырылатыны қиын-ақ. Мәселен, Дүниежүзiлiк қазақтар қауымдастығы – мына қаракөздер­дiң тағдырына жауапты ұйым. Бiрақ ұйым төрағасының орынбасары Талғат Мамашевтың “оралмандарды ұрғаны бар”. Сонда бас­қа жауапты қызметкерлерден не үмiт, не қайыр? Бiле бiлсек, бұл сөздiң жауапкершiлiгi президенттiң мойнында.
 
ЕРIККЕННIҢ ЕРМЕГIНЕ АЙНАЛМАУЫ ТИIС
Қазақстанда оқуға ниеттi қаракөздерiмiздiң заңды құқығын талап ету үшiн Алматы қалалық көшi-қон полициясына жеттiк. Мамандармен тiлдестiк, мән-жайды түсiндiрдiк. Шағымымызды тыңдаған қызметкерлер қандай да бiр түсiнбеушiлiк болғанын жеткiздi. Мемлекеттiк мекеменiң басшысы Ержан Оразбеков қаракөздерi­мiз­дiң өтiнiшiн қайта сүзгiден өткiзiп, тiркеу мерзiмiн 1 айға ұзартып, талапкерлердiң оқу сынынан сүрiнбей өтуiне тiлектес екенiн байқатты. Елiн, жерiн iздеп келген жастар “Жас Алаш” редакциясына ризашылығын бiлдiрдi. 
 
– Шындығында, көшi-қон саясатына жауапты құзырлы орындардың тiзгiнiн ұстап отырған бiрлi-жарым шенеунiк болмаса, басым бөлiгi ұлттық мемлекетiң қалыптасуына, тәуелсiздiктiң нығаюына мүдделi болып, толық жауапкершi­лiкпен қарамайды, – дейдi Рахым Айыпұлы. – Әйтпесе, дәл осы балалардың артында бiр-бiрден отбасы, туыстары тұр. Бұл түсiнген адамға көштiң басы ғана. Балалардың ата-аналары Қазақстанда бiлiм беру iсi керемет болғаннан соң жi­берiп отырған жоқ. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, Қытайдың оқу iсi әлдеқайда алда. Тек ата қо­нысқа келiп, өсiп-өнсiн деген ниет-тiлек бар оларда. Қазақ көшi әсте ерiккеннiң ермегiне айналмауы тиiс.
 
Дилара ИСА
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті