1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №73 (15635) 13 қыркүйек, сейсенбі 2011
"Жас Алаштың" әлеуметтік беті. Дайындайтын Дилара ИСА
13 қыркүйек 2011
Министрдiң ұлы мен қызы пеш жағып, су тасыса ғой...

Алтын бесiк ауылға қара бұлттың үйiрiлуiне не себеп?! Тәуелсiздiктiң 20 жылында не бiтiрдiк? Жекешелендiру саясатынан ауыл не ұтты, неден ұтылды?

Ұтқанымызды қайдам, ұтылғанымыз көп-ақ. Мәселен, қабырғаңа бататыны, ақсақалды қариялар мен ақ жаулықты әжелерiмiз немерелерiнiң маңдайынан иiскеуге зар болып қалды. Жастар тегiс қалаға ағылды. Себебi, жұмыс жоқ. Қаңыраған үйлердiң үңiрейген терезелерiнен үрейден басқа ештеңе көрiнбейдi. Мектеп пен әкiмшiлiктен басқа мекеме жоқтың қасы. Айта берсек, тiзе берсек, дәл қазiр ауыл-аймақта шешiлмеген мәселелер шаш етектен.
Жасыратын несi бар, ауылдан түлеп ұшқан жастар қалаға оқуға түсе салысымен пәтер iздеп сабылады. Дипломын арқалап ауылға келгенде жұмыс таба алмай тағы да шарасыз күйге түседi. Шаршайды, қайтадан қала кезуге кетедi. Жақсы жұмыс тапқандары бiрен-саран. Қалғаны таба алса жалданып жұмыс iстейдi, арба сүйреп, қап арқалайды. Оларды көрiп “үкiмет, ел сайлаған депутаттар қайда қарап отыр сонда?” деген сауал туындайды.
Мәселен, үкiмет 2009 жылдың 18 ақпанында қаулы шығарды. Қаулыға сәйкес жас мамандар ауылға келгенде 70 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде көтерме жәрдемақы берiлуi тиiс. Оларға биылғы жылдан бастап тұрғын үй сатып алуға 1500 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде несие берiледi. 15 жылға берiлетiн бұл несиенiң жылдық сыйақы мөлшерi – 0,01 пайыз. Бұл тұрғын үйге қол жеткiзу үшiн жас маманға бiраз тер төгуге тура келедi. Ең алдымен өз қаражатына сатып алатын үйдi өзi тауып, оны арнайы мамандар көмегiмен құнын есептетуi керек. Сонымен қатар тұрғын үйдi сатып алу-сату туралы шартты алдын ала ұсынады. Бұл жеңiлдiктi пайдаланған маман 5 жыл аудан аумағынан басқа жерге кетуге құқы жоқ. Келiсiм бұзылған жағдайда мемлекет тарапынан көрсетiлген көмектi толық қайтаруға мiндеттi. Бұған мойынсұнбаса, мәселенi сот шешедi.
Аудандық бiлiм бөлiмi биыл тамыз айының ортасына дейiн дипломы бар 34 жас мұғалiм келгенiн, оның 13-i қажет құжаттарын тапсырғанын айтады. Асылы аудан мектептерiне химия, физика, математика, ағылшын тiлi пәндерiнiң мұғалiмдерi ауадай қажет. Қазiргi кезде тарих пәнiнiң мұғалiмдерi экономика пәнiнен сабақ беруде…
Өткен жылы ауданға 51 жас маман келген. Оның iшiнде 34-i көтерме жәрдемақы алған. 17 маман қаржының жетiспеушiлiгiнен көмекке қолы жетпеген. 2 жылда 2-3 адам несиеге үй алған.
Шалғай ауылдардағы үйлердiң басым бөлiгiнiң тозығы жеткен. Қысы суық. Жастар аудан орталығын таңдап жатады. Ал орталықта бәрiне бiрдей жұмыс табыла бермейдi. Сөйтiп туып-өскен ауылын тастап, жұмыс iздеп қайтадан қалаға сабылатындар жыртылып, айырылады. Осыдан-ақ ауылдағы жас маманның жай-күйi мәз емес екендiгiн аңғаруға болады. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарынан, биiк мiнберлерден ұрандап айтылып, жазылып жүрген сөздердiң көбi iске аспай жататындығын айта кеткен жөн.
Айтпақшы, жақында мұғалiмдердiң дәстүрлi тамыз мәслихаты болды. Павлодар облыстық бiлiм басқармасынан келген өкiл Жайнат Бiләлова мiнберге шығып, жас мамандарға жан-жақты көмек көрсетiлiп жатқанын айтты. Облыс орталығындағылар шынайы жағдайдан бейхабар болса, Астанада отырғандар не ойлайды екен деген ой келдi сонда. Министрдiң ұлы мен қызы ауылға келiп мұғалiм болып, пеш жағып, су тасыса ғой, шiркiн. Бәлкiм, сонда жағдай өзгерер ме едi, кiм бiлсiн?!
 
Мейрамбек ҚЫЗЫРҰЛЫ,
Май ауданы,
Павлодар облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті