1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №87 (15649) 1 қараша, сейсенбі 2011
"Жас Алаштың" әлеуметтік беті.
1 қараша 2011
Қу кедейшiлiк-ай!

ҚР Статистика агенттiгiнiң хабарлауынша, Қазақстандағы қызметкерлердiң саны 2,9 миллионға аз-ақ жетпейдi. Бұлардың 52 пайызға жуығы – ерлер, қалғаны – әйелдер. Дәл қазiргiдей баға айлап емес, апта сайын аспандап тұрған шақта арамызда айына 15 мың теңгенi мiсе тұтатын азаматтар бар екенiн ресми билiк те мойындап, мәлiмдедi.

Алматының iргесiндегi ауылды мекендеген Жансаяның айлық табысы – 30 мың теңге. Жоғарғы бiлiмi бар, бюджет қызметкерi, 3 баланың анасы. Азаматынан айырылып жесiр қалғанына, мiне, 3 жыл толды. Айлығы шайлығына жетпейдi. Ары тартса – арба сынады, берi тартса – өгiз өледi. Тұла бойы тұңғышы – мектеп оқушысы. Ұсақ-түйек оқу құралдарына қаражат табудың өзi бүгiнде мұң. 30 мың теңге қай жыртығын жамасын. “Басыңа тартсаң, етегiңе жетпей жататын шолақ көрпедей кедей-кепшiктiң күнi осы ғой” дейдi өзi де. Күрке тамы мен қамқор көршi әжей әжетiне жарап тұр әзiрге. Әйтпесе, ендi ғана ес танып келе жатқан балалары қолбайлау болып, жұмыс та жайында қалатын едi. Ондайда кiмге барып алақан жаятынын көз алдына елестете де алмайды...
Ал жетi жаны бар Жетiген қарияның отбасы тығырыққа тiрелiп отыр. Айына отбасы бюджетiне түсетiн 35 мың теңге зейнетақы азық-түлiгiне де жетпейтiн болды. Баласы Әмiржан да қысқартудың кесiрiнен қызметтен қағылды. 15 мың теңге жалақысы болса да, әйтеуiр, медеу едi. Ендi ол да жоқ. Жалданып қара жұмысқа барайын десе, денсаулығы көтермейдi. Ал келiнi бала бағып үйде отыр. Қорада төрт түлiк те жоқ, қазық қағылмағанына да 4-5 жыл толды. Содан берi ауыздары аққа жарымайды. Ақсақал бәрiнен де үлкенi – 10 жасқа, кенжесi 3 жасқа ендi ғана толған немерелерiнiң ертеңгi күнiне алаңдайды. Қарияны “мынадай қу тiрлiктiң ауыртпалығына төзе алар ма екен” деген ой мазалайды...
Бүгiнде екi қолға бiр күрек таба алмай қалт-құлт күнелтiп жүргендер жетiп артылады. Жұмыссыздар деймiз-ау, қыз­меттегiлердiң өзi тиынды тиынға қосып, айды айға жалғауда. Жалақы мардымсыз. Мәселен, Қазақстандағы 2,9 миллионға жуық қызметкерлердiң 34 пайыздан астамы орташа есеппен айына 30 мың теңгемен күнелтуде. 15 мың теңге жалақы алатындар да бар. Бұл – заңмен бекiтiлген ең төменгi күнкөрiс деңгейiнен де төмен сома. Жұмыссыз отырғандарды есептемегенде, қызметтегiлердiң өзi кедейлiк шегiне жеткендердiң қатарынан ойып тұрып орын алады деген сөз бұл.
Сонымен бiрге орташа есеппен қызметкерлердiң 31 пайыздан астамы – 45-75 мың, 16 пайыздан артығы – 75-105 мың, 15 пайызға жуығы – 105-240 мың, 3,5 пайызы ғана – 240 мың теңге және одан жоғары айлық жалақы алады. Ең көп жалақы алатындар – Маңғыстау және Атырау облыстарының тұрғындары.  
Не десек те, қандай ресми деректердi алға тартсақ та, ақиқаты сол, дәл қазiр елiмiзде әлеуметтiк тұрмыстың нашарлығынан әупiрiмдеп күнелтiп жүрген отбасылар жыртылып айырылады. Өз отбасында қазанына ас сала алмай қор болып отыр­ғандар да баршылық. Тұрмыс тауқыметiнiң кесiрiнен түтiнi түзу шықпай, шаңырағы шайқалған отбасылар көбейiп барады. Түлкi құрсақ болған бала-шағасының күнделiктi тамағын тауып бере алмай өзегi өртенген ата-аналардың саны да аз емес. Қу тiрлiктiң есебiн келтiремiн деп, басын тауға да, тасқа да соғып жүргендер қаншама?!
Айта берсек, тiзе берсек, тұрмыс тауқыметiн тартып отырған тұрмысы төмен отбасылардың санына жету қиын. Өкiнiштiсi сол, осындай күрделi мә­селелердiң шешiмiн табуға Қазақ үкiметiнiң қауқары жетер емес. Қазақ мемлекетiнiң тұрмысы қалай түзелмек сонда?
 
Дилара ИСА.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті