Жастар өмірінің жыршысы

24

Жазушы Еркінбай Әкімқұлов есімі көзіқарақты қауымға жақсы таныс. Қаламгердің «Қош бол, альбом!», «Қыз күнделігі», «Жанарым – жарық дүнием», «Перизат сезім» сияқты ертеректе жазылған дүниелерін әсіресе жастар жағы қолдан қолға тигізбей оқыды. Өйткені бұл шығармаларда екінің бірін бейжай қалдырмайтын махаббат тақырыбы шынайы суреттелді. Шығармашылығына жастар өмірін жан-жақты арқау еткен жазушы мұның себебін өзінің ондаған жылдар бойы кезіндегі «Лениншіл жас», яғни бүгінгі «Жас Алаш» газетінде қызмет істегенімен байланыстырады.

«Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, 1959 жылы жастар басылымына орналастым. Бұрыннан істеп келе жатқан журналистердің көпшілігі үлкен қызметтерге ауысып кеткен екен. Содан КазГУ-ді бітірген бес адам жұмысқа тұрдық. 1968 жылға дейін істедім. Әуелі комсомол тұрмысы, шаруа жастар бөлімі, насихат бөлімі, аяғында әдебиет бөлімінде істеп, сосын Алматы қалалық партия комитетіне жұмысқа ауыстым», – дейді ол жөнінде қаламгер.

Айтса айтқандай, Еркінбай Әкімқұловтың еңбек жолы сан тараудан тұрады. Ол 1968-1974 жылдары аталған партия ұйымының үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы болса, одан кейінгі уақыттарда республикалық «Жазушы», «Жалын», «Рауан» баспаларында әртүрлі қызметтер атқарды, көркем аудармамен айналысты, әдеби-сын мақалалар, очерктер жинағын шығарды. Жалпы, сөз өнерін жанына бала кезінен серік еткен қаламгер қай салада, қандай қызмет атқарғанына қарамастан, әдеби ізденістерін еш тоқтатқан жоқ.
«Еркінбай Әкімқұлов бір қарағанда әдебиетке кештеу келген қаламгер санына қосылатын сияқты. Бірақ ол Ерекеңнің қолынан жазу келмегендіктен емес, сөз өнерін қатты құрмет тұтқандықтан, «өнер алды – қызыл тіл» алдындағы жауапкершілікті жете сезінгендіктен туған қадам еді», – деп Оралхан Бөкей айтпақшы, ол көркем дүние жазуға әбден кемелденіп барып келді.
Жастар басылымында жүріп жинаған өмірлік тәжірибелері мен алған сабақтары, көкейге түйген ойлары жазушы қаламынан жақсы шығарма болып өрілді. Ең бастысы, бұл оның жастар өмірін, жан дүниесін терең түсінуіне жол ашты. Осылайша «Жанарым – жарық дүниемдегі» Заңғар, «Домбырадағы» Ербол, «Жаңа әулеттегі» Таубай, «Момындар үлесіндегі» Бекайдар оқырманға бүкіл болмыс-бітімімен, қыр-сырымен шынайы кейіпте танылды. Бұл ретте Еркінбай Әкімқұлов замандас бейнесі арқылы қарапайым адамдардың тағдырын, тыныс-тіршілігін де шебер көрсете білді. Мәселен, «Жанарым – жарық дүнием» повесіндегі Заңғар – табиғатынан талантты, зерек азамат. Басына түскен ауыртпалыққа мойымай, бақыты үшін күрескен жас жігіттің жарық дүниені қайта көруіне сүйген қызына деген адал махаббаты себепкер болады. Бұл жөнінде: «Батыс Қазақстанның бір ауданында партия комитетінде істеген жігіт менімен бірге Қырымда демалған еді. «Жанарым – жарық дүнием» соның өмірінен алынған. Кейіннен өзі: «Барлық жазушыларды білемін деп айтпаймын. Бірақ өзім оқығандардың ішінен сіздей жазушыны кездестірмедім. Өзімнің өмірімнен алынғандықтан емес, жалпы, шығарманың оқиғасын өте тартымды етіп беріпсіз», – деп қатты риза болғаны бар», – дейді жазушы. Бір бұл ғана емес, Е.Әкімқұлов шығармаларына арқау болған оқиғалардың дені нақты өмірден алынған.
Бүгінде 80-нің сеңгіріне шыққан қаламгер Ғабит Мүсіреповті өзіне ұстаз тұтқанын, Ғабеңнің баяғы қазақтың би, шешендерінің тіліне ұқсас көркем де кестелі тіліне, зерлі ойларына тәнті болғанын айтады. «Кезінде ол кісінің шығармалары жөнінде кандидаттық диссертация да жазбақ болғанмын. Ғабең өзі тоқтатты. Өйткені ол кезде ғылыми жұмыс жазу, оны қорғау оңай емес болатын», – дейді.
Өз қатарластарының ішінен Бексұлтан Нұржекеевпен, Дулат Исабековпен жақсы аралас-құралас, пікірлес болған ол қос қаламгердің шығармашылығын да жоғары бағалайды. Сондай-ақ ол Дулат Исабековті драмалары жөнінен Әуезовтен кейінгі деңгейде деп есептейтінін жасырмайды.
Жанды тербеген, көкейдегі нәрсені жазбауды адамның өзіне қиянат санайтын қаламгер соңғы жылдары оқырманға «Құрман ата», «Шәмші Қалдаяқов» романдарын ұсынды. Сол сияқты «Әділет салмағы», «Шыбық бел», «Кішкентай тарақан», «Немере», «Сен қайтер едің?» әңгімелері де терең мазмұнға, салмақты ойға құрылған, көркемдік дәрежесі жоғары шығармалар. Жазушы бүгінгі таңда «Әзірет Сұлтан» драмасын жазу үстінде. Өмірден тым ерте кеткен Саттар Ерубаев өміріне қатысты да тағылымды дүние қалдыру ойында бар. Уақытқа мойынсұнбаған, санасы сергек, ойы жүйрік қаламгердің қалың оқырманға әлі талай тұшымды дүниелер ұсынатыны анық. Біз соған тілектеспіз.

Р.ҚҰРМАНБАЙ

Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ

БЕЙПІЛ АУЫЗ
Қазір ғой жұрттың бәрі
Сыншы болды.
Тәйірі, сөз деген не?
Қолға ұстаған қамшы болды.
«Тисе – терекке» деп,
«Тимесе – бұтаққа» деп,
Алды-артыңа қарамай
Қойып қаласың.
Сөйтіп, «сықақшы» деген атақты
Ел арасынан ойып аласың.
Жұрт «шіркін» дейді,
«Аспанға атты бөркін» дейді.
Атақ деген сол емес пе!
Оңыңа келсе, қол емес пе?!
Коррупцияны қышырлатасың,
Сыбайластықты сылқылдатасың.
Бәрі қолыңда,
Шенеуніктер жолыңда
Құрбан болады.
«Нұр Отан» деген ұраның болады.
Қойшы, әйтеуір, «бейпіл ауыз» деген
Атың шығады.
Өндіріс орындарынан
Затың шығады.
«Дәу», «зор» деп.
Сені жұрт паналайды,
Басқа ешкімге қарамайды.
Сөйтіп, батырекесі, танысып қой!
Жақсылармен жанасып қой.
Ақ батам – осым,
Мәңгілік менің досым!..

БҮРКІТ пен ШАЛ
Бүркіт те қартайды,
Шал да қартайды,
Екеуінен де әл кетті.
Уақыт оларды
Арттарынан дәл тепті.
Сөйтіп, Алланың әмірімен,
Әзірейілдің «темірімен»
О дүниеге аттанғалы жатты.
Сонда ақсақал тіл қатты:
Садағаң кетейін, бір жыл шыдашы?
Жоқ, болмайды.
Иә, маған сол қайғы!
Әйтпесе берші бес ай?
Мәссаған!
Бес ай тұрмақ,
Бес күнге зар қыламын,
Тынысыңды тар қыламын!
Жазығым не, әкем-ау?
Өлер сәтің тақау.
Не кінәм бар сонша?
Қылмысыңды білем қанша!
Ойбай, жала, өтірік!
Тынатын шығармын өлтіріп!
Мә! – деп шал жұдырығын көрсетті,
Демі қолқаға кеп тарс етті.
Сонда шал бүркітін іздеді.
Оның көзі от боп маздады,
Қайратты, қанатты шағына сап,
Тауға қарап шаңқ-шаңқ етті,
Шал түлкінің боғын іздеп,
Дала кезіп шауып кетті…