28 сәуірде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының 26-сессиясы өтіп жатыр. Бұл жиында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев:

— Біз сақ болуымыз керек. Анда-мында шығып, анау ұнамайды, мынау ұнамайды дейді. Бір аймақта шыққан мәселені алып, шыр айналдырады. Мысалы, Шығыс Қазақстандағы тасқында естіп алып, бүкіл Қазақстан суға батып жатқандай шулады. Ондайларды [шу шығарғандарды] уақытында орнына қою керек. Бізге елдің тыныштығы керек. Сонда ғана дамимыз, — деді.

Жиында Назарбаев Қазақстанда жаңа бес әлеуметтік бағдарлама ашылып, оған бюджеттен 2 триллион 600 миллиард теңге бөлінетінін айтып, бұл жобаларды «халықтың болашағына инвестиция» деп атады. 

— 21 ғасырда да әлемдік мәселелер мен қауіп-қатер азаймайтынын аңғардық. Жұмыс істеп, мәселелерді шешу керек. Әлемдік дағдарыс дамыған елдердің мүмкіндіктерін азайтты. Бүкіләлемдік экономика форумының сарапшылары алдағы он жылдағы үш трендті көрсетті. Біріншісі — әл-ауқат теңсіздігі, екіншісі — әлеуметтік жіктелу, үшіншісі -экономикалық қауіп, — деді Назарбаев. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы саналатын Назарбаев сессияда 7-20-25 ипотекалық бағдарламасын дамытатынын айтты. Қазақстанды 28 жылдан бері басқарып отырған Назарбаев ассамблея жиынында Астананы елдің түпкір-түпкірінен келіп жатқан адамдар өз бақытын тапқан «қазанға» теңеді. Назарбаев Астананың 20 жылдығын артық шығынсыз, бірақ жақсылап тойлау керектігін жеткізді. 

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.