Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 03 Мамыр 2024

Халықтар достығы – еcкірген ұғым

1
Фото: из открытых источников

Бірінші мамыр келсе «Қазақстан 130 ұлт мекендейтін КӨПҰЛТТЫ мемлекет» деп жар салып, халықтардың достығын әйгілей жөнелетініміз бар.

 Жақында мереке атауы өзгеріп, «Қазақстан халқының бірлігі күніне» айналды. Артынша, Ассамблея да орынсыз көптік жалғаудан баз кешіп, бірегей «халық ассамблеясы» болып шыға келген. Алайда азаматтық құндылықтармен ұйысып отырған мұндай бірегей ұлтқа күнтізбеден бірлік күнін арнаудың қажеті қанша деген ой туады кейде. 

Қазір ұлт ұғымы қандық байланыспен де, географиялық аумақпен де шектелмейді. Заманауи тенденциядағы ұлт – ол бір құндылық, бір мақсат тұрғысынан біріккен мүдделес топ деп айтуға болады. Демек, ұлттың бірегейлігі атадан мұраға қалмайды. Оны жаңадан құру керек. Ал ол үшін қайдан келгенің маңызды емес, қай жаққа бағыт алғаның маңызды. Жалпы Қазақстанда ұлттық тұтастық қаншалықты қалыптасқан? Қоғамдық өмірде азаматтық құндылықтар қаншалықты бағаланады? Елдің бірлігі үшін мемлекет қандай саясат жүргізіп отыр?

«Жас Алаш» осы сұрақтардың жауабын іздеп, дөңгелек үстел ұйымдастырды. Сауалымызға «Стратегия» ҚҚ президенті, әлеуметтанушыГүлмира Илеуова мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, философия және саясаттану факультеті, Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының профессоры Абай Дүйсенбаев пікір білдірді.

– Қазақстан көп ұлтты мемлекет деп жатамыз. Қалай ойлайсыздар, елдің бірлігі ұлттардың достығында болуы керек пе, әлде этностардың бір ұлтқа айналуында болуы керек пе?

Абай Дүйсенбаев: – Қазақстан Республикасының конституциясының бірінші бабында Қазақстан Республикасы демократиялық және зайырлы мемлекет деп жазылған. Бұдан шығатын қорытынды Қазақстан Республикасының конституциясында көп ұлтты деген бір сөзді кездестірмейміз. Сондықтан да біздің мемлекетіміз қазіргі салыстырмалы талаптарға сәйкес, демократиялық бағыт ұстанған бір ұлтты мемлекетке айналу жолындағы мемлекет. Жалпы әлемде бірнеше мемлекеттерді мысал ретінде айта аламыз. Мәселен, көп ұлттан тұратын федерациялық мемлекеттер бар. Көршіміз Ресей Федерациясы осындай федерациялық мемлекет. Бірақ мемлекет құрушы орыс ұлты жалпы мемлекеттің 36 пайызын құрағанмен, онда бірнеше субъектілер немесе Татарстан, Башқұртстан, Дағыстан, Саха, Хакасия сияқты тағы да басқа автономиялық республикалар болғанымен, Ресей бірде-бір жерде өзін көп ұлтты мемлекет ретінде көрсетпейді. Тағы бір алпауыт көршіміз ҚХР-да да осындай жағдай. Бірнеше, этностардан тұратын. Тіпті Қытай деген ұлттың өзі жоқ мұнда.

Жалпы біздің мемлекетіміз өзінің саяси ұстанымы бойынша, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы оның мемлекеттік тілін, рәміздерін, дінін, салт-дәстүрін тұтастай қорғайтын демократиялық мемлекетке айналу жолында. Сондықтан да мемлекет құрушы ұлт мемлекеттің 71%-ын құрайтын қазақ ұлты. Ал көп ұлтты деген сөзді қолданбауымыз керек. Бұл қате түсінік. Біздің бірде-бір ресми құжаттарымызда көп ұлтты деген сөз кездеспейді. Бізде қазіргі таңда 130-дай этнос бар деп айтады. Бірақ оның бәрін санамалап көретін болсақ, кейбір ұлттардың өкілдерінен бірнеше пайыздан ғана тұратын немесе екі үш адам ғана бар этнос өкілдері бар. Ал оны этнос ретінде санауға келмейді. Сондықтан алдағы уақытта географиялық түсінікте, ұлттық, мемлекеттік дүниетанымымызда ұлттық мемлекет деген қағиданы дұрыс орнықтыруымыз қажет.

Гүлмира Илеуова: – Алдымен біздегі 1993 жылғы конституцияда жергілікті халық деген ұғым болған. Ал 1995 жылғы конституция бойынша бұл қағида алынып тасталып, барлық адам бірдей Қазақстан Республикасының азаматы ретінде белгіленді. Осы себепті елдегі өзге ұлттарға диаспора ретінде қарау орынсыз. Осы сияқты азшылық ұлт, ирридент дегендей кез келген атау жағымсыз әсер тудырады. Мысалы, Америкада азаматтар алдымен америкалық болып саналады. Одан кейін барып шығу тегі айтылады. Ал жоғарыда айтылған атау төменірек статусты меңзейді. Оның бөгделігі, қазақ еместігін айқындап тұрғандай. Бірақ адамдар арасындағы қарым-қатынасқа келетін болсақ, мұнда мектеп, отбасы, жоғары оқу орындары сияқты әлеуметтік институттарда жүргізілетін арнайы саясаттың болуы маңызды.

Мен бұрынырақта ЖОО-да сабақ бердім. Сонда бір топта шамамен 20 адам болды. Олар маған бірінші сабақтан бастап топта өзге ұлт өкілі бар екендігін ескертіп, оған толерантты болуымды сұрады. Мен ол ортада осындай мәдениеттің қалыптасқанына қуандым. Жақында президенттің қабылдауында болғанымда еліміздің шетелдегі беделі, отандық мәдени өнімдер туралы сөз қозғадық. Осы тұрғыда ұлттық мәдениетті кең көлемде дәріптеу арқылы да ұлттық тұтастықты, бірегейлікті сақтауға болады. Бұл да ұзақ та болсын тиімді шешім.

– Америка дейтін ел қаншама этностың басын құрап отырып, бірегей ұлтты қалыптастырды. Қазір олардың ұлт ретіндегі мүддесі, мұраты белгілі бір деңгейде тұтастығы бар. Жалпы біздегі «қазақ» және «қазақстандық» ұғымдарында қаншалықты алшақтық бар?

Г.И: Саяси тұрғыдан қарасақ, ұлттың қалыптасуы тұрғысынан белгілі бір жерде ұзақ уақыттан бері өмір сүріп келе жатқан автохтонды халықтар мен мигрант ұлттар бар. Мысалы, Американың негізгі автохтонды тұрғындары үндістер болса, қазір сан тарапынан жиналып тіл, мақсат, мүдде тұрғысынан біріккен этностар өмір сүреді. Олардың ішінде, мәселен, шығу тегі испан немесе қытай ұлтынан болған үлкен топтар бар. Яғни мигрант ұлттың қалыптасуы әрдайым империялық тұрғыда әртүрлі ұлттар мен этностарды өзіне сіңіріп алуға бейім. Ал автохтонды халықтардың құрылуы басқаша негізде жүреді. Біз қазақтар қазір өзімізді осы автохтонды халық санатына жатқызып жүрміз. Алайда XV ғасырдың өзінде қазақ жерінде түрлі ұлттар мен ұлыстар қоныстанған, өмір сүрген болатын. Көп жағдайда қайшылық біздің осы өзімізді автохтонды халық ретінде қабылдап, тек қана қазақтар өмір сүрген деген тар көзқарасымыздан туындап отыр. Қазақ даласында қазақтармен қатар ноғайлар, башқұрттар, өзбектер сияқты түрлі халықтар қоянқолтық өмір сүріп келген. Сол кездің өзінде көшпенділік салтымен қазақ халқы көп ұлтты өз ішіне сіңіре білген. Қазіргі қазақтардың сырт келбет тұрғысынан өзгешелігі де осы себепті болса керек. Әлемде бірегей әрі өзара мұншалықты әртүрлілікке ие халықтар өте сирек. Бұл қанша ғасырлар бойы біздің өзге халық өкілдерімен тығыз байланыста өмір сүріп келгендігімізді көрсетеді. Ал қазір бізде бұрыннан осы қалпымызбен осы жерде тұрақты өмір сүріп келдік деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті басқа ешкімді өзімізге қосқымыз келмейді.

А.Д: Сіздерге жақсы таныс, еліміздің тарихында Алаш қайраткерлері мемлекеттің бірыңғай болу үшін күш салды. Соның ішінде тарихи деректер бойынша кез келген ресми атаулардың бәрінде «қазақ» деген сөз барынша кең қолданылды. Мысалы, «Қазақ» автономиясы, «Қазақ» газеті, Қазақ мемлекеттік университеті, Қазақ педагогикалық институтты. Міне, бұл сол кездегі Алаш қайраткерлерінен қалған игі дәстүр деп айта аламыз. Мен мұны айтып жатқан себебім, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздегі кейбір ғылыми терминдер пайда болып, зерттеулерде ұлтжандылық, ұлттық патриотизм деген сөздер қолданыла бастады.

Мен диссертациялық зерттеуімде алғаш рет осы сөзге түсінік бердім. Сол зерттеу жұмысымда қазақ патриотизміне әлемдік деңгейдегі АҚШ патриотизмі, неміс патриотизмі немесе француз патриотизмі деген сияқты анықтама ретінде енгізген болатынмын. Қазақ атауы ресми түрде мемлекеттің тұтастығын білдіретін атауға айналуы керек.

– Әлемдік тенденцияда ұлт ұғымы этностық деңгейден әлдеқайда жоғары саналады. Бізде этнос түсінігінен тыс Ұлттық құндылықтар қалыптасқан ба? Мемлекеттік саясатта осыған қаншалықты назар аударылады?

Г.И: – Ұлт түсінігіне қатысты тағы да екі түрлі концепцияны атап өткім келеді. Оның бірі – этникалық қауымдастықты адамдардың ежелгі және тұрақты бірлестігі ретінде түсінуге негізделген примордиалистік концепция. Бұл бүкіл халықтың қандық байланысымен мемлекеттердің өз примордиалистік мекенінде пайда болып, ешқайда кетпей тұрақтап, мекендеп отырғандығын көрсетеді. Ал екінші конструктивтік теориясы кез келген әлеуметтік бірегейлік ұлттық элитaлaрдың көмегімен құрыла алатындығын білдіреді.

Мәселен, жақында Ассамблея сессиясында саяси интеллектуалды таптың бір бөлігі (мен оны тіпті зиялы қауым деп атамас едім) саясаткерлер, кейбір ғалымдар біз примордиалистік тұжырымдамаға жатамыз деп санайды. Мұндай қандық байланысқа құрылған қоғам біз азаматтық қоғам деп атайтын конструктивтілік концепциясына қайшы келеді. Ал қазақ пен қазақстандық деген атау бұл екінші кезектегі мәселе.

Яғни конструктивизм бойынша Қазақстан азаматы болып саналатын, қолында қазақ паспорты бар, осы елдің заңдарына бағынатын әр адам осы ұлттың бір мүшесі деген сөз. Мысалы, қазіргі Франция солай құрылды. Ал жоғарыдағыдай пікірталас көбіне мәнсіз әрі біз айтып отырған халық достығына алып келмейді. Осы тұрғыдан алғанда мемлекет әрдайым күрделі позицияда. Бірақ бұл қазір ғана пайда болып отырған жағдай емес екенін түсінуіміз керек. Мұндай жағдай әрірек замандарда, тіпті Алтын Орда тұсында да болған.

А.Д: Мен алдымен ұлт, этнос ұғымдарына сипаттама бергім келеді. Этнос ол салт-дәстүр сенімі қалыптасқан тайпа, ру мағынасында қолданылады. Қазір әлем бойынша 5000-нан астам этнос бар. Олардың ішінде этнос деңгейінде қалып қойған немесе әлі де белгісіз болып отырған этностар бар. Соның ішінде жойылу қаупі төніп тұрған үлкен этностық топтар да жоқ емес. Ал ұлт ұғымы өзінің белгілі бір территориясы бар, саны 100 000-нан асатын, өзіндік салт-дәстүр мәдениеті бар топтарды білдіреді. Жалпы этностық ұлтқа, ұлттың мемлекетке айналу процесін ең көп зерттеген ғалымдардың бірі профессор Лев Гумилев болатын. Міне, біз де осы ұлттық мемлекет құру үстіндегі бірыңғай, унитарлы мемлекетпіз. Сол үшін бізге ұлттық құндылықтарды сақтау, дәріптеу маңызды. Мұның бәрі ұлттың мемлекеттік деңгейдегі құндылықтарының алдағы уақытта ұлтпен бірге ғұмыр кешуінің кепілі.

– Қазақстан ұлтаралық саясатты қаншалықты табысты жүргізіп отыр? Кей сарапшылар осы тұрғыда мемлекеттік саясатты сынайды. Мысалы, ҚХА-ның құрылуы мен «мемлекет құраушы ұлт» ұғымының идеологиялық концепциясын, керісінше, ұлт болып ұйысуға кедергі дейді. Осы пікірге келісесіздер ме?

А.Д: Қазір біздің мемлекет ұлтаралық саясатты табысты жүргізіп отыр деп айта аламын. Басқа ұлттардың білімдегі, саясаттағы, ғылымдағы тең құқықтылығы барынша заңмен реттелген. Дегенмен халқымыздың саны биыл 20 миллионға жеткен болса, оның 70%-ын қазақ ұлты құрап отырғандықтан мемлекет құрушы ұлт ретінде кейбір басымдыққа ие болуы заңды. Бұл әлемдік тәжірибеде де бар. Саяси тұрғыдан алғанда бұл «мемлекет құраушы ұлт» концепциясының мемлекетке жауапты ұлт ретіндегі міндеті басым. Жалпы қазақ халқының тарихында талай нәубетті жылдардың болғанын білеміз. Соның салдарынан халық санының үлесі, мәдениеті тоқырауға ұшыраған болатын. Қазір осы жағдайлардың бәрі демографиялық саясат дұрыс жүргізілсе, биологиялық жолмен қалпына түсіп келе жатыр. Қоғамымызда болып жатқан мұндай үлкен демократиялық үдерістер біздің еліміздегі жалпы ұлттың ұйысуы, біртұтастық мәселесін күн тәртібінен түсірмеуіміз қажет.

Ал ұлтараздық мәселесі барлық елдерде бар. Оның пайда болуына бірнеше себеп әсер етеді. БАҚ-тағы хабарларды талдап, саяси зерттеу жүргізетін ғалымдардың еңбектеріне сүйенсек, мұндай ұлтаралық қақтығыстар көбіне әлеуметтік жағдайлардың, жергілікті халықтың белгілі бір талаптарының орындалмауы, кейбір заңдылықтардың сақталмауынан туындайды. Мәселен, соңғы жылдары оңтүстік аймақтарда болған жанжалдарда осындай жағдай байқалады. Одан бөлек, батыс аймақтардағы кейбір жұмыс берушілердің жалақы төлеу барысындағы келіспеушілігі ары қарай үлкен қақтығыстарға айналып кетіп отырғандығын көреміз. Бұған көп жағдайларда әлеуметтік желілер провокация құралы ретінде жүреді. Жалпы Қазақстан барлық ұлт өкілдерінің бақытты өмір сүруіне кепілдік береді. Осы тұрғыда азаматтардың өзге ұлттың салт-дәстүр, мәдениетіне, мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік көрсетуін, ұлтараздықты қоздыру жағдайларын заңмен реттеу керек деп ойлаймын. Сонымен қатар мемлекеттік қауіпсіздік мәселесінде де ойланатын тұстар бар. Мысалы, солтүстік аймақтарға ішкі миграцияны кеңейтіп, жастарды қоныстандырып, мемлекеттік деңгейде белгілі бір әлеуметтік пакеттерді көбейту, ел ішіндегі оқшауланған анклавтарға қарсы мемлекеттік саясат жүргізу керек деп ойлаймын. Бұл мемлекеттің тұтастығы, тәуелсіздігі үшін стратегиялық тұрғыда маңызды қадамдар.

Г.И: Бізде көбі ұлттық саясат осал, ассамблея түк бітірмейді деп сынайды. Біз елде орын алған қақтығыстарға қарап осылай бағалап отырмыз. Бірақ егер ассамблея болмаған жағдайда қанша қақтығыс болуы мүмкін еді. Мұны да ескеру керек қой. Өйткені қалай дегенмен де ассамблея мүшелері өз айналасында осы ұлттық саясатты жүргізіп отыр. Мәселен, мен Қырғызстанда, Ошта болғанымда, ондағы өзбек ауылдары қырғыздармен мүлде араласпайтындығын байқадым. Ал бізде мұндай мәселе жоқ. Мысалы, еліміздің оңтүстігіндегі тәжік пен өзбек халқы автохтонды түрде бұрыннан қоныстанып келген өз жерлерінде өмір сүріп отыр. Ал ұйғырлар 1860 жылдары императорлармен келісім бойынша көшіп келіп, тұрақтады. Алайда олар бізде қоғамдық өмірде әлдеқайда ашық. Әрине, кейбір мәселелердің де бар екендігі рас. Өткен жылы осы мәселе төңірегінде зерттеу жүргізгенде біз мемлекеттік органдарға, неліктен жергілікті өзге ұлт алмайтындығын зерттеп көрдік. Белгілі болғандай, біздегі мемлекеттік қызметтерге жоғары білімді талап ететіндігі себеп болып отырғандығы анықталды. Одан бөлек, сайлау кезінде осы Түркістан облысында кей ауылдар 100% өзбек бола тұра бірде-бір әкім жергілікті халықтан сайланбайтындығы белгілі болды. Бұл қалыпты жағдай емес. Біз, керісінше, олардың да жергілікті деңгейде билікке араласуына жағдай жасауымыз керек. Яғни бұл әлеуметтік тұрғыда осындай екі жақты мәселе. Сондықтан бізге әлі де халықтарды қоғамдық өмірге тарту тетіктері қажет. Ассамблея осы міндетті атқарып отыр.

Бізде қазіргі таңда елде 821 мәдени бірлестік бар екен. Міне, осындай институттар арқылы өзге этнос өкілдерін қоғамдық өмірге араластыру қажет. Өйткені шын мәнінде, егер олар қоғамдық өмірге қатыспаса, онда мемлекеттік істермен де шаруасы болмайды. Бірақ мен осыған ұқсас жағдайды Маңғыстаудан да көремін. Онда да Қарақалпақтан, Түркістаннан келген қазақтар өзінше анклав сияқты өмір сүреді. Яғни әртүрлі аймақтарға қоныстанып, басқа мамандықтарды игеруді қаламайды. Бұл этникалық анклав емес. Мұнда тек халықтың көші-қон саясаты жүруі керек. Бұл да мемлекеттің тұтастығына кереғар нәрсе. Өткен жылғы зерттеу барысында біз тағы бір дүниеге көз жеткіздік. Бұл бізде көбіне өзара қақтығыстан гөрі немқұрайлылықтың басым екендігі. Яғни қазақтардың басқа этностармен қарым-қатынаста оқшаулануы байқалады. Бір сөзбен айтқанда, қазір қазақтар да бір үлкен анклав сияқты өмір сүріп отыр.

Мемлекет басымдық берген шеңберде жұмыс істейтін этносаяси зерттеу институты, ассамблеяның сарапшылар кеңесі сияқты барлық институттар осы мәселені әрдайым талқылап, зерттеулер жүргізіп, ұсыныстарын жеткізеді. Жанжал, қақтығыс туындаған жағдайда себебін анықтауға тырысады. Қақтығыс негізінен белгілі бір эмоционалды триггерлердің әсерінен туындағандай көрінгенімен, түптеп келгенде, себеп әлеуметтік-экономикалық жағдайларға барып тіреледі. Халықтың ұлттық санасының оянуы отбасындағы, ортадағы ұлттық тәрбиенің қалыптасуына байланысты. Себебі жеке адамдардың арасында саясат жүрмейді, қоғам өзі белгілі бір нормаларды қалыптастыруы керек. Бізде өткеннің ренішімен өмір сүретін адамдар бар. Әдетте ренжіген адамның реакция білдіруі оңай. Бірақ шешім соншалықты қарапайым болмауы мүмкін. Мұндай күрделі жағдайда қарапайым шешімдер нәтиже бермейді. Мәселен, үлкен қалаларда тұру мен жұмысқа орналасудағы қиындықтар, төмен жалақы сияқты қандай да бір экономикалық жағдайларда адам себептердің кейбір түсіндірмелерін іздей бастайды. Ал ондайда бар кінәні этникалық себепке жаба салу оңай. Меніңше, халықтар достығы, бірлігі дейтін түсінік ескірген. Көбіне ұран басым болғанымен, нақты мазмұны түсініксіз. Бір-біріңді жайдан-жай жақсы көру де оңай емес. Демек, бұл қарым-қатынасқа белгілі бір мән үстеу керек. Қазақ тілін біріктіруші күш ретінде пайдалану да әзірге мүмкін емес. Сондықтан нақты түсініктемелер мен сипаттамалар толықтырылмаса, бос ұрандардың қазіргі индивидуалистік қоғамда қажеті шамалы.

Әңгімелереңізге рақмет!

Қосқанат Бауыржан