Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫ құдайға теңеген ақын өлеңіне қатысты түсінік бермеді. zhasalash.kz  Астанадағы тілшісі адамды Аллаға балауға шариғатқа қаншалықты сай екендігін білмек болған еді.

Әрине, қазіргідей еркін қоғамда қай ақын қандай өлең жазамын, кімге арнаймын, қалай мақтаймын десе де өз еркі шығар. Даттаса да, мақтаса да, ол шығармаларының астарында белгілі бір мақсаттар жатуы мүмкін.

Дегенменде мақтаудың да шегі болуы қажет қой. Рас, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел үшін еткен еңбегін жырына қосып, аспанға көтеріп, дәріптеген ақындар аз емес. Қайбір жылы президентті адасып жүрген қауымға жол тауып берген пайғамбарға теңегендер де болған. Енді бұл жолы Балтабек НҰРҒАЛИЕВ деген жас ақын бәрінен асып түсіп, Н. Назарбаевты Құдай деп дәріптеді.

Уа, Нұр-Атам – Құдайым,

Сайтан қашқан сесінен.

Жұмақ аңқыр ылайым,

Елбасылық есінен!..

 

Барлық мадақ тән Сізге,

Таңым үшін әр атқан.

Қуат қазақ – әлсізге,

Жұмақ-есті жаратқан.

Құдайым деп құптағам,

Бар әмірің – бақ-үлес.

Жұмақ-Есті ұқпаған

жанның бәрі – Жарым-Ес. – деген өлең шумақтарын арнаған Б. Нұрғалиев бұған дейін президент отбасындағы жандардың барлығына дерлік, тіпті, марқұм болып кеткен ата-анасына да жеке-жеке жыр арнап, ел-жұртты айран-асыр қылды. Көпшілік мұны шектен шыққан жағымпаздық деп бағалап, әлеуметтік желілерде оны жерден-алып жерге салып, президенттен бірнәрсе дәметіп жүр деп жазғыруда.

Әрине, шариғатта ет пен сүйектен жаралған пендені құдай деп тану, барлық мақтаулар соған ғана тән Аллаға серік қосу үлкен күпірлік болып саналады. Содан болар бұл өлеңдер жұрттың ашу-ызасын туғызуда. Балтабек Нұрғалиевтің діни сауаты қай деңгейде, Аллаға сене ме, жоқ па, ол жағын қайдам, бірақ, бұл өлеңдерінің өн бойынан жағымпаздықтың жалыны лапылдап тұрғаны анық.

Оның адамды құдайға теңеуінің астарында не мақсат жатыр? Осы өлеңдерді жазуға не түрткі болды? Қандай ойы бар? Біз осы жәйттерді білмек болып Балтабек Нұрғалиевты әлеуметтік желіде әңгімеге шақырғанбыз. Жіберген хабарламамыздың оның тарапынан оқылғаны астындағы көк жолақтардан білініп тұрды. Бірақ, өлең авторы бізбен әңгімелесуге құлық танытпады.

Сосын Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының пікірін білмек болып, баспасөз қызметі арқылы Медет деген қызметкермен байланыстық. «Мүфтияттың бәтуа бөлімінде жұмыс істеймін» деген ол алғашында «Адамды құдайға теңеу дұрыс емес қой» деп, әңгімесін дұп-дұрыс бастап келе жатты да өлең президентке арналғанын білгеннен кейін нілдей бұзылып, «Мен бәтуа бөлімінің басшысы емеспін ғой. Бұл туралы ертең сөйлессек, дұрыс болар еді…» деп, қашқақтай бастады. Әрине, мұны сақтық деп топшыладық. Дегенменде бұл мәселеде басқа-басқа мүфтият қызметкерінің күмілжуін еш түсіне алмадық. Әлде президенттің мысы басып тұр ма? Әйтпесе «Алладан басқа тәңір жоқ» дегенді ауыз толтырып айтып, талдап түсіндіріп бергенде тұрған не бар? Бұған қандай бәтуа керек? Осыдан кейін дін бөлек, саясат бөлек десекте біздің мүфтият үшін сыйынғанынан гөрі сүйенгені мықты боп тұр-ау деген ойдың қалғаны рас. Әрине, бір ғана адамның күмілжігенінен бүкіл діни басқармаға қара жағудан аулақпыз. Бірақ бүгін жауап бере алмаған мүфтияттағылар ертең не айтуы мүмкін? Жалпы «Адамды құдайға теңеу дұрыс па?» деген ойланып жауап беретін сұрақ па еді? Алла өзі кешіре гөр…

Фото:muftyat.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.