Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:15, 02 Мамыр 2024

Қаңтар сұрағының тұтқыны

Ерлан Тұрғымбаев
Фото: из открытых источников

Елді дүрбелеңге салған, саясатшыл қауымның есін алып, дегбірін қашырған Қаңтар оқиғасы болғалы да екі жылдан артық уақыт өтіпті.

Осы уақыттан бері халықтың көкейінен кетпей қойған бір сұрақ бар. Ұйымдастырған кім? Әр кезеңде әртүрлі қызметтегі шенеуніктер ұсталып, полиция қызметкерлері де жазаланып, айыптарын өтеп жатса да, билік осы сұрақтың тұтқынына айналды. Халық әлі ешқандай жауапқа қанағаттанған жоқ. Сол кездегі қорғаныс министрі Мұрат Бектанов «қызметін асыра пайдаланғаны» үшін 12 жылға сотталса да, ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов «мемлекетке опасыздық жасады», «қызмет бабын асыра пайдаланды», «билікті күшпен басып алмақ болды» деп, үш ауыр айыппен 18 жылға сотталса да, оның орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин және Марат Өсіповтерге де әртүрлі дәрежедегі кінәлар артылып, түрмеге тоғытылса да – сұрақ әлі басы ашық күйде тұр.

Билігін асыра пайдаланған ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбіштің 8 жылға шартты жаза алуы негізгі ұйымдастырушыны жасырып отыр деген халықтың күмәнін одан әрі қоюлата түскендей болатын. Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісіне тісі батпағандай көрінген билік енді соның орнын сол кездегі ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты «билік пен лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды» деген күдікпен қамауға алу арқылы жуып-шаймақ тәрізді.

Әуелі 2019 жылдың ақпанында Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тағайындап кеткен Ерлан Тұрғымбаев министр қызметінде Қаңтар оқиғасынан кейін де қала берді. Тек 2022 жылдың ақпанында үкімет құрамы жаңғыртылғанда ғана әуелі президенттің кеңесшісі, кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризммен күрес жөніндегі аймақтық құрылымының кеңесшісі қызметтерін атқарды.

Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталғаны туралы бейресми ақпарат 29 сәуір күні тарады. Ал 30 сәуір күні бас прокуратура бұл ақпаратты ресми растады. Наурыз айында экс-министрдің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны айтылып, «Қаңтар оқиғасы кезінде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етпей, азаматтарды азаптаған орган қызметкерлеріне қатысты» іс аясында тергеліп жатқаны мәлім болған.

238 адам қазаға ұшыраған Қаңтар оқиғасының жауабы әзір белгілі болмайтыны түсінікті. Жазықсыз халыққа оқ атылып, азаптаған фактілер осы уақытқа дейін аз айтылған жоқ. Жауапты шенділер қызметінен кетті, сотталды. Бірақ тағы да қайталауға тура келеді, қанағаттанарлық жауап әлі айтылмай келеді.

Ішкі істер министрлігі – күштік құрылым. Ондай құрылымда қандай іс те бұйрықсыз атқарылмайды. Демек, Ерлан Тұрғымбаевтың бұл оқиғаға қатысы бары бұрын да белгілі болған. Сол кезде-ақ қоғам белсенділері экс-министр жауапқа тартылуы керек деген. Бірақ билік Тұрғымбаевты жауапқа тартуға асықпады. Енді екі жыл өткен соң тұтқындап отыр. Және оның ісі мемлекеттік құпия болғандықтан жария тергелмейді.

Тұрғымбаевтың осынша уақыт өткеннен соң ұсталуын сарапшылар әр саққа жорып отыр. Біріншіден, оған тағылған айыптың өзі ауыр деп есептеледі. Екіншіден, бейбіт халыққа оқ атуға тікелей бұйрық берген адам деп Тұрғымбаевты атауы мүмкін дейді. Бірақ бұл билікті Қаңтар сұрағының тұтқыны болудан құтқара ма?

Өз мүддесін бәрінен биік қоятын биліктің жол тауып, халық естігісі келген жауапты созбақтауы да мүмкін. Бірақ бұл бәрібір жауапкершіліктен босатпайды.

Жыл сайын апат болып, халықтың алдында үлкен қиындықтар тұрғанда көңілін аулау үшін әрқандай шешімдер бола береді. Біз қандай кезең болса да, ештеңеге қарамай, әділетін айтуды үйренуіміз керек еді. Өкініштісі, олай болмай тұр. Осы күні әшкере болған былықтардың бәрін Назарбаевтың режиміне төңкере салу қалыпты әдетке айналып барады. Бұл да жамауды жаба тоқығандай бір әрекет болып жүрмесе неғылсын.

Бағашар Тұрсынбайұлы