Астана медициналық университетінде үлкен дау басталды. Жалған құжат тапсыру арқылы мемлекеттік грант есебінен оқуға түскен 117 студент оқудан шығарылып,  негізсіз құжат үлестірді деген күдікпен біраз адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр.Мұндай шешімге студенттердің шағымы себеп. Өткен күзде емтиханды өз күшімен тапсырып жоғары ұпай жинап тұрып түсе алмадық,  гранттарды сатып жатыр деп Білім және ғылым министрлігіне шағымданғандар көп болыпты. Осы шағымдар бойынша тексеріс жүргізген министрлік мамандары ағылшын тілі емтиханы бойынша 117 тіркелмеген IELTS сертификат анықтаған. Осыдан кейін министрлік тарапынан университет басшылығына заң бұзғандарды жауапқа тарту туралы тапсырма жүктеледі. Ал ЖОО әкімшілі болса грантты сатып алған студенттер туралы деректерді ІІД-не өткізіпті.

«Білім және ғылым министрлігі тарапынан бір ғана тексеріс жүргізілмеді. Алғашқы тексерістен кейін  біз бірден 33 студентті шығардық. Жақында тағы 84 студент оқудан шеттетілді»,— дейді Астана медициналық университеті» АҚ ректорының орынбасары Франц ГАЛИЦКИЙ.

Істі қазір Астана қалалық ішкі істер департаменті тексеріп жатыр.

«Жалпы магистратура,  резидентура және докторантураға түсер кезде қолдан жасалған IELTS сертификатын пайдалану дерегі  бойынша 117 қылмыстық іс қозғалды. Оның 30-ы сотқа жіберілді. 385-баптың 3-тарауы, яғни, жалған құжатты пайдаланғаны үшін оларға 300 айлық есептік көрсеткіш айыппұл жазасы тағайындалады», — дейді Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Болат ПАЗЫЛОВ.

Босаған гранттар енді ақылы негізде оқып жатқан студенттерге үлестіріледі. Қазіргі таңда арнайы құжаттар жасалып жатыр.

«Біз бұл мәселені өз бетімізбен шеше алмаймыз. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі бірқатар құжатты реттеу керек. Соның негізінде біз ақша төлеп оқып жатқандарды осы бос орындарға ауыстырамыз», — деді Астана медициналық университеті АҚ ректорының орынбасары Франц Галицкий.

Жалған сертификат сатып алған студенттің бәрі оқудан күзде шығарылуы тиіс болған екен. Алайда соттың бұл шешімі уақтылы орындалмаған. Мұндай жағдайда медицина мамандарын даярлайтын оқу ордасы лицензиясынан айырылуы да мүмкін көрінеді.

Бүркіт НҰРАСЫЛ, Астана

Фото: amu.kz

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.