Тосын апаттан көресінді көріп, айрандай ұйыған тірліктерінің берекесі қашқан семейліктердің алдында өздерінің айыбын жуып-шаюға ұмылған жергілікті атқарушы билік көпшіліктің көңілін аулауға тырысып-ақ жатыр. 20 сәуір күні белгілі эстрада жұлдызы, елдің сүйікті әншісіне айналған Ернар Айдардың «Қазақстаным ұлы отаным» (ортасына тыныс белгісі қойылмаған қалпында көрсетіп отырмыз-авт) атты концертін Семей қалалық мәдениет үйінің төрінде дүбірлетіп өткізді. Өтсін-ақ, көктем келіп қыстың қиындығынан, еріген қардың суынан қажыған жұртқа концерт ауадай қажет те болар. Оның үстіне жанды дауысымен ән салып көрермен көңілінен шығып жүрген әншінің өнер сапарына ешкім қарсы емес-ті. Бірақ…

Маңдайшасына «Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен» өтетіндігі баттита көрсетілген концерт афишасының төменгі жағындағы «Концерттен түскен қаржы Аякөздегі су тасқынынан зардап шеккен бауырларға көмек ретінде ұсынылады» деген жазуға көзің түскенде көңілге  кірбің қоса түсетіні  анық. Өйткені, басқа-басқа облыстық әкімдік қолдау көрсетіп Ернар Айдардың концертін өткізерде «Осынымыз Ертістің қос жағалауынан жайылған судың зардабын тартып зар илеп отырған семейліктерге қалай әсер етер екен?» деп неге ойланбағанына қайран қаласың. Әрине, ниет жақсы, тосыннан келген тасқын селден есін енді жия бастаған аякөздіктерге қолдау қажет. Ал Бобровка, Мирный, Пристань, Затон ауданы тұрғындары әлі күнге дейін қонақ үй мен ағайын-туыстарына түнеп, өз үйлерінің босағасынан қарай алмай жүрген Семейге ше? Көмек, қаражат қажет емес деп кім айтты? Эстрада жұлдыздарын шақыртып концертінен түскен ақшаны Аякөзге аудартқаннан кімнің жоғы түгелденеді? Қызғанып отырғанымыз жоқ, бізге Шығыс өңірдегі тасқын селдің сергелдеңіне түскен кімнің де болсын өмірі қымбат. Алайда, Аякөз ауданына о баста «Парыз» қоры арқылы 50 млн. теңге, артынша «Аякөз болашақ» қоғамдық қоры ашылып, оған 100 млн. теңгеге жуық қаражат жан-жақтан құйылды емес пе? Одан бөлек түсіп жатқан қаражат, жіберіліп жатқан  гуманитарлық көмектер жетіп артылады. Бірінші болып баспаналары да бұйырып, қазір 28 отбасы жаңа қоныс тойын жасап та үлгерді. Бұдан бөлек өткен аптада тағы да 13 отбасы селден келген сергелдең күндерді артта қалдырып, жаңа баспананың босағасынан аттады.  Демек, басқа отбасылардың да үйлі болатынына үміті бар. Оның үстіне Тарбағатай ауданы мен Семей әкімдіктерінің ұйытқы болуымен жергілікті құрылыс компаниялары арқылы тағы да баспаналар жөнделіп жаңартылмақ. Аякөзге қол ұшын бергелі жүргенде өзінің тұрғындарын тығырыққа тіреген Семей қаласының әкімі Е. Сәлімов ол жақта 50-ге жуық баспананы (жергілікті құрылыс фирмалары арқылы) тұрғызуға немесе жөндеуге уәде бергенін де ешкім ұмыта қойған жоқ.  Ал жоғарыда біз атаған аудандарда тұратын семейліктердің баспана алмақ түгілі, келген шығынды есептете алмай, есептелсе жарытымды жауап ести алмай жындысүрей хал кешіп жүргеніне бір айдың жүзі болды емес пе?!

Сонымен қойшы, «ораза, намаз тоқтыта» дегендей шамасы келгендер барған концерт те өтті. Қанша қаражат түсті, Аякөзге қашан және ол қайда аударылады? Осы сауалдарға жауап іздеп әнші Е. Айдардың Дәулет есімді көмекшесіне қоңырау шалғанымызда басқаша жайларға қанықтық.

-Бұл Ернар Айдардың өз қалауымен, Шығыс өңірдің тасқыннан  зардап шеккен барлық аудан тұрғындарына қол ұшын беру мақсатында келіп өткізген концерті,-дейді Дәулет. – Облыстық әкімдіктің қолдауы – Семей қалалық мәдениет сарайының сахнасын ақысыз беруге келіскені. Ал  концерттен түскен қаражат тек Аякөзге ғана емес, басқа да көмек, қолдау күткен жерлерге жіберіледі. Концертімізді Семейде ойдағыдай өткіздік. Халықтың ықыласына рахмет, патриоттық әндерімен рух сыйлаған Ернар Айдарға тік тұрып құрмет көрсетті. Енді бүгін Өскемендеміз (21 сәуір-авт). Екі қалада өткен концерт өткеннен кейін барып түскен қаражат есептеліп, облыстық  әкімдік ұсынған, бізге дейін де өзге ел азаматтары қайырымдылық қаражатын құйып жатқан есепшотқа аударылады. Басты айтатынымыз — бұл тек Аякөз ауданына ғана емес, су тасқынынынан зардап шеккен барлық аудандарға жіберілуі тиіс. Ал қаражаттың қаншасын, қай ауданға жіберетіні облыс әкімдігінің өз құзырында. Біз өз жоспарымыздағы ісімізді атқарып жатырмыз.

Әншінің көмекшісі сөзінің дәлелі ретінде жолдаған Ернар Айдардың ән  сапарының мақсатын айтқан видеосын көрудің де сәті түсті. Ізгі ниетпен қайырымдылық концертін өткізген әнші су тасқынынан жылы үйлерін тастап шыққан Семей, Аякөз, Үржар және басқа да аудандардың халқына қол ұшын беруді тек сөзбен ғана емес, іспен де көрсетуге шақырады. Сонымен бірге түскен қаражаттың облыстық әкімдікпен ақылдаса отырып, көмек күткен барлық бауырларға жіберілетінін айтады. Демек, концерт афишасындағы «концерттен түскен қаржы Аягөздегі су тасқынынан зардап шеккен бауырларға көмек ретінде ұсынылады» деген бір ауыз сөз ұйымдастырушылардың тарапынан кеткен қателік болып саналады. Ал сергелдең күйдегі семейліктердің көңіліне кірбің түсірген бұл қателік кімнің кінәсі екенін көмекшісі де нақты айта алған жоқ. Ендігі тілек біреу ғана: қайырымдылық мақсатта өткен концерттерден түскен қаражатты облыстық әкімдік ашық мәлімдеп отырса, «құда да тыныш, құдағи  да тыныш».

                                                                                          Шығыс Қазақстан облысы

                                                                                          Фото:besmart.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.