1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №87 (15649) 1 қараша, сейсенбі 2011
"Жас Алаштың" әлеуметтік беті.
1 қараша 2011
Жұмысы жоқ ауылдың жыры

Ертегiлер елiнен елу қадам ұзап шықсаңыз, едәуiр таңыр­қап қалуыңыз бек мүмкiн. Астананың биiк-биiк үйлерiне әбден көз үйретiп алған адам үшiн бұл “таңырқау” табиғи болмысыңызға әсер етпей қоймайды. Өйткенi қымбат шыныдан салынған әсем ғимараттардан кейiн, сылағы түсiп қалған қоңырқай қоржын үйлердi көргенде көкiрегiңiз қарс айырылады. Осындай жұпыны көрiнiстi Астанадан небәрi 20-30 шақырым жерде орналасқан ауылдан анық байқайсыз. Осыған қарап-ақ алыстағы ағайынның ауыр ахуалын байқай беруге болады.

АРЗАН ПӘТЕР ЖАЛДАУ ҮШIН АУЫЛҒА ҚАТЫНАУҒА МӘЖБҮР
Елорданың iргесiндегi 18 ауылдық округ пен 54 елдiмекен Ақмола облысының Целиноград ауданына қарайды. Ресми санақ бойынша аудан халқының жалпы саны 60 мың адамға жуықтайды. Әйтсе де бейресми ақпараттарға қарағанда пәтер жалдап 70 мыңға жуық адам аудан көлемiнде тiркеусiз тұруда. Алдағы уақытта халықтың жан саны бұдан артпаса азаймайтынын болжау қиын емес. Өйткенi Астанаға жан-жақтан ағылған қаракөздiң денi қашық болса да арзан пәтер жалдау үшiн осы жердi сағалайды.
Негiзiнен аудан халқы егiн және мал шаруашылығымен айналысады. Целиноград ауданы әкiмiнiң орынбасары Берiк Жанбаевтың айтуынша, халықтың жалпы жағдайы жаман емес. Алайда бұл сөз оның “18 елдi­мекен­нiң 10-ы “кедейлiгi жоқ ауылды аймақ” деп есептеледi” дегенi алдыңғы сөзiмен кереғар келедi. Өйткенi “жағдайы жаман емес” елдiмекеннiң 8-i “кедейлiгi бар аймақ”. “Қазiргi кезде ауыл азаматтары мал шаруашылығымен айналысуда” деп марқайған Берiк Жанбаевтың кейбiр сөздерiн аты-жөнiн жазбауды сұраған азамат “түзеп” те бердi: “Ауылда халық күнелтетiндей анау айтқандай мал да жоқ. Бар болған күннiң өзiнде оны бағатын жер тапшы. Себебi қолы жеткендер шаруа қожалықтарын ашып, жекеменшiкке жер сатып алған. Олар бiздiң малды өз жерлерiне жайғызбай, қуып, айдап шығады. Соның салдарынан жыл он екi ай малымызды бiр ғана жерге бағамыз. Ал тақыр жерге жайылған қойдың күйi қайдан болсын?! Қанша жерден базарда мал басы қымбат болғанымен, бiздер оны лайықты бағаға сата алмаймыз”. Оразақ ауылының тұрғыны осылай дейдi. Сондай-ақ қожайындар жаздай қызғыштай қорып келген жерлерiнен шөп орып, оның телешкесiн 20-25 мың теңгеден сататын көрiнедi.
Егiн шаруашылығымен айналысатын ауданның бидайы биыл да бiтiк шыққанын аудан әкiмiнiң орынбасары мақтанышпен атап өттi. Жылда жыр болатын басты мәселенiң бiрi – астықты шығынсыз жинап, оны қырманға өткiзу жайы. Аталған жағдайға байланысты ол “Бидайды дихандар шамасы жетпей жинай алмай отырған жоқ. Бар мәселе оның пiсуiне байланысты болып тұр. Жаз жаңбырлы болуы себептi бiрi кеш, ендi бiрi ерте бидай септi. Соған қарамастан 28 қазанға дейiн астықты жинап аламыз. Себебi ауданымыз қалаға жақын болғаннан кейiн астықты жинай алмай қалу сияқты мәселе жоқ” деп түсiнiктеме бердi. Ал шаруалар қырманға астығымызды өткiзу қыл көпiрден өткенмен бiрдей деп шағымдануда. Көбiне қолы ұзын қожайындар болмаса қарапайым диқандар, Берiк Жанбаев айтпақшы, “iшiнара қиыншылық­тар­ға” кездесуде.
 
ЖАУЫР БОЛҒАН МӘСЕЛЕ
Астанадан 40-60 шақырым жерде орналасқан Ақмол мен Оразақ ауылының тұрғындары сары су iшуде. Олардың сары су iшiп отырғанын аудан басшылары бiледi. Осыған байланысты қойған сауалымызға “Оның бәрi айтыла-айтыла жауыр болған мәселелер ғой” деп Берiк Жанбаев әуелi күлiп алды. “1970 жылдары салынған су құбырларының iшi топыраққа әбден толып, шiрiп бiткен. Ал әлгi сары су ескi құбырлардың тұқылы ғой. Атал­ған мәселенi шешу үшiн “Целина Су Арнасы” мекемесiн құрдық. Алдағы уақытта Оразақ пен Ақмол ауылының 33 шақырым құбырын жаңалаймыз. Келесi жылы Ақмолды 100 пайыз таза сумен қамтамасыз етемiз”, – дейдi. Дәл осылай аудан атқамiнерлерiнiң уәде берiп келе жатқандарына бiрнеше жылдың жүзi болыпты. Әйтсе де “әнi iстеймiз, мiне iстеймiз” деп уәде берiп келе жатқан шендiлердiң ертегiсiне ауыл азаматтары сенбейтiнiн жасырмады.
Айтпақшы, Астанадан Ақмол ауылына жету де оңай емес. Арнайы қатынайтын автобустың болмауынан әрбiр азамат 250 теңге төлеп таксиге отырады. Бұл жағдай күнделiктi қалаға барып-келiп жұмыс iстейтiндердiң қалтасын қағуда. Ауыл тұрғындары осы мәселенi басшыларға жеткiзудi сұрады. Ал Берiк Жанбаев болса тиiстi орындардан екi аралықта қатынайтын үлкен автобус сұрап отырғанын тiлге тиек еттi. Әйтсе де мұның тездетiп шешiлетiнiне өзi де сенбейдi. Айтатын уәжi 40 шақырым жерге барып келу үшiн көлiк беруге автопарктiң шамасы жетпейдi дегенге саяды. Ол “Егер автопарк келiсiп көлiк қатынаған күннiң өзiнде жолақысы кемiнде 200 теңге болады. Оны халық көтере алмайды ғой” деп қиналды. Әзiрге “Халықтың қалтасы көтермегендiктен” ауыл азаматтарының 250 теңге төлеп таксиге мiне тұруына тура келедi.
 
ҚАЗАҚ БАЛАСЫН АУЫЛҒА БАЙЛАУ САЯСАТЫ
Ауданда “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша биылғы жылдың өзiнде мектепке колледж және ЖОО бiтiрген 27 жас маман тартылып, оларға алдын-ала 150 мың теңге берiлiптi. Атал­ған ақшаны алған мұғалiм 5 жыл бойы өзi орналасқан мектепте қызмет етуi керек. Сондай-ақ осы бағдарлама бойынша несиеге 2 365 000 теңге берiлiп жатыр. Бұл не деген батпанқұйрық дерсiз. Бiлетiндер, мұнда қазақ баласын ауылға жiпсiз байлайтын қитұрқы саясат барын айтады. Өйткенi несиенi өтеу мерiзiмi 15 жыл болғандықтан осы уақыт аралығында ауылдан ұзап кете алмайсыз. Былай қарағанда, ауылды көтеруге бағытталған бағдарламадан бәлендей сөкет­тiк көрмейсiз. Әйтсе де бұдан мектеп бiтiрген қарадомалақтарды қой бақтыруға бағыт­тал­ған баяғы комсомолдық жы­мыс­қы саясатты байқайсыз.
 
Жәлел   Iзтiлеуұлы,
Оразақ ауылының тұрғыны:
– Жұмысы жоқ ауыл халқының қай жырын айтайын? Қазiргi кезде Оразақ халқының денi 60 шақырым жердегi Астанаға барып-келiп жұмыс iстейдi. Бұл дегенiңiз тапқан табысыңның жартысын жолға беру деген сөз емес пе?! Мәселен екi аралықта қатынайтын автобус әр адам басына 400 теңге алады. Күнделiктi қатынайтын адамдарға кемiнде 1000 теңге керек. Сонда есептесеңiз бiр айда 20-25 мың теңге тек қана жол шығынына кетедi екен. Өкiнiшке қарай, алысқа сандалмай жұмыс iстегiсi келетiн жастарға Оразақтың өзiнде жұмыс жоқ. Обалы не керек, жаз айларында Агроцентр-Астана ЖШС 70-80 адамды жұмысқа алады. Әйтсе де оның өзi науқандық жұмыс болғаннан кейiн жылдың қалған мезгiлiнде жұмыссыз қаламыз.
 
Серiк ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ,
Астана
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті