Мұхиттың ар жағындағы, бізге бала кездегі ертегідегі Айболит пен Бармалей секілді ғажайып кейіпкерлер мекендеген Лимпопо өзенімен ғана таныс боп келген Зимбабведегі саяси билік ауысуы төрткүл дүниені ғана емес, осы африкалық мемлекетпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қазақ елін де біраз шулатқаны рас. Оның өзіндік себептері де жоқ емес.

Өйткені, дәлме-дәл болмағанмен, екі елдің бір-біріне ұқсас тұстары баршылық.

Әрине, экономика саласында Қазақстан біршама ілгері тұр: не дегенмен жер қойнауымыздағы Менделеев таблицасы өз әсерін тигізіп отыр. Үкімет қаншалықты қауқарсыз әрі қабілетсіз болса да, тірі адам өз тірлігін жасайды, аш қалмайды. Мұнай және басқа байлықтарды сатудан түскен қыруар қаржы да мемлекеттің әлеуметтік әлеуетін төмен деңгейде болса да, ілдәлап сақтап қалуға мүмкіндік беруде.

Ал қоғамдық-саяси өмірді алсақ, бір-бірінен аумайтын ұқсастықтар көбірек.

Екі елде де ширек ғасырдан астам бойына өзгеріссіз келе жатқан бір адамның билігі мықтап орныққан. Барлық өкілеттіктің бір тұлғаның қолына шоғырлануының өзіндік салдары болады. Екі елде олар да біркелкі: суперпрезиденттік жүйе жағдайында бейшараның күнін кешкен әлжуаз әрі бас билікке көнімпаз парламент пен сот жүйесі. Биені бүгімен, түйені түгімен жұтқан жемқорлық. Лас сайлаулар, саяси оппоненттерді қудалау, еркін баспасөзді жауып тастау секілді авторитарлық жүйенің туа біткен сырқаттары да бір-бірінен аумайды. Толстойшыласақ, «авторитарлық жүйелер бақытты кезінде бір-бірінен аумайды, ал бастарына іс түскенде – әрқайсысы бөлек күй кешеді».

Бір қызығы, Мугабенің өзі де кезінде оппозицияда болған, елдің Тәуелсіздігі үшін тер төгіп, қолына қару ұстап, күрестің алғы шебінде болған. Сол үшін 10 жыл (!) түрмеде отырып шыққан. «Екінші Нельсон Мандела» деген бейресми атақ алып, дүниежүзілік беделге ие болған, тіпті екінің бірінің қолы жете бермейтін «Ұлыбритания рыцарі» атанған.

Билікті сынап отырып, әділеттік пен шындық ұрандарын ту еткен ол таққа қолы жеткен соң бұзылды, бұрынғы демократиялық ұстанымдарынан айнып шыға келді: барлық жеке дара басшылардың тағдыры мен диагнозы осындай емес пе?!

«Билік адамды азғырады, ал абсолютті билік оны абсолютті түрде азғырады» деген қанатты сөз бар. Мугабе — осы тамаша сөздің тамаша үлгісі!

«Тақ көрсе, демократ жолдан таяды» деген сөздің жаны бар сияқты.

Жә, 93-ке келіп, асарын асап, жасарын жасаған Мугабе атты қара шал Құдай басына жазғанын көре жатар, менің онда алты аласым, бес бересім жоқ. Менікі – Зимбабве секілді мемлекетпен біршама ұқсастығы бар өз елімде бас биліктің қалай ауысатыны жайындағы уайым.

Біздің транзиттік «нұрлы жол» қандай болмақ?

Қазақстандағы биліктің ауысуы әлі де ел басқарып отыруға бар мүмкіндігі бола отырып, 1999-жылдың Жаңа жылының қарсаңында теледидарға шығып, халқынан кешірім сұрап, өз орнына өзі таңдаған мұрагерді отырғызып кеткен Ресей президенті Борис Ельциндікіндей бола ма? Борис аға осы қадамымен өзінің барлық дұшпанын батпаққа отырғызып кетті емес пе?! Өз еркімен биліктен кеткен екінші Ресей басшысы болып (алғашқысы тақтан бас тартқан Николай II патша болды) тарихта қалды. Ең бастысы – Путиннен өз отбасына ешкім тиіспейді деген кепілдік те алды, сөйтіп өз үрім-бұтағын қылмыстық қудалаудан аман сақтап қалды. Ресей экономикасын өз қолымен олигархтардың қолына өткізіп берген, «аузы жесе де, жемесе де қан» Ельцинге одан артық не керек еді?

Бұрын-соңды үлкен саясатқа араласа қоймаған КГБ подполковнигі бір-екі жылдың ішінде бұрын-соңды болмаған карьера жасап, билік шыңына өрлеп, Кремльдің төрінен бір шықты емес пе?!  Олай болса, біздің биліктің ішінде (немесе оның айналасында) әзірше ешкімнің көзіне түсе қоймаған, елеусіз «қазақтың путині» жүрген болса керек.

Болмаса, постсоветтік кеңістікте алғаш боп, бас биліктің өркениетті формада ауысуының тамаша үлгілерін көрсеткен Балтық жағалауы республикаларының даңғыл демократиялық жолына түсеміз бе? Олардың басшылары жай кетпей, өздерінен соң өкілеттігі мол парламенттік жүйе түзіп, соны қалдырып кетті, сол саяси модель қоғам мен биліктің тұрақтылығын осы күнге дейін қамтамасыз етіп келеді: осы уақыт ішінде ол елдерде президенттер бірнеше дүркін ауысып үлгерді, одан ешнәрсе де бүліне қойған жоқ, керісінше, билік жүйесі қоғам бақылауына көшіп, жемқорлық азайды, экономика мен әлеуметтік сала европалық стандарттарға жақындап, елдің тұрмысы түзеліп, ауқаты артты.

Қайдам, биліктің бүгінгі тірлігіне қарасаң, дәл осындай, 26 жылға созылып кеткен бір адам басқарған жүйеден әбден шаршаған қоғамның көңілінен шығар өркениетті қадам жасау туралы бас қатырып жатқанға мүлдем ұқсамайды!

Билікпен қоштасудың басқа да заманауи жолдары бар екенін көршілеріміз де көрнекті түрде көрсетіп жатыр емес пе? Өзіне алтын ескерткіштер құйғызған, «Түрікменбашы» атанған Ниязовтың ақыры не болды: «өлдің, Мамай, кор болдың»! Биліктен өле-өлгенше айрылмаймын деп жүріп, аяқ астынан мерт болды да, бар билік парламент не саяси партияға емес, кезінде президенттің тісін емдеп жүрген, содан бірден жоғарыға көтеріліп кеткен Ғұрбанғұлы Бердімұхаммедовтің қолына өтіп кетті. Бір қызығы, Конституция бойынша келесі президент боп парламент төрағасы  Өуезгелді Атаев ұсынылуы тиіс еді, бірақ оның үстінен кенеттен қылмыстық іс қозғалып, ол биліктен шеттетіліп қалды (саяси қарсыластардан құтылудың жолдары бір-біріне ұқсап жатыр!).

Көрші Өзбекстандағы Кәрімовтің жағдайы да баршаға белгілі: көзі тірісінде билік транзиті мен трансформациясын қолға алмай, созып жіберіп еді, енді отбасының мүшелері не шетелде қаңғып жүр, не үйқамақта отыр.

Меніңше, тұрмыстық сипаты бар «қыс арбаңды сайла, жаз шанаңды сайла» деген халық нақылының саяси астары да бар. Яғни, ел басқарып отырған кез келген басшы өзінен кейінгі саяси ландшафттың қандай боларын, өз орнын кім (жеке тұлға немесе ұжымдық орган) басарын осы бастан, көзі тірісінде қамдап қоюы тиіс!

Және де Зимбабве секілді экзотикалық ел сылтау боп отырған осы тәмсілдің біздің елге де тікелей қатысы бар!

Өйткені, «жаман айтпай, жақсы жоқ» бүйтпеген жағдайда не болары белгісіз. Мәселен, өз халқы көтеріліп, тағынан тайып, елінен безіп кеткен көрші қырғыздың қос президенті Ақаев пен Бакиевті алайық. Олар да кезінде өз креслосында мұртын балта шаппайтындай отырған еді ғой. Елімен санаспады, жемқорлыққа жол берді, отбасын мемлекеттік қызмет пен бизнеске молынан араластырды. Ақыры не болды?!

Мугабенің де ең осал тұсы, «ахиллес өкшесі» отбасы боп шықты емес пе? Мугабенің өзінен қырық жастай кіші екінші әйелі Грейс «алтын жағаң болса да, жаға менен жең керек» деген қарапайым қағиданы есінен шығарып, алғандай. Әйтпесе, мұрнынан есек құрт түсіп байлыққа кенелген оның бақыттан басы айнылап кетпей, 93-тегі байының орнын басып аламын деген тіпті орынсыз әрі оғаш ойы болмағанда, жағдай осылайша ушығар ма еді? Құдай қосқан шалының ежелгі досы, вице-президент Эммерсон Мнангагваны орнынан алып тастап, елден қуып жібермегенде, «баяғы Мугабе сол Мугабе» боп, 40-жылдық диктатураның тарихы түк болмағандай жалғаса бере ме еді, кім білген!

Бәрі дұрыс қой. Міне, халқының басына әңгір таяқ ойнатып келген тағы да бір диктатор тағынан тайды. Және де бұл XXI ғасырдың басты саяси тренді болайын деп тұр: адамзат неғұрлым ақпараттық, технологиялық, коммуникациялық, бір сөзбен айтқанда, өркениеттік тұрғыдан дами түскен сайын, авторитарлық жүйелер де құри береді. Заманауи заңдылық пен қоғамдық қисын сондай!

Бірақ бір нәрсе өкінішті-ақ: Қазақстан секілді бар мүмкіншілігі бар, Құдай бәрін бере салған, төрт құбыласы түгел мемлекет бола отырып, бас биліктің транзиті туралы әңгіме қозғағанда біз әлемнің басқа, дамыған елдерінің тәжірибесі емес, өркениетті дүние баяғыда-ақ өз санатынан шығарып, аластап тастаған Зимбавбе секілді «зың-зың», диктаторлық ел тәжірибесін де ескеруге мәжбүрміз. Жетіскен екенбіз! Соған жаның ашиды.

Әміржан Қосанов, тәуелсіз саясаткер, «Жас Алаш» газетінің тұрақты авторы

2 ПІКІРЛЕР

  1. Атамыз қазақ «қартаүғанда бір бала» деп текке айтпаған. 93 тегі кәрі бала елді де, билікті де, халықты да өзімнің жеке ойыншығым деп ойлады, қалауынша қағыстырып ойнады ғой. билік пен байлық ең үлкен есірткі. одан баз кешіу ең үлкен мәрттік және ерлік. бұған үлкен жүрек пен қоса ақыл және иман керек. өкінішке орай бейішті місе тұтрай шектелген жемісті жеймін деп соры қайнаған адам атаның ұрпағы болған біз бар бақытсыздықты өз қолымызбен жасаймыз.

  2. НӘПСІБАЙ БАТЫР! СЕНІҢ АТАҢДА МӘРТТІКТЕ, ЕРЛІКТЕ ЖОҚ. ЖҮРЕКСІЗ ӨЗ ХАЛҚЫНАН ҚОРҚАТЫН ҚУЫС
    КЕУДЕ. АҚЫЛЫ ДА, ИМАНЫ ДА ЖОҚ НАҚҰРСТЫҚҚА ҰШЫРАДЫ. АЙТҚАНЫҢНЫҢ БӘРІ ДҰРЫС ҚАЗАҚ
    БАҚЫТСЫЗДЫҚТЫ ӨЗ ҚОЛЫМЕН ЖАСАП ОТЫР. АТАҢНЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАСАП ОТЫРҒАНЫ ӨЛЕР АЛДЫНДАҒЫ БОЙ ЖАЗУ. ӘУЕЖАЙҒА, КӨШЕГЕ, ОҚУ ОРНЫНА ЕСІМІН БЕРГІЗІП МӘҢГІЛІК АДАМ БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ.
    ОЛ ДАРУШКАСЫНЫҢ БОС ДАЛБАСАСЫ, САНДЫРАҒЫ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз