Батыс ақпарат құралдары Қазақстан Ұлттық банкінің жекеменшік төрт банкке 1,2 миллиард доллар қаржылай көмек құятыны, қазақ-қырғыз қарым-қатынасы мен Қазақстанның тұңғыш рет Орталық Азия–Қытай газ құбыры арқылы Қытайға газ тасымалдай бастағанын жазған екен, сырт көздің не дегенін бөліскенді жөн көрдік.

«20 ЖЫЛ ӨТСЕ ДЕ, ОРМАН ӨСІРЕ АЛМАЙ ӘЛЕК»
Орталық Азия елдері бойынша «Құпия «стандар» жобасын бастаған Guardian бірнеше мақаласын Астана қаласына арнаған. Бұған дейін Астананы әлемнің әйгілі архитекторлары қалай салғанына егжей-тегжейлі тоқталған басылым бұл жолы қазақ президенті Астананы ызғарлы желден қорғамақ болып 1997 жылы 1 миллион түп ағаш егуге тапсырма бергенін сөз етеді. «Одан бері 20 жыл өтсе де, ғалымдар ағашы жоқ жерде орман өсіре алмай әлек», – делінген мақалада. 1997 жылы астананы Алматыдан көшірген президент жаңа елорда бой көтеретін жазық, ен дала өмір сүруге қолайсыздық тудыруы мүмкін екенін мойындаған.
Астананы әлемдегі ең суық астаналардың қатарына жатқызған Guardian Назарбаевтың тапсырмасымен 1997 жылы қалалық әкімшілік Астананы ызғарлы желден қорғау үшін миллион түп ағаш отырғызуға кіріскенін баяндайды. «Баяғыда жасыл желекке айналуы тиіс болған жасыл белдеу жиырма жыл өтсе де, әлі де егіліп жатыр».
Өңменінен өтетін жел мен ауа райының қолайсыздығы әу бастан есепке алынбағандықтан, кейбір шешімдерді қабылдау біраз қиындық тудыратын. Қаланы салушылар климаттың қолайсыздығын есепке алғысы келмеді. Бұл ретте британдық басылым астаналық архитектор Диана Хегайдың сөзін келтіреді: «Олардың басты мақсаты көздің жауын алатын әдемі ғимараттарды тез тұрғызып, сатып, пайда табу болатын».
«Астанадағы көп ғимараттарды асығыс, апыр-топыр еткізіп тұрғызып жіберудің мәні, бәлкім, Назарбаев райынан қайтып, Алматыны қайта астана етер деген сенімге негізделген. Қаланың көркін бұзбай, жел мен аязға шыдайтын ғимараттарды тұрғызу негізгі қиындық болғанымен, қаланы көгалдандыруға келгенде қолайсыз ауа райы мәселенің бергі жағы ғана болып шықты. Қаланың топырағын зерттеген ғалымдар оның құрамында ерітінді тұздардың жоғарғы мөлшерін анықтаған. Сондықтан мұны айналып өтудің жолы төзімді әрі көпжылдық өсімдіктерді өсіру еді. Қазіргі кезде жыл сайын 5000 шақты қылқанды және жапырақты ағаш отырғызуға 2 миллиард теңге жұмсалып жатыр».

ҚАЗАҚСТАН ҚЫТАЙҒА ГАЗ ТАСЫМАЛДАЙ БАСТАДЫ
«Рейтерс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан Орталық Азия–Қытай газ құбыры арқылы тұңғыш рет Қытайға газ тасымалдаған. CNPC мәліметінше, Қытай мен Қазақстан арасындағы келісімшарт бойынша, Қазақстан тарапы көршісіне бір жылдың ішінде 5 миллиард текшеметр газ тасымалдауға келіскен. Бұған дейін Орталық Азия және Қытай газ құбырында Қазақстан транзиттік мемлекет қана болса, енді Түрікменстан және Өзбекстанмен қатар, газ тасымалдаушыға айналды. Бірақ бұл жүйе арқылы тасымалданатын 194,5 миллиард текшеметр газдың басым бөлігі Түрікменстан және Өзбекстаннан келеді.

БАС БАНК ЖЕКЕМЕНШІК БАНКТЕРГЕ КӨМЕК КӨРСЕТПЕК
Британдық Daily mail басылымы Қазақстан Ұлттық банкінің төрт жекеменшік банкке 1,2 миллиард доллар көлемінде қаржы құю жөнінде шешім қабылдағанын жазады. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің сөзіне сілтеме жасаған басылым бұл төрт банктің АТФ, Еуразиялық, БанкЦентрКредит және Цеснабанк екенін тізіпті. Ақышевтің сөзінше, бұл төрт банктің негізгі акционерлері қаржылық тұрақтылық пен активтерін сапасын жақсарту, жұмыс істемейтін кредиттер санын азайту жөнінде нақты жоспарларын ұсынған.
Енді Ұлттық банктің еншілес ұйымы аталған қаржы институттарының облигацияларын сатып алу жолымен қаржы құймақ. Банктерді қаржылық тұрақтылық бағдарламасы аясында қаржыландырып жатқан Ұлттық банк екі мақсатты алға қойды. Біріншісі – ірі банктердің қаржылық тұрақтылығын қолдау, екіншісі – бақылау және қадағалау аясын кеңейту. Бас банк жекеменшік банктерге жұмсалған қаржы қайтарылады деген үмітте. Мамыр айында Халықаралық валюта қоры Қазақстан билігін банк секторына көңіл бөлуге шақырған. Себебі банк секторында жиналып қалған проблемалар тез арада шешілмесе, белгісіздік мемлекеттік қаржыға біраз тәуекел тудыруы мүмкін.
Бұл мәселені қозғаған «Рейтерс» ақпарат агенттігі Ұлттық банктің жекеменшік қаржы институттарына көмек беруінің өзі банктердегі активтер сапасының қаншалықты нашарлағанын көрсетеді деп түйеді.
Бір қарағанда, өз акционерлері мен иелері бар жекеменшік банк секторы осылайша орталық банктің бас ауруына айналды. Биылдыққа бюджеттен банктерге деп 1 триллион теңге қарастырылғаны тағы бар.

ҚЫРҒЫЗ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ «ӨКІНІШІ»
Eurasianet.org сайты Қазақстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасы жайлы «Қырғызстан кешірім сұраса да, Қазақстанның ашуы әлі тарқаған жоқ» атты мақала жариялаған. Мақала Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың «бәлкім, менікі дұрыс болмаған шығар» деп Қазақстаннан кешірім сұрағанының жай-жапсарын баяндайды. Атамбаевтың жиында Қазақстанға қарата айтқан сөзін түгелдей келтірген ақпарат құралы Қырғызстан президенті кешірім сұрағанымен, Қазақстан Еуразия экономика одағының күл-талқанын шығарып, батыспен жақындасуда деген сөзі арқылы Қазақстанның ашуына одан әрмен тиген болуы мүмкін дейді. Алайда ақпарат құралының мәліметінше, екі жақтың сауда-саттық қарым-қатынасы мен кейбір сандар әлгі мәлімдеменің жаңсақтығын айғақтайды. Мәселен, Finprom.kz сайтының мәліметіне қарағанда, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-саттық 2017 жылы 63,4 пайызға өскен. «Қырғызстанның кетіп бара жатқан президенті өкініш білдірсе де, Қазақстанға қарата айтқан қатты мәлімдемелері үшін өкініш білдірмейді», – дейді ақпарат құралы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз