1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №20 (15686) 13 наурыз, сейсенбі 2012
"Жас Алаштың" әлеуметтік беті. Дайындайтын Дилара ИСА
13 наурыз 2012
Қамкөңiл ана көмекке зәру

Ертегiлер елiне теңелген Астана қаласында меңiреу тiршiлiк кешiп, тоз-тозы шығып жүргендер жетiп артылады. Солардың бiрi – бүгiнде үй-күйсiз далада қалған Тұрсын Қайсанқызының отбасы.

АЯҚ-ҚОЛЫМ IСТЕМЕЙ ҚАЛДЫ
Ол Астанаға Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң арнайы шақыртуымен келген. Шиеттей бала-шағамен Семейден Елордаға келуiне “Дидар” газетiнiң Бас редакторы Ғалым Байбатыровтың септiгi тиiптi. Өйткенi сол сәтте Тұрсын апайдың үлкен қызы Айнұр Рахимова Аягөз елiнде талантымен танылады. “Жас Алаш” газетi Ай­нұрды “Таңдай қақтырған қаршадай қыз” деп айрықша атады. Абай Құнанбайұлының өлеңдерiн жатқа айтатын “қаршадай қызға” қайран қалған Ғалым Байбатыров аталған отбасына қалайда көмектесуге тырысыпты. Сөйтiп, “мемлекет тарапынан осы отбасын қолдасаңыздар екен” деп министр­лiк­ке хат жазыпты. “Ғалым Байбатыровтың көмегiмен Астанаға келдiк. Менi министрлiк №34 мектепке орналастырды. Бастапқыда жан-жақты қолдап, көмектескен едi. Бiрақ кейiн­нен қарайласпай қойды. Үй-күйсiз сандалдық. Жығылғанға жұдырық, 4 жыл болды, аяқ-қолым iстемей қалды”, – деп мұңын шақты Тұрсын Қайсанқызы.
 
ПРЕЗИДЕНТТIҢ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАМАДЫ
Бүгiнде Тұрсын апай –        I-топтағы мүгедек. Тұрмыста көрген қиыншылығы көп. Ұзақ жылдан берi тағдыр тауқыметiн тартып жүр. Тек көңiлiне медеу ететiн Айнұры бар.
Тағдырдың тепкiсiн талай көрген ана мына бiр оқиғаны еске алады. 2001 жылы Астанадағы Ұлттық академиялық кiтапхананың ашылу салтанатына президент Н.Назарбаев 3-4 сағатқа кешiгедi. Сонда халықты Абай өлеңдерiн оқып, Айнұр тамсандырыпты. Мұны естiген мемлекет басшысы шенеунiктерге Айнұрдың отбасына көмектесудi мықтап тапсырады. Бұл туралы ол: “Астананың шетiнде орналасқан Лесозаводта тұратынбыз. Тап сол кезде 7 күн қатты ауырдым. Мiне, осы күнi Қазақстан ұлт­тық телеарнасынан журналистер үйге келiп: “Сiздердi елбасы қолдап жатыр, үй беретiн болды”, – дедi. Осыдан кейiн тиiстi басшылардың бәрiне кiрiп, табалдырығын тоздырдым. Бiрақ бұл тапсырмаға ешкiм пысқырып та қарамады”, – дейдi.
2003 жылы Астана қалалық Бiлiм департаментiнiң директоры болған Әмiрхан Рахымжанов осы отбасына көп көмектескен екен. Бүгiнде Әмiрхан Рахымжанов – “Нұр Отан” партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары. Әңгiме барысында Тұрсын апай отбасының ауыр тiр­шi­лiгiнен хабардар бұл шенеунiктен кө­мек күтетiнiн жеткiз­дi. Өйт­кенi тек қана тiгiншiлiкпен қалт-құлт өмiр сүрiп отырған олардың үмiт артар басқа адамы қалмапты.
 
АЙНҰР ДА АУРУҒА ШАЛДЫҚТЫ
“Қайбiр жылы қаршадай қызымның тапқан 3 500 теңге­сiне көмiр түсiрiп, қыстан шыққанымыз бар. Қи­ын-қыстау кезде, тiптi бала да есейiп кетедi екен ғой, – дейдi мүмкiндiгi шек­теулi ана мұңайып, – Сабақтан тыс уақытта балаларым да тiгiн тiгедi. Мына аядай тiгiн тiгетiн бөлменiң – 45 мың, пәтердiң – 55 мың жалақысын өтеуге сол кiшкентай балаларым көмектеседi. Тапқанымыз тамағымызға да жетпей­тiн кездер болады. Әттең, ең болмағанда, мемлекет бiз сияқты тiгiншi­лердi қолдап-қуаттаса ғой”.
Өкiнiштiсi сол, қаршадайынан қазақтың таңдайын қақтыр­ған Айнұр сырқат, қалқанша безiнiң қабынуына ұшырапты. “Бүкiл ағзаның жұмысын қал­қанша безi реттейдi. Егер бұл без бұзылса, ағзаның жұмысы да өзгередi” – дейдi дәрiгерлер.
“Осы күнi ел басшыларынан әбден көңiлiм қалды. Басқа бас­қа, президенттiң тапсырмасын шенеунiктер жүре тыңдаса, өзгесiне не өкпе артасың? Ме­нiң мұңымды мемлекет басшысына Әмiрхан Рахымжанов жеткiзедi деген ниеттемiн”, – дейдi Тұрсын Рахимова.
 
Серiк ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті