Журналистік ортада қызу пікірталасқа жол ашқан «Ақпараттандыру және байланыс мәселелері жөніндегі» заң жобасына енгізілгелі жатқан өзгертулер мен толықтырулар Астанада өткен Astana media week форумында да талқыланды. Ақпарат және байланыс министрлігі дайындаған 200 шақты түзету мен толықтыру қабылданып кетсе, журналистиканың жаназасын шығара беруге болады деп дабыл қаққан ұйымдар мен құқық қорғаушылар Астанада пікірлерін тағы бір мәрте ортаға салды.

Заң жобасын талқылауға белсене араласып жүрген БАҚ өкілдері мен құқық қорғаушылардың айтуынша, жаңа түзетулер журналистердің жұмысына тұсау салып, біраз шектеуге жол ашпақ. Мәселен, бұл жайлы сөз қозғаған заңгер Сергей Власенко тілші мақала жазбас бұрын, сол мақалаға арқау болған шенеуніктің өзінен мақаланы жариялауға рұқсат алуға тура келетініне тоқталып, журналист шығармашылық еркіндіктен айырылып, жалаң ақпарат берушіге айналатынын қынжылыспен жеткізді. Демек, БАҚ өкілі шенеуніктің қаржы жымқырғаны жөнінде мақала жазса да, оны әлгі шенеуніктің өзінен жазбаша түрде рұқсат алып барып қана жария ете алады. Мұндай миға қонымсыз түзетулерден кейін журналистика шығармашылық сала болудан қалып, журналистік зерттеу жүргізуге жол жабылып, тілші жалаң ақпарат таратушыға айналары анық.

Бірақ бұл – заң жобасындағы қитұрқылықтың бергі беті ғана. Ақпарат құралы лауазымды тұлғаның жеке өмірі, отбасы құпиясы туралы ақпаратты жария етпес бұрын, сол тұлғаның өзінен рұқсат алуға міндетті. Алайда заң жобасы отбасы құпиясы деген түсініктің не екенін егжей-тегжейлі түсіндірмейді. Құпия ақпарат түсінігін алға тартып, желеу еткен шенеунік үшін бұл – ақпарат құралына шүйлігуге жақсы сылтау.
Үңіле түссек, заң жобасының авторлары «құқық пен мүддеге қайшы келетін мәліметтер» деген түсінікті енгізіп отыр. Демек, мақалада аты аталған кімде-кім редакция оның мүддесіне қайшы келетін мәліметтер жариялады деп тапса, сол БАҚ-тан тиісті жауап талап етуге қақы бар әрі БАҚ оның бұл жауабын бес күннің ішінде жария етуі қажет.

Жоба авторларының дегені іске асса, желі қолданушылары ғаламтордағы ақпарат құралдарына бұрынғыдай емін-еркін пікір қалдыра алмайды. «Ақпараттандыру және байланыс туралы» заң жобасы пікір қалдырғысы келетін кез келген қолданушыны электронды үкімет порталында тіркелуге міндеттейді. Қызығы, заң жобасын талқылаған жұмыс тобына қатысқан БАҚ өкілдері мен құқық қорғаушылар бұл баптың алынып тасталуын талап етіп, мақсаттарына жеткендей болып еді. Алайда жұмыс тобында журналистерді жұбатқандай болғанымен, артынша мәжіліске осы бап алынбаған заң жобасы өтіп кеткен болып шықты.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының жетекшісі Тамара Калееваның айтуынша, жаңа заң жобасы журналистердің жемқорларды әшкерелеп, жемқорлыққа қарсы күресуіне шектеу қойғалы тұр. «Тілші медициналық, дәрігерлік, коммерциялық, жеке және отбасылық құпия жөнінде ақпарат жарияламас бұрын, мақалада аты-жөні айтылатын адамнан жазбаша түрде рұқсат алуы керек дейді. Ал жеке және отбасылық құпия не екенін ешкім білмейді. Бұл туралы заңда анық-қанық жазылмаған. Ол біреуді сынайтын ақпарат болса, әлгі адам келісімін қайдан берсін?! Бұл – журналистік зерттеу жасалмайды деген сөз. Бұл – бір.

Екіншіден, қазір мақалаға арқау болған тұлғалардың БАҚ-тан терістеме талап етуге қақы бар. Енді бұлар, одан бөлек, БАҚ-тан жауап алуға міндеттегісі келеді. Мақала біреудің шамына тиген болса, ол адам БАҚ-қа тиісті сауал жолдаған соң бес күн ішінде редакция тиісті жауабын дайындап, жариялауы керек. Оның үстіне мүддеге қайшы келетін ақпарат деген түсінік енгізілгелі отыр. Бірақ мәліметті біреу мүддеме қайшы дегенмен, ол жалған ақпарат болмаса ше? Мәселен, мәслихат сайлауына үш мәрте сотталған адам түсті делік. Ол туралы жарияланған ақпарат рас, алайда ол адам оны мүддеме кір келтірді деп табатыны анық. Бұлай кете берсе, кез келген сыни ақпаратты беруден қаламыз.

Үшіншіден, қазір журналистер тиісті органдарға сауал жолдаса, үш күн ішінде ресми ақпаратқа қол жеткізуге құқы бар. Жаңа заң авторлары бүкіл ақпаратты ресми және ресми емес деп екі топқа бөлді. Ресми ақпаратты мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалар береді. Бұған сайттағы жарияланымдар мен шенеуніктердің көпшілік алдында сөйлеген сөздері де жатады. Егер журналист сайтта жарияланған немесе көпшілік алдында сөйленген сөзден әлденені түсінбей қалып, нақтылайтын сұрақтар жолдаса, мемлекеттік органдар екі күн ішінде жауап беруге міндетті. Ал қалған ақпараттың барлығы ресми емеске жатады. Оны алу үшін мемлекеттік органға сауал жолдап, 15 күн күтесіз. Екі апта өткеннен кейін алынатын ақпараттың не өміршеңдігі қалмақ?» – дейді Т.Калеева.

«Әділ сөз» қорының төрайымы заң жобасын жасақтаушылар ақпарат құралдарында істеп көрмеген, журналистиканың ішкі жағдайын білмейтін болғандықтан, шығармашылықты шектейтін заңды дайындап шығарды дейді.

Интерньюс-Қазақстан заңгері Ольга Диденко да жаңа заң жобасы журналистердің ақпарат алуын қиындатпақ дейді. «Заңда жауап беруге 15 күн беріледі десе, сауалыңызға жауапты дәл осы мерзім ішінде ғана қол жеткізесіз. Белгіленген мерзімде жауапқа қол жетпеген күннің өзінде, ешкімді жауапқа тарта алмайсыз, өйткені әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған», – дейді ол.

О.Диденконың айтуынша, талқылаудағы заң жобасында оң өзгерістер де жоқ емес. Мәселен, журналистер өзге тұлғалардың суретін бірнеше жағдайда олардың рұқсатынсыз тарата алатын құқыққа ие болмақ.

Десек те, Т.Калеева заң жобасындағы өзге де ұсақ-түйек өзгерістер журналистік қызметке кедергі келтірмек деген ойда. «Бұрындары газеттің соңғы бетінде жарияланатын мәліметтер әкімшілік тарапынан қадағаланатын. Қате кеткені үшін талай БАҚ-тың басы дауға қалғаны бар. Соңғы екі жыл ішінде бұл кілт тоқтап қалған еді. Сөйтсем, олардан бұл өкілеттілікті тартып алған екен. Алайда бұл заң қабылданып кетсе, министрліктің аумақтық бөлімдері бұл өкілеттілікке қайта ие болмақ. Бұл дегеніңіз – министрлік оларға БАҚ-ты қадағалау мен бақылау тетіктерін қайтарып береді деген сөз», – дейді ол. Осылайша министрліктің аумақтық бөлімдері ақпарат құралдарын қадағалау тетіктеріне ие болып, күшіне мінбек.

Елнұр Бақытқызы