3 қараша күнi Алматыдағы «Алтын бесiк» ықшамауданының тұрғындары наразылық акциясын өткiздi. Жергiлiктi шенеунiктердiң құрғақ уәдесiнен шаршаған олар президент Н.Назарбаев пен Алматы қаласының әкiмi А.Есiмовтiң атына үндеу жолдады. Ықшамауданның құрылғанына бiраз уақыт болса да газ, су құбырлары, канализация, орталық жылу сынды тұрмыстық қажеттiлiктер осы уақытқа дейiн жүргiзiлмеген. Асфальт төселмеген аудан көшелерiмен көктем және күз айларында жүру мүмкiн емес. Ал түнгi уақытта көшеге шығу тiптi қауiптi. Көшелерге жарық түсiрiлмеген. Жуырда ғана ауданнан жұмыстан қайтқанда көше бұзақыларының қолынан мерт болған жас қыздың мәйiтi табылған. Ықшамауданның 250 отбасы: «ХХI ғасырда бiз тас дәуiрiнде өмiр сүрiп жатқандай күй кешудемiз», – дейдi. Олар үндеуде айтылған талаптары орындалмаса, «Қазақстан – 2012» қозғалысына қосылып, мәселенi шешудiң саяси жолдарына көшетiндерiн мәлiмдедi.




