Бұл мақаланы көрнекті мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы 1986 жылы 24 жасында  «Лениншіл жасқа» жазған екен. Ақын Сараның бейнесін жасаған мүсінші Маргаритадан шағын сұхбат алыпты.  Мүсіншінің қазақтардағы қыз тәрибесіне қатысты айтқан бір ауыз сөзі қандай ыстық еді.  

Ол кісімен Москвада таныстық. Астанада тұратын М.Ващенконың кезінде Шоқан ескерткішін жасауға қатысқанын естігеніміз болмаса, ол кісінің қазір қандай кәсіппен шұғылданатынынан бейхабар едік. Белгілі жазушы С.Марковтың жолдасы Галина Сергеевнадан алған аздаған түсінігіміз көңілдің қошын көтерерліктей болмады. «Ол кісі қазір демалыста. Речной вокзалдағы үйінде, әлі күнге дейін мүсін жасаумен айналысады» деген жазушы жұбайы. Астананың өнер адамы «бір нәрсені тындыруы» керек еді-ау деген оймен өнер қазынасы жайындағы энциклопедияларды түгел ақтарып шықтық. Соңғы рет кітап сөресіне қол созып тұрып ойлағам, талант пен тағдыр деген бір-біріне азабын артқаны болмаса, алыс ағайындар екен-ау деп. Вахтангов театрының жобасына қатысушылардың ішінде фамилиясы аталыпты. «Аздық етеді-ау, мынаны жасаған, мынаны жобалаған деп мақаланың аннотациясына шұбыртып жазып тастағанға не жетсін, шіркін», – деген арзан ой көлеңкесі тасадан бой көтерген. Архитектор, мүсінші Маргарита Маркиовна Ващенкомен кездесуге осындай ойлар жетегінде жеткеніміз де рас.

Сара бейнесінің жасалуы

Біздің қарсы алдымызда аласа бойы сәл еңкіш тартқан, өткір жанарлары әлі де тая қоймаған әлсіз кемпір тұрды. Жылдар тізбегі бет-ажарына өз іздерін салса да, инабаттылық пен жеке бастың жылдар бойына жинақталған мәдениеті терең әжемдер арасынан жылы шырай беріп тұр.

– Кешіріңіз, қазір денсаулығым нашар. Шеберханаға барып жұмыс істеуді көтермейді, сондықтан да үйде шұғылданамын. – Ол кісі бізді басқа бір оң қабаттағы бөлмеге бастады. Қарапайым тірліктің сұлулығын паш етер тазалық шіркін көзге ұрады.

Москвалық тәрбиенің, табиғаттың адамын қазақ даласы несімен баурап алды екен?

– Экзотикасымен! Кішінің үлкенді сыйлайтын тәрбиесімен! Әрине, дала романтикасы кез келген еркіндікті сүйген адамды тұтқын етері анық қой. Мен де сол, Орта Азияға шеккен бір сапарымда осы «тұтқынға» түстім.

Маргарита Маркиовна келген кез тыңда дүрбелең көтеріліп, Жер-ана төсінде астық себіліп,  республика өмірінде үлкен өзгерістер болып жатқан кез. Бірақ ол кісі Жетісу өлкесіне ат басын тіреді. Неліктен?

– Мен қазақ даласын, халқын, оның этнографиясын, мәдениетін тереңірек білгім келді. Сондықтан да тыныштау жерге келдім. Тыңда онсыз да проблема жеткілікті болатын.

Әңгіме тікелей  өнерге, мүсін өнеріне келіп тақалғанда, Маргарита Маркиовна бізді жұмыс бөлмесіне шақырды. Қарсы алдымызда қабағына қазақ даласының ой-еркі мен арман-мұңын жинаған Шоқан бейнесі тұрды. Бүгінгі әңгіме бөлек. Ол ақын Сара жайында. Өкінішке қарай, әдебиетшілеріміз бар, ғалымдарымыз бар, ауыз толтырарлық қоғамдық пікірді сол бір аты аңызға айналған қазақ қызы жайында қалыптастыра да алмай-ақ қойды-ау. Тіпті қазақ әйелінің бүгінгі бет-пердесіне, сана-нанымына сыналап енгізер идеялар Сара жерленген қара жер астында үнсіз жатқаны да ойландырмайды-ау бізді.

Маргарита Маркиовна төрде тұрған биіктігі қос метрдей мүсіннің жамылғысын алды. Қазақ сахарасының патриархалдық тұрмысында азап шеккен ғана емес, сол даланың, халықтың еркіндігінен де кәусар сезімді бойына үйірген Сара образын, ұзақ түндер бойына бейнесін елестете алмай қиналған жан-дүние құбылысының образын көрдік. Қалың гипс ақын қыздың нәзік бет-ажарын қылаң етер сезімнің ұшқынымен өрнектеген. Міне, қазір отты жүзі нарттай жанып, сүйкімді еріндеріне күлкі үйіргендей.

– Біздің ұғымымызда Сара феодалдық қоғамнан әбден зәбір көрген адамның мұңлық кейпінің жиынтық бейнесі еді…

– Болса болар, – деді ол кісі мүсінді аялай ұстап. Бірақ қазақ халқының өнерпаз ұл-қыздарын аялап өсіргенін де ойдан шығармау керек қой. Ал Сара бір халықтың маңдайына біткен бақыты ғой. Тарихқа қарасақ, тіпті еуропалықтарда өнер мен әлеуметтік жүк арқалаған әйел заты онша көп те емес.

Дұрыс-ақ дейік, бірақ қазақ тілін білмейтін сіздің ақын Сара образының нәзік пернелерін дәл табуыңыз сирек жағдай емес пе?

Сара бейнесінің жасалуы

– Мен ақын Сара образына Шоқан жайында материал жинап жүрген кезде жолықтым. Жетісу өңірінің адамдары, ақын қыз жайлы құлақ құрышын қандыра әңгімелеуші еді. Кейіннен өлеңдерінің мазмұнымен таныстым. Ал Шоқанның ескерткішін орнатып болған соң, біржола Сараға ден қойдым. Алғашқы қиындық – Сараның суретінің сақталмауы еді. Мені өзім әбден  ойыма сіңірген образдың тарихтағы болмысынан айырма шығу қаупі мазалады. Бірақ Сараның құрбылары, Сараның көзін көрген адамдар көп көмектесті. Ұзақ кештерде солардың суреттеуімен бірнеше эскиз жасалды. Тек бір жылдан соң ғана бейнесі жасалып, 70-жылдардың басында ауыл ақсақалдарының құптауымен Қапал аудандық атқару комитеті Сара бейнесін менің нұсқаммен қабылдады.

– Сурет жасалып, Сара бейнесі бүгінгі күнге аяқ басты. Ал Сараға орнатылған ескерткіш мүсіндер жайында айтсаңыз.

– Көп кешікпей «Қапал» совхозында Сараға ескерткіш орнатуға кірісіп кеттік. Ол кезде мен облыста архитектор болып қызмет істейтінмін. Ескерткішті  мен ақысыз орнатуға келістім.

…Жанымда тұрған жасы 80-ге тақағанда қолынан бояуы мен керекті құралдарын тастамаған кішкене ғана адамға назар аудардым. Апыр-ау, үлкен өнерге үнсіз ғана өз қолтаңбасын қалдырып жүрген ұлы музаның мыңдаған құлдарының бірі екен-ау. Моцарттармен қатар жүрген Сальериге айналмаған, өнерге қызмет қылудың биік үлгісін көрсеткен жан ғой. Тәңірім осылардың творчестволық ғұмырын ұзарта түссе.

– Өзіңіз де түсінерсіз, Қазақстаннан кеткеніме де біраз жылдар болып қалды. Уақыт та есесін жіберер емес. Мен жасаған мына Сара мүсіндері (олар мүсінші үйінде бірнешеу) кейін қараусыз қала ма деймін. Ақын ауылынан, мектебінен мүсінді алам деушілер болса тегін-ақ берер едім. Сара образы қазақ балаларының талғамынан шығар деп ойлаймын. Тек қызығушылар табылса болғаны… – Ол кісі үнсіз қалды.

Жақында Маргарита Маркиовнадан хат алдық. Хатының соңында «Сара мүсінін сұраушылар бар ма екен? Біле алдыңыз ба?» – депті…

Сара бейнесінің жасалуы

Алтынбек СӘРСЕНБАЕВ

«Лениншіл жас», 1986 жыл

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.