Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 03 Мамыр 2024

«Әлемдік деңгейдегі» ҚазҰУ-дың мүшкіл хәлі

ҚазҰУ
Фото: из открытых источников

Соңғы уақыттары ғылым мен оның жағдайы көп айтылып, жаңалықтар көз ілестірмей жатыр. Бірақ шынайы өзгерістер әлі көп күттіретін секілді.

 Министрден бастап ректорларға дейін тап-тұйнақтай сөз сөйлеп, кереметтей есеп беріп отырса да ЖОО-лардағы жағдай көңіл көншітпейді. Бұл туралы математика ғылымдарының докторы, қазіргі таңда Бельгияда постдокторантура бойынша жұмыс істеп жүрген қазақ ғалымы Қанат Төленов айтып берді. Ғалымның айтқандарын өз сөзімен беруді жөн көрдік. 

Біз мектепті аяқтап, оқуға түскен жылдары сол кездегі ҚазҰУ, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсу арман болатын. Өзім Қазақ-түрік университетінен бакалавр дипломын алдым. Үшінші курста математиканың функционалдық талдау деген өте абстрактілі саласы оқытылды. Осы пәннен берген профессор Нұрлан Иманбаев есімді ұстазым студенттеріне ғылым жайын көп айтатын-ды. Сол бір әңгімелерден соң Қазақстандағы ғылым қалай дамып жатыр, деңгейіміз қандай деп көп ойлана бастадым. Уақыт өте қызығушылығым тек еселене берді. Іштей ниетімді байқаған Нұрлан Иманбаев ғылым қуамын десең «КазГУ-ға бар» деп кеңес қылды. Ақыры арман қуып Алматыға келдім, лидер саналатын ҚазҰУ-дың аты жер жарған мехматына магистратураға түстім.

Университетімізге академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелдік профессорлар келіп тұратын. Магистранттарды да шетелге жіберіп, оқытатын. Көпшілік Еуропа, Париж көруді армандап, сонда кетті. Ал мен Қытайды таңдап, бір ай Синьцзянь университетінде білім алдым. Бұл менің шынайы ғылымды ұғына бастауымның алғашқы қадамы болды десем артық болмас. Тағы бір мүмкіндік туғанда осы университетке екі рет барып, бес айдай ғылыммен айналыстым. Осыдан соң мүлде жаңаша серпіліс туды. Ғылым деген өз факультетіңде мықты болу емес, магистратураға түсіп алып, басқа жұмыс істеп жүру емес. Ғылым деген – ғылым!

2012 жылы магистрлігімді ала салып, дереу докторантураға тапсырдым. Онда бір қазақстандық, бір шетелдік жетекші болады. Шетелдік жетекші ретінде магистратура кезінде Қытайдағы жетекшіміз болған қытайлық ғалым, қазақ профессоры Тұрдыбек Бекжанды таңдадық. Бірде осы жетекшіміз АҚШ-тың Мичиган штатындағы белгілі университетке ұсыныс хат жазып берді. Сөйтіп, Детройд қаласында үш ай білікті ғалымдармен жұмыс істедік. Кейіннен функционалдық анализ, талдау, операторлар теориясы бойынша терең зерттеулер жасай бастадық. 2017 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Аустралияның Сидней қаласында бір жыл тағылымдамадан өттім. Осыншама шетелдік білім ордаларын, ондағы жағдай мен ғылымды көріп, елге қайта оралдым. Дәл мен келген жылы ҚазҰУ-да алғаш рет постдокторонтура ашылды. 2021 жылға дейін постдок оқып, екі жылдай сонда дәріскер болдым. 2023 жылдың ақпанында Бельгияның Гент қаласына келдім. Мұнда да постдок бойынша зерттеу лабороториясында жұмыс істеп жатырмын.

Осы уақыт аралығында әлемнің елуден астам университетін аралап, табалдырығынан төріне дейін таныстым. Оның ішінде посткеңестік елдер де, дамушы елдер де, дамыған Еуропа елдері де бар. «Көре-көре көсем боласың» демей ме? Салыстырып отырсақ біздегі әттеген-айлар әлі де көп. Жалпы, соңғы уақыттары Қазақстан ғылымға көп көңіл бөліп жатыр, жағдай жақсарып жатыр деп жиі айтылады. Оған дауым жоқ. Бірақ бәрі сөз бен жаңалықтардағыдай жылтыр емес. Сол ғылыми ортада жүрген адамдар әлі де біраз кемшіліктің барын біледі. Осы ортадағы ғалымдардың бірі ретінде айтарым, мақтай беру бәрінің қолынан келеді. Алайда ысқырығы жер жарған ұрандар айтылғанымен, қарапайым түбірлі мәселелер шешілер емес.

Ғылым үшін қызмет ететін – институттар мен жоғары оқу орындары. Басқа институттарды білмеймін, бірақ математика және математикалық модельдеу институты қазір ғылым жасауға өте қолайлы режимде жұмыс істеуде. Ал университеттерге келер болсақ, жоғарыда айтқанымдай, лидер саналатын, қара шаңырақ аталған ұлттық университетіміздің жағдайы мәз болмай тұр. Көшбасшымыздың жағдайы осы болса, басқа университеттер мен өңірлік оқу орындары не болып жатыр екен деп ойлайсың... Бұлай дейтін себебім, ҚазҰУ-да ғылымға мүлде жағдай жоқ. QS деген рейтингте 165-орындамыз деп мақтанады. Шындап келгенде, біздің ЖОО-лардың бәрі осындай рейтингті абырой көріп, жанталасып жүр. Салыстыру үшін айталық, жоғарыда сөз болған Детройд қаласындағы Wayne State University АҚШ-тың тек өз ішіндегі жүздікке де кірмейді-ау. Ол да, қазір жүрген Бельгиядағы Ghent University де рйетингте ҚазҰУ-дан ілгері тұрған жоқ. Бірақ олардың деңгейі ҚазҰУ-мен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Ал біз әлем бойынша 165-орын деп кеудемізді кереміз...

Одан бөлек, ҚазҰУ бірнеше жыл бұрын Smart University деп, жарияға жар салды. Аты мен мақсаты әдемі-ақ. Ал бірақ Smart University-де ең басты және қарапайым қажеттілік, ғаламтордың өзі оңбай тұр. Университет аумағына кіргеннен жұмыс істеуі керек Wi-Fi факультеттің ішінде отырсаң да тым баяу істейді, бір қосылып, бір қосылмай қалады. Ал факультет пен корпустарда студенттерге толыққанды комфорт жасалмаған. Ең сорақысы, дені дұрыс асхана жоқ. Бұл өте-мөте примитивті қажеттілік. Сондай қарапайым нәрсенің ұлттық университет үшін неге әлі күнге проблема екені қызық. Мәселен, шетелдік университеттердің асханалары өте үлкен, мәзірлері кең, вегандарға, мұсылмандарға, басқасына қажеттің бәрі бар. Студенттерге тамақ жеңілдікпен беріледі. Басқа жерден 15 долларға алатын тамағыңды университет асханасынан 5-6 долларға аласың. Бұл шешуге сонша қиын нәрсе емес секілді. Бірақ басқасын қайдам, ҚазҰУ-дың асханалары жиі сайын ауысады. Қызмет көрсету жағы тіптен сын көтермейді. Мұны аталған университеттің кез келген студенті растайды деп ойлаймын.

Мұның бәрін ысырып қойғанда, тақта мәселесі шешілмей келеді десем, біреу сенер ме екен? Бірақ ақиқаты солай. Осы университет қабырғасында қанша жыл жүріп, бүгінге дейін сапалы тақта кезіктірмедім. Бір қарағанда неше түрлі залдар бар, неше түрлі ат қойып, үстін-үсті салтанатты түрде тұсауын кесіп жатады. Бірақ дені дұрыс тақта жоқ. Нақты ғылымдар бойынша оқитын студенттерге бұл құрал ауадай қажет. Қанша жерден цифрлы әлем десек те, тақта деген – база. Өзім екі-ақ жерден жақсы тақта кездестірдім. Біріншісі, Еуразия ұлттық университетінің ғимаратындағы «МГУ» филиалының тақтасы. Ең қызығы, ол кезінде 7-9 қабатта орналасты, алтыншы қабаттан бастап төмен қарай ЕҰУ. Сонда алтыншы қабаттың тақтасы нашар, ал жетінші қабаттағысы сапалы. Бәрі бір ғимараттың іші... Екінші жақсы тақтаны қателеспесем Назарбаев университетінен көрдік. Бүгінде тақталардың ұзын, сырғымалы, бірнеше бетті түрлері көп. Өзіміз іздеп, елден бірде-бір сырғымалы тақта іздеп таппадық, тіпті оны жасайтын шебер іздеп, дал болдық. Ақыры Ташкентке тапсырыс беріп, жасаттық. Шын мәнінде, сапалы тақтаның бағасы білдей бір университет үшін түк те емес. Бәрін қойғанда, әжетханалардағы жағдайға дейін ұяттымыз. Ұлы сөзде ұят жоқ, дәретхана қағазына ақша бөлінбеді дейсіз бе, ол артығымен қарастырылатын шығар. Бірақ соның өзі қолжетімсіз. Ал енді ғылым деп сайрап, соншалықты ірі әңгімелер айтпас бұрын неге осындай қарапайым мәселелер шешілмейді?

Әрі студенттер үшін жатақханалардың қолжетімсіздігі жылдан жылға азаюдың орнына артып жатыр. Жататын жері жоқ бала ғылыммен айналыспақ түгілі, тыныш ұйқы көре ме? Білімгерлердің басым бөлігі аймақтардан, ауылдардан келетіні белгілі. Ал соның тым құрыса 30 пайызы жатақханамен қамтылған ба? Пәтер жалдап тұру үшін бірі даяшы, бірі дүкенде сатушы, бірі «доставщик» болып, ұйқы аңсап жүрген көпшілік қазақ қай уақытта ғылымға қызығып, үлкен мақсаттар қояды? Осы мәселе нақты, толыққанды талқыланбай келеді. Үкіметте де, басқасында да бір айтылады да қалады. Университеттердің сайттарына апта сайын ақпарат салып, анау өтті, мынау болды деп мақтанып жатқанына қарап таңғалуға болады. Шын мәнінде, студенттерде «сайттағыдай» өмір жоқ. Ал оқытушылардың жайы сол баяғы аянышты күйінде. Не кабинеттері жоқ, жүктемелері көп, айлықтары аз. Осының бәрін қорыта айтқанда, мақтап жүрген ҚазҰУ-ымыз экспоненциалды түрде құлдырап келе жатыр. Ал басқа университеттердің жағдайы осыдан озып, қарыштап кетті деуге келе ме?

Жазып алған Баян Мұратбекқызы