G7 елдері Ресейге қарсы санкцияны күшейтуге дайын

143


Дамыған G7 тобы елдерінің сыртқы істер министрлері егер Мәскеудің саясаты мәжбүрлесе, Ресейге қарсы санкцияны күшейтуге дайын екенін мәлімдеді. Министрлер мәлімдемесі олардың Торонтодағы кездесуінде қабылданды.

«Украинаның аумақтық тұтастығын бұзғаны үшін салынған санкцияның қолданыс мерзімі Ресейдің Минск келісімін толық және сөзсіз орындауына байланысты. Бұл санкциялар Мәскеу өз міндеттемелерін шынайы орындағанда ғана жойылуы мүмкін» делінген G7 елдері министрлерінің мәлімдемесінде. Олар сонымен қатар Ресей аннексиялап алған Қырымдағы адам құқығының жай-күйін «кері кетіп бара жатыр» деп сипаттады. G7 елдерінің сыртқы істер министрлері Ресейді «өзге елдердің демократиялық жүйелеріне килігуі мен тұрақтылықты шайқалтатын әрекетін» тоқтатуға және халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырды.

Бұған дейін Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон G7 елдері Ресейдің «жаулық іс-қимылын» бағып отыратын арнайы топ құратынын мәлімдеген.

G7 елдері дегенмен аймақтық және әлемдік мәселелердің шешімін табуда Ресеймен диалог орнату мүмкіндіктерін қарастыра бермек. АҚШ мемлекеттік хатшысының міндетін атқарушы Джон Салливан Мәскеу «конструктивті серіктес» болуы тиіс деп біледі.

G7 елдері құрамында АҚШ, Канада, Германия, Жапония, Ұлыбритания, Франция және Италия бар.

12 наурызда Еуропа Одағы 2014 жылы Мәскеудің Қырымды аннексиялап, Донбастағы қақтығысқа киліккені үшін Ресейге салған санкциясын тағы жарты жылға ұзартқан.

Дереккөз:Азаттық радиосы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.