19 қараша 2009
В.Козловты «қаралап», оның партияластарына қысым көрсетiп жатыр
Кеше Ұлттық баспасөз клубында жиын өткiзген тiркелмеген «Алға» партиясының жетекшiсi Владимир Козлов «Zona.kz» интернет порталының бас редакторы Юрий Мизиновтың өзiнен кешiрiм сұрауын талап еттi. В.Козловтың айтуынша, Мизинов басшылық ететiн интернет басылымда жарық көретiн әлдебiреулердiң пiкiрi оның ар-намысына кiр келтiредi. Газеттiң бас редакторы өзiнен кешiрiм сұрамаса, ол тиiстi шараларды қолға алатынын мәлiмдедi.
Жиында В.Козлов тек осы мәселемен шектелiп қалған жоқ. Оның айтуынша, «Алға» партиясының облыстардағы мүшелерiне жергiлiктi басқару органдары тарапынан қысым көрсетiлуде. Оған дәлел ретiнде бiрнеше облыстағы партия мүшелерiнiң «Алға» жетекшiсiнiң атына жазылған арыздарын келтiрдi. Онда «Алға» қатарынан кетпесе, “жұмыстан шығарамыз немесе зейнетақыңды қысқартамыз” деп жергiлiктi билiк өкiлдерi партия мүшелерiне қысымшылық жасағаны туралы шағым айтылады.




