1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №20 (15686) 13 наурыз, сейсенбі 2012
"Жас Алаштың" әлеуметтік беті.
13 наурыз 2012
Судың тасқыны күштi ме, шудың тасқыны күштi ме?

ТӨЛЕБАЕВҚА ШЫҒЫНДЫ ҚАЛТАСЫНАН ТӨЛЕТУ КЕРЕК ЕДI...

– Тасқынға алдын ала қандай қам жасау қажеттiгiн айтып аудан әкiмiнiң орынбасары, сол кездегi аудан әкiмiнiң мiндетiн атқарушы Қайрат Төлебаевқа “Нұр Отан” партиясының аудандық филиал басшылығына, мәслихат хатшысы Перналы Жұрманға арнайы ұсыныспен шықтым. Тiптi, кестесiн де сызып бердiм. Ұсыныстың сессияда қаралатынын айтты. Оған да қатысып, өз ұсынысымды барынша дәлелдедiм. Менiң ұсынысымды талқылап, комиссия шығарып тексеретiн шығар деп ойлап, жауабын үш ай күттiм. Ешқандай хабар-ошар болмады. Тым-тырыс. Жаным жай таппаған соң қаңтардың 18-i күнi Қайрат Төлебаевқа қайта кiрдiм. Жауабын сұрасам, оны басқа орынбасар Бақыт Құрманбе­ковтiң қарайтынын айтты. Оған да бардым. Кестенi тағы көрсет­тiм. Ол “ақпан, наурыз айларында қар­жы бөлiнедi, сол кезде iстеймiз” деп қысқа қайырды. Осымен бұл мәселе қараусыз қалды. Ендi не болды? – дейдi су шаруашылығы саласында 25 жыл қызмет еткен, темiрландық ақсақал Аман Сағымбеков.
Қашанда қысы қатты, жазы құрғақшылықпен өтiп, небiр жұттармен есте қалған Қоян жылының шығуы Оңтүстiк жұртшылығы үшiн оңай болмай тұр. Өңiрге биыл қыс ерте түстi. Қаң­тар мен ақпандағы сақылдаған сары аязы аздай ендi, наурыз басталысымен күннiң райы күрт жылынып, оның арты тасқынға ұласты.
Бұл жолғы апат осыдан төрт жыл бұрын Сарыағаш ауданы мен Арыс қаласына қарасты елдiмекендерде болған тасқын сияқты тосыннан келген жоқ. Қыс ортасында жылусыз қалған Кентау қаласындағы жағдайдан кейiн облыс әкiмi Асқар Мырзахметов ақпанның басында-ақ барлық аудан, қала әкiмдерiне алдағы болатын көктемгi су тасқынына сақадай сай тұруды тапсырған. Тiлсiз жаумен күресуге жергiлiктi билiк қолдан келген­нiң бәрiн жасады дегенiмiзбен, апат аз шығын әкелген жоқ. Тасқыннан көптеген тұрғын үйлер құлап, баспанасыз қалған жұрт туған-туыстарын сағалап кеттi. Кейбiр аудандарда мал шығыны да бар. Абырой болғанда, адам аман.
Тасқынға ұшыраған Темiрлан­дағы “Найманарық” каналының асау мiнез танытуы биыл ғана болып отырған жоқ. 2008 жылдың көктемiнде канал арнасынан асып, көптеген тұрғын үйлер су астында қалған. Мiне, Аман ақсақалдың алдағы уақытта осындай апаттың орын алуы мүмкiн екенiн өмiрлiк тәжiри­бесiне сүйене отырып алдын ала болжап, каналдағы көпiрлердi, қашыртқыларды, темiр бетондарды ауыстыру туралы ұсыныстарын жергiлiктi “Ордабасы оттары” газетiнде жариялаған екен. Алайда атқамiнерлердiң маңызды ұсынысқа атүстi қарап, дер кезiнде мән бермегенi қалай? Рас, Ордабасы ауданының әкiмi Шоқан Кенжеевтiң айтуынша, “Найманарықтағы” көпiрдiң су өткiзу мүмкiндiгi секундына 8 текше метр болса, тасқын кезiнде кеген судың көлемi секундына 31 текше метрге жеткен. Мұндай жағдайда қанша жерден сақтық шараларын жүр­гiзгенiмен, қауiптен қашып құтылу мүмкiн емес. Әйтсе де, Аман ақсақалдың ұсынысы жүзеге асқанда нөпiр судың астында қалып, тұрғын үйлерiн тастап қашуға мәжбүр болғандардың қатары бұдан аз болар едi-ау.
 
ШЫНДЫҚТЫ ЖАСЫРУ МҮМКIН ЕМЕС
2008 жылы Ордабасы ауданы Темiрлан елдiмекенiн су алғанда, сақтық шараларын алдын ала жүргiзбегенi үшiн аудан әкiмi Сәкен Қаныбековтiң тиiстi тәр­тiптiк жазаға тартылатынын сол кездегi облыс басшылары қадап айтқан едi. Аудан әкiмi қызме­тiнен босатылып, артынша Астанада екi-үш жыл қызмет етiп, артынша облыс әкiмiнiң орынбасары қызметiне қонжиған, төтенше жағдайларға жауапты Сәкен Қаныбековтiң су тасқынымен тағы да бетпе-бет келгенiн көр­мейсiз бе? Қолда бар мәлi­меттерге сүйенсек, облыстың 12 ауданындағы 102 елдiмекенi тас­қынға ұшыраған. 648 үй мен 14 әлеуметтiк нысан су астында қалды. 14 тұрғын үй мен 28 шаруашылық жайлары құлаған. 85 үй мен 197 шаруашылық жайлары құлаудың алдында тұр. 114 мал шығынға ұшырады. Баспаналарына қауiп төнiп тұрған 3820 адам басқа жаққа көшiрiл­ген. Облыста тасқынның қаупi әлi сейiлген жоқ.
Бiр байқағанамыз, мемле­кеттiк бұқаралық ақпарат құралдарында тек апатқа ұшыраған аймаққа берiлiп жатқан көмек қана айтылып, баспанасы су астында қалып, туған-туыстарын сағалап кеткен халықтың мұң-мұқтажы, көрiп жатқан күйi туралы әзiрге ләм-мим деген мәлiмет тараған жоқ. Елдiң егiн алқабына, үйiргелiк жерiне, бау-бақшасына тасқын қаншалықты зардабын тигiздi? Әр күнi жылға азық көктемнiң күнi жылжып жатқанымен елдiң ертеңгi тiршiлiгi қалай болары жайлы ресми билiк ештеңе демейдi. Билiктiң елдi үрейлендiрмейiк дегенi шығар? Баспаналарынан айырылған халық бүгiн үкiмет шығынымызды өтеп бередi деген үмiтпен жүр. Ал ертең не боларын кiм бiлген?! Осыдан төрт жыл бұрын Сарыағаш ауданында болған су тасқынынан келген шығынды анықтаудан туған дау-дамай әлi күнге созылып келедi. Бұл келеңсiздiктiң бұл жолы да қайталанбасына кiм кепiл?! Шындықты жасырғысы келетiн ше­неу­нiктер ендi шудың тасқынынан шығудың ебiн таба ала ма? Әй, қайдам, қиын-ау, қиын...

 БОЖКОНЫҢ МҰНЫСЫ НЕСI?

Оңтүстiктегi су тасқынынан құтқару жұмыстарымен арнайы келiп, бiрнеше аудандарды аралап кеткен Төтенше жағдайлар министрi Владимир Божко “Оңтүстiкте үйлердiң барлығы саманнан салынған. Оның үстiне iргетасы да аласа құйыл­ған. Мұндай жағдайда су астында қалған үйлер құламағанда қайтсiн? Неге тасқынға шыдас беретiн күйдiрiлген кiрпiштен үй салмайды” деп кiнәнi жұртшылықтың өзiне аудара сөйлеуi әжептәуiр ашу-ыза туғызды. Министрдiң мұнысы ел аштан өлiп жатқанда бай баласының “адамдардың қарны ашса, неге талқан жемейдi?” дегенiн ерiксiз еске түсiрдi. Халық баспаналарын қайбiр жетiскеннен қам кiрпiштен салады дейсiз?! Күйдiрiлген кiрпiштiң, цементтiң, басқа да құрылыс материалдарының бағасы аспандап кеткен. Сәндi де сәулеттi баспананың қарапайым халық үшiн арман болып тұрғанын басқасы басқа Төтенше жағдайлар министрiнiң бiлмегенi ме? Ойда-жоқта апатқа ұрынып, қаңғырып далада қалған халықты жылы сөзбен жұбатудың орнына, қайта оларды жазғырғаны қайран қалдырады. Министрдiң мұнысы несi екен?
 
Ғалымжан ЕЛШIБАЙ,
Оңтүстiк Қазақстан облысы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті