Азия Олимпиада кеңесінің вице-президенті, КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, белгілі мемлекет қайраткері Темірхан Досмұхамбетовтің отандық спортты дамытуға қосқан үлесі зор. Бүгін назарларыңызға Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚазМУ-дың «Салауатты өмір салты» орталығының директоры Анатолий Арещенконың Т.Досмұхамбетов туралы естелігін ұсынып отырмыз.

Темірхан Мыңайдарұлының қылшылдаған жастық шағы, маман, азамат ретінде қалыптасқан кезі біздің көз алдымызда өтті. Ол еңбек жолын Қазақ мемлекеттік университетінің денешынықтыру кафедрасынан бастады. Досмұхамбетов алғашқы күннен бастап жаттығу процесіне байыппен, ыждағаттылықпен қарады. Ұжымға тез сіңісіп кетті. Жастайынан қара жұмысқа төселген, қарулы, табанды жігіт уақытпен санаспайтын. Спортзалға қон десең де, қабақ шытпайтын еді. Өйткені Темірхан Мыңайдарұлы жаратылысынан еңбекқор, табиғатынан көпшіл, жүрегі жұмсақ адам. Оның себепсіз жаттығуға келмей қалғанын естіген емеспіз. Кейде жас жаттықтырушының залына кіре қалсаң, қайнаған тірліктің үстінен түсесің. Қара мұрты қияқтай, тығыршықтай қара торы жігіт көк өрім балаларды шыңдап жатады. Есіл-дерті – күрес, бар ынтасы – жаттығу. Сыртынан қарап тұрып жұмысына сондай махаббатпен берілген бапкерге риза боласың. Ол сол кездің өзінде алдына үлкен мақсат қойыпты. Соған табандап, бекінген екен. Шын ықыласпен, жан-тәнімен істеген тірліктің несібесі, зейнеті болады емес пе?! Темірхан Досмұхамбетовтің бапкер ретінде тамаша нәтижеге қол жеткізуінің түп тамыры оның өз кәсібіне адалдығында, сол тірлікке алаңсыз берілуінде және тынымсыз ізденісінде жатқаны анық.
Ол ҚазМУ-дың денешынықтыру кафедрасына жұмысқа келгенде біздің ұжымның қалыптасқан жақсы дәстүрі, ұзақ жылғы жеңісті жолы болды. Ректорымыз Өмірбек Жолдасбеков елге сыйлы, білімді, көпке танымал ірі тұлға болса, спорт кафедрасының меңгерушісі Семен Либерман спорт саласының танымал әрі беделді маманы еді. Бұл кісілер Досмұхамбетовке жанашырлық танытып, қамқорлық жасады. Жас маманның өсіп-өнуіне барынша тілектес болды.
ҚазМУ-дың спорт клубы 1950 жылы құрылды. Бұл – республика жоғары оқу орындарындағы алғашқы спорт клубы. Алматыдағы Масаншы-Шевченко көшелерінің қиылысында орналасқан спорт ғимаратын сол тұста мамандар мен спортшылар жабылып қолдан тұрғызғанын біреу біледі, біреу білмейді. Университет клубы Алматы қаласында, жалпы, студент жастар арасында денешынықтыру мен спорттың кең қанат жаюына, осы саланың бұқаралық сипат алуына барынша ықпал етті. Кеңес Одағындағы жоғары оқу орындары арасындағы жарыстарда ҚазМУ спортшылары үнемі алдыңғы қатардан көрінетін. Темірхан Досмұхамбетов спорт клубының тізгінін ұстаған кезеңде университет спортшыларының табыстары тіпті еселене түсті. Кеңес Одағының жоғары оқу орындары арасындағы жарыстарда ҚазМУ-дың балуандары, баскетболшылары, ауыр атлетшілері, көркем және спорттық гимнасшылары, боксшылары, велосипедшілері, жеңіл атлетшілері дүркіреп тұрды. Университеттің көптеген спортшылары Кеңес Одағы құрамасы сапында олимпиада ойындары мен әлем, Еуропа чемпионаттарында жеңіс биігінен көрінді. Досмұхамбетовтің шәкірті, самбошы Айтжан Шаңғараев әуелі Кеңес Одағының, сосын Еуропа чемпионы атанып әлем кубогын жеңіп алса, Мәден Қалиеков жастар арасында Кеңес Одағының және әлем чемпионатының алтын медаліне қоса, КСРО чемпионатының қола жүлдегері болды. Бостан Жаңбырбаев – дзюдодан КСРО чемпионатының күміс жүлдегері. Зиядин Исабеков – КСРО универсиадасының жеңімпазы. Қайрат Шаңғараев – самбо күресінен Кеңес Одағының жастар біріншілігінің екі мәрте жүлдегері, Валентин Погодин – «Буревестник» спорт қоғамы орталық советінің жүлдегері…
Басқа спорт түрлерінен жақсы нәтижелерге қол жеткізген ҚазМУ спортшылары аз болған жоқ. Мысалы, баскетболшы Надежда Шуваева КСРО құрамасы сапында екі мәрте олимпиада жеңімпазы, екі дүркін әлем чемпионы атанса, Алматының «Университет» әйелдер командасы Кеңес Одағындағы белді ұжымдардың қатарында болды. «Университеттің» негізгі ойыншылары ҚазМУ студенттерінен құралды.
Велосипедшілер: Павел Лазарев – жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері әрі КСРО чемпионы, Евгений Корольков – КСРО-ның екі дүркін чемпионы, Виталий Толкачев пен Вячеслав Абраменко Еуропа және Кеңес Одағының чемпионы атағын жеңіп алды Людмила Воронина конькимен жарысудан универсиада жеңімпазы атанумен қатар, ғылым докторы дәрежесіне көтерілді. Альпинизмнен Кеңес Одағының чемпионы Олег Космачев кезінде талай жастарға үлгі болды. Сағындық Жылқайдаров еркін күрестен, Елеонора Осадчая көркем гимнастикадан, Владимир Хох ауыр атлетикадан, Анатолий Носков шахматтан Қазақстанның бірнеше мәрте чемпиондары әрі спорт саласына еңбегі сіңген майталман мамандар.
Баскетболдан КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шора Юмашев, бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Геннадий Рожков, велоспорттан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Арещенко, ауыр атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Дрекслер, көркем гимнастиканың білікті маманы Любовь Коваленко, талай мықты жеңіл атлетшілерді баптаған Александр Маслов, тағы басқа кәсіби деңгейі жоғары бапкерлер университет спортының биік белеске жетуі үшін аянбай тер төкті. Университет ректоры Өмірбек Жолдасбеков студенттердің спортқа ден қоюына барынша мүдделі болды. Өмірбек Арысланұлы жас маман Темірхан Досмұхамбетовтің табиғи дарынын, табандылығын, еңбекқорлығын бағалап, оған спорт клубын басқаруды сеніп тапсырды. Досмұхамбетов өзіне артылған сенімді ақтады. Темірхан Мыңайдарұлы бір ғана ҚазМУ-дың спорт клубымен Қазақстанның намысын жоғары ұстап тұрды.
Осы клуб пен спорт кафедрасының жанынан ашылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ізбасарлар даярлайтын бастапқы саты болса, спорт мектебіне келген балалардың басым көпшілігі есейе келе ҚазМУ-ға оқуға түсті. Соның жарқын үлгісі ретінде Темірхан Мыңайдарұлының шәкірттері де осы университеттің төл баласындай болды.
Темірхан Мыңайдарұлы шәкірттерін, негізінен, ауылдардан іздеді. Себебі қала балаларының көпшілігінің үйлері бар, жағдайлары жақсы. Олар ауыл балаларына қарағанда тәуір киінетін, тұрмыстары да жақсы болатын. Қалада туып-өскен соң оларға қала тіршілігі таңсық емес. Ал ауыл балалары үшін сол кездегі Алматының орны бөлек болатын. Оларға Алматыдағы спортзалдарда жаттығу, жақсы спорттық киім кию арман болатын. Оның үстіне ауыл балалары ес білгеннен үй жұмысына жегіледі. Шетінен шымыр, төзімді, шаруаға ыңғайлы келеді. Бұған қоса, ауыл балалары қарапайым, кішкентайларынан үлкенді сыйлауға дағдыланған. Досмұхамбетовтің ауыл балаларына қызығуының басты себебі осында жатса керек. Темірхан Мыңайдарұлы тағдырдың жазуымен қаланың іргесіндегі Қарасу ауылының балаларын таңдады. Уақыт өте келе шәкірттерінің негізін қарасулықтар құрады. Әуелі жаттықтырушы болып жұмыс істеген Досмұхамбетов уақыт өте келе университеттегі белді мамандардың қатарына қосылды.
Біздің кафедрада үлкендер тарапынан жастарға қамқорлық жасайтын тамаша дәстүр болды. Қызметке жаңадан орналасқан жастардың жаттықтырушылық және мұғалімдік жолдағы алғашқы кезеңінде тәжірибелі ұстаздардың жанашырлығы мен ақыл-кеңесі аса маңызды нәрсе. Себебі жас кадрларға теориялық білім мен практиканы ұштастыру оңайға соқпайды. Мен де университетке алғаш келген уақытта аға-апалардың көмегіне сүйендім.
Темірхан Мыңайдарұлы алғашында ауылдан келген көп жастың бірі болғанын жоғарыда айттық. Бірақ бұл жігіттің көкірегінде асау арман, биік мақсат тұнып жатқанын біз кейін түсіндік. Ол мақсатына, өзі көздеген асуға жету үшін уақытпен санаспай, ешқандай қиындыққа мойымай жанкештілікпен тер төкті. Оның уақытының басым бөлігі спортзалда, күрес кілемінің үстінде өтетін. Тапқан-таянғанын шәкірттерімен бөлісе жүріп жас Темірханның қанаты жыл санап қатая түсті.
Досмұхамбетов университетке алғаш келген кезінде баспанасы болған жоқ. Ол шаңырақ көтерген кезде тұратын үйі болмады. Адамгершілігі мол, ниеті жақсы азаматқа Алланың өзі қарасты. Достары Досмұхамбетовті үйлеріне шақырды. Солардың бірі жеңіл атлетика жаттықтырушысы Александр Маслов еді. Былай қарасаң, ұлты, діні бөлек адам. Кезінде бір ауылда тұрса, бір сәрі. Александр Петрович Темірхан мен зайыбы Сәулені І Алматыдағы жер үйлеріне қонаққа шақырады. Темірхан Мыңайдарұлы Масловтың бұл жақсылығын ұмытқан жоқ. Кейін мансабы өсіп, президенттің командасына енген кездің өзінде Александр Петровичті дастарханына шақырып тұрды. Екеуінің сыйластығына талайлардың қызыққаны анық.
Өзім білетін тағы бір жағдайды айта кетейін. Университеттің денешынықтыру және спорт кафедрасын басқарған Семен Лазаревич Либерман жасы ұлғайған шағында Израильге қоныс аударды. Сол жақта жүріп, қатты науқасқа шалдығады. Мұны естіген Темірхан Мыңайдарұлы Либерманның еміне қажетті қаражатты бір кісіден беріп жібереді. Бұл туралы кейін Семен Лазаревичпен хат жазысқанда білдім. Досмұхамбетов жақсылықты тек жақсылықпен ғана қайтарады. Мүмкіндігі болса, еселеп қайтаруға тырысады.
Жаттықтырушылық жұмыс, спорт клубы мен университеттің Ыстықкөлдегі лагерін басқарған жылдар Темірхан Мыңайдарұлын шар болаттай шыңдады. Ол білікті бапкер болумен қатар, шаруашылық ісіне, ұйымдастыру жұмысына кәдімгідей төселді.
Университеттің Ыстықкөлдегі лагеріне 90-жылдардың ортасында ректордың ұйғаруымен мен де басшы болдым. Досмұхамбетов арқалаған жүктің қаншалықты ауыр екенін сол жылдары анық түсіндім. Қырғыз үкіметі ауысқан сайын, жергілікті билік лагерьді өздеріне қайтарудың әрекетіне кіріседі. Досмұхамбетов мұндай сынақтың талайынан абыроймен өтті.
Лагерьдегі ең бір өзекті проблема – келген адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз ету. Азықтың белгілі бір бөлігін сол жерден аламыз. Ет, тағы басқа тамақты 500 шақырым жерден, Алматыдан тасыған кездеріміз болды. Шынын айтқанда, 500 адамның күнделікті тамағы мен төсек-орнын дайындап, жағдайын жасау, тазалық пен тәртіпті сақтау үлкен қажыр-қайратты, іскерлікті талап етеді. Бұған қоса, жергілікті билікпен, өрт сөндіру және санэпидстанция мамандарымен тіл табысу оңай шаруа емес. Осы және басқа да қым-қуыт шаруалардың бел ортасында қалған кезімде Досмұхамбетовтің жеті жыл бойы осының бәрін қалай игеріп келгенін түсінгендей болдым.
Демалыс лагері болғандықтан, бұл жерге жергілікті жастар жиі келеді. Кілең бұла күші бойына сыймайтын жігіттер жүрген жерде кикілжің, тартыс болмай тұрмайды. Темірхан Мыңайдарұлы ҚазМУ-дың кілең спортшы жігіттерінен ерікті сақшылар жасақтап, лагерь аумағының тәртібін соларға жүктеп қойды. Түсінген адамға бұл да білген адамның ісі.
Жалқау, жасық адам Досмұхамбетов жеткен биікке жете алмайды. Ол қасына талапкерлерді жинай отырып, олардың жауапкершілігін өз мойнына ала білді. Шәкірттерінің мықты спортшы болуына қалай мүдделі болса, олардың өмірден өз жолын табуына да солай атсалысты. Досмұхамбетовтің мерейтойына қатысқанымда оның ондаған шәкіртінің ол кісіні қоршай суретке түскен сәтіне куә болдым. Кешегі жұдырықтай балалар соқталдай азамат болған. Балалары мен әйелдерін ертіп, ұстаздарын қоршай тұра қалғанда Темірхан Мыңайдарұлына талай адамның қызыға қарағаны рас. Шәкірттерінің жанарындағы жалт-жұлт еткен от жанымызды шуаққа бөлегенін де жасырмаймыз. Иә, бұл ұстаз бақытының шынайы көрінісі еді. Досмұхамбетов кезінде осы азаматтарға жан-тәнімен қызмет етті. Күреске баулыды, шамасы жеткенше спорттық киімдерін әперді, оқуын, тәртібін, тұрмысын қадағалады. Жаттығу кеш біткен күндері машинасына топ баланы мінгізіп алып, үйлеріне тасыды. Жағдайы нашар баланы қасына жатқызды. Нағыз жалындаған, жарқылдаған жастық шағын соларға арнады. Енді, міне, сол балалары ұстаздарын туған әкелеріндей аялап, жан-жағынан қаумалап алған. Ал Темірхан Мыңайдарұлы сол баяғы ер көңіл, жайдары қалпы.
Иә, шынайы көңілмен адамға қуаныш сыйлай білсең, сол ақжарма пейілің айналып өзіңді табады. Досмұхамбетов шәкірттерінің ортасында шалқып тұрған сәтте осындай шуақты ойлар жаныңды тербейді екен.

Дайындаған Қыдырбек РЫСБЕК