21 қазан күні отандасымыз Жанат Жақиянов солтүстікирландиялық Райан Барнеттпен кездесті. Бұл жекпе-жекте Жақияновтың – жеңіл салмақтағы WBA (Super) нұсқасы бойынша, Барнеттің IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атақтары сарапқа салынған еді. Жанат біріккен жекпе-жекке Г.Головкиннен кейін шығуға мүмкіндік алған екінші отандасымыз болды. 12 раундқа жоспарланған кездесу толықтай өткізілді. Дегенмен төрешілер шешімі көпті көрген жанкүйерлердің өзін таңғалдырды.

Солтүстік Ирландия астанасы Белфаст қаласындағы SSE аренасында өткен кездесу, шынында да, күткен қызықтың бәрін ұсынды. Алайда төрешілердің бәрі Барнеттің күмәнсіз басымдық танытқанын белгілеп, аса жоғары ұпай қойды. Валери Дорсетт (АҚШ) – 118:110, Карлос Сукре (АҚШ) – 119:109, Паскуаль Прокопио (Канада) 116:112 ұпайын белгіледі. Бұл шешімдерді талдасақ, Барнетт Жақияновтан анағұрлым басым болғандай әсер қалдырады. Яғни шаршы алаң иесі қонақты 2-10 немесе 3-9 раундтар аралығында бас көтертпей жұдырықтаған сияқты.
Дегенмен ашу мен өкінішті шетке ысыра тұрып, салқын ақылға жүгінейікші. Барнетт біздің отандасымыздан, шынында да, басым болды ма? Жақиянов, шынында да, қатты таяқ жеді ме?
Жоқ. Бокстың майын ішкен мамандар Жақиянов пен Барнеттке қойылған ұпайлардың шындық ауылынан әлдеқайда алыс екенін айтады. Жанат қарсыласынан еш кем түскен жоқ. Қайта өзінің шыдамды екенін күмәнсіз дәлелдеді. Жекпе-жектен кейін айтылған түрлі пікірлерді іріктей отырып, біз Рики Хаттон бастаған команданың осы жекпе-жекке дайындық барысында бірнеше елеулі қателік жібергенін байқадық. Ол қандай қателіктер?
Ең негізгісі – жекпе-жектің Барнеттің Отанында, оның ішінде Белфастта өтуіне келісім беру. Өз жанкүйерлерінің көз алдында ұлыбританиялықтар Жақияновқа жеңісті сыйлай салмайтыны анық еді. Жеңісті жұлып әкету үшін 12 раунд бойы алға ұмтылу, бірінші нөмірмен шабуылдау тіпті аздық етеді. Осыны біле тұра, Хаттонның командасы біріккен жекпе-жекті «дұшпандар апанында» өткізуге келісті. Неге? Олар Жақияновтың Барнетті нокаутқа түсіретініне сенімді болды ма, әлде төрешілердің адалдығына күмән келтірмеді ме? Қарсыластың дегеніне көне беру біздің талантты боксшылар үшін оң болмайтынын Канело-Головкин жекпе-жегінде көрдік емес пе? Аделаида Бердтің Альварес пайдасына 118-110 есебін белгілеуі бокс әлемін әлі таңдандырып келе жатқан жоқ па?
Тактиканың дұрыс құрылмауы. 12 раунд бойы Жақиянов тынымсыз шабуылдады. Бұл дұрыс-ақ. Алайда Барнеттің командасы Жақияновтан дәл осындай өлермендік күтті. Сөйтіп, «алыстан арбаламай, жақыннан дорбалау» тактикасын тамаша ұстанды. Жақиянов көзсіздікпен алға ұмтыла берсін, Барнетт оны үнемі күтіп алуға дайын болуы керек. Осылайша Жанаттың соққыларын дарытпай, өзі мейлінше дәл соққылар жасауға тырысты. Керек сәтінде клинчке де жиі жүгінді. Алаңдағы төреші де осы ережеден тыс әрекетке көзжұмбайлықпен қарады. Барнетт кей сәтте Жақияновтың қолын көпе-көрінеу қысып жүрді.
В жоспарының болмауы. Жақиянов алға ұмтыла берудің нәтиже бермейтінін түсінген соң, шартты түрдегі В жоспарына ауысуға тиіс еді. Бірақ осы жоспар Жанат пен оның командасында тіпті болмаған сияқты. Отандасымыз бойының қысқалығын жақын қашықтықтағы ұрыспен жауып-жасырмақ болды. Бірақ Барнетт оны тез сезді, сөйтіп, алыстан шабуылдауға көшті. Дәл Головкин сияқты Жақиянов та 12 раунд бойы қарсыласын естен тандырарлық бір ғана соққымен есеңгіретуге ұмтылды да жүрді. Денеден, бүйректен ұрып шаршату секілді қитұрқы соққыларға мүлде жүгінген жоқ.
Соңғы раундтарда Жақияновтың шаршағаны анық білінді. Ә дегеннен-ақ жоспары іске аспаған соң, Жанат қарсыласын нұқыған соққылармен болса да шаршатуға тырысты. Бірақ күшін сақтаған Барнетт 9-раундтан бастап тіпті күшейе бастады. Мұны Хаттон да мойындады. Демек, бапкерлер Жақияновтың күшін 12 раундтың әрқайсысына тең бөлу қажеттігін де дұрыстап ойластырмағандай.
Жалпы алғанда, Жақиянов кездесуді нашар өткізген жоқ. Оның жеңіске лайық болғанын белгілі журналист Скотт Гилфойд (Boxingnews24.com) айтып отыр. Дегенмен мұндай пікірлер азғана.
Осы кездесуден кейін Жанат WBA (Super) атағынан айырылып қалды. Оның статистикасына да өзгеріс енді. Қазір отандасымыздың кәсіпқойлар арасындағы 29 кездесуінде екі жеңілісі бар. Ал Барнетт 19 кездесуінің бәрін жеңіспен аяқтады.
Ең бастысы, Райанның командасы алдағы уақытта Жақияновпен қарымта кездесу өткізуге құлшынып отырған жоқ. Промоутер Едди Хирннің айтуынша, Барнетт Белфаст қаласына 2018 жылдың ақпан-наурыз айларының бірінде келіп, тағы да біріккен жекпе-жек өткізуі мүмкін. «Дивизиондағы барлық белбеулерді бір қолға жинасақ деген ойымыз бар. Біздің салмақта әйгілі боксшылар жиналған. Джейми Макдоннелл (WBA нұсқасының тұрақты чемпионы), Пол Батлер (WBA титулынан үміткер және IBF нұсқасының бұрынғы чемпионы), Золани Тете (WBO чемпионы) сияқты мықтылар әр нұсқа бойынша атаққа ие. WBC титулы әзірге бос. Райан осының барлығын жинамақшы», – деді ол Sky Sports арнасына берген сұхбатында. Байқағанымыздай, Жақиянов туралы бір ауыз сөз жоқ.
Дегенмен Жақияновтың туы жығыла қоймас. Ол өз өмірінде бұдан да ауыр сындарды басынан өткерген. Күні ертең-ақ ол әлем чемпионы атағына қайтадан жол ашар. Бүгінгі сәтсіздік ертеңгі жеңістердің сабағы болса игі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз