Осы аптада, яғни, 3-мамыр күні жарық көрген «Жас Алаш» газетінің басты мақаласы мәжіліс қарауына түскен «Сайлау туралы» конституциялық заң жобасы жайында болды. Бұл жобаның бір көздегені – мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен сайлау. Әлбетте, Ақорда жаққа қарап, әу деуге батылдары жетпейтін депутаттар заң жобасын «ләппай, тақсыр» деп қос қолдай мақұлдайтыны айтпаса да түсінікті. Ендеше ешбір партияға мүше емес жеке азаматтардың енді жергілікті мәслихат сайлауына түсуіне тосқауыл қойылмақ. Бұл азаматтық қоғам мен белсенділікті өлтірудің соңғы амалы емес пе?

Қытайдағы қазақтардың басына төнген қауіп туралы «Жас Алаш» жазудан шаршаған емес. Енді міне, Қытайдың «жабық түрмесінде» жатқан студентті оқудан шығарып жіберіпті. Нақтырақ айтсақ, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студенті Айнұр Бақыт оқудан шығып қалды. Ұстаздар оның себебін үш ай оқуға келмегенімен түсіндіреді. Ал құрбылары Айнұр Қытайдың «жабық түрмесінде» жатыр деп біледі.

Алматыда қанша адам тұрады? Ресми статистика деректеріне сүйенсек, Алматыда 1 миллион 800 мыңнан астам тұрғын бар деген жа­уап аламыз. Ал халықаралық немесе қоғамдық ақпарат көздеріне сенсек, мегаполисте 2 миллион 200 мыңнан астам халық тұрады. Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым мегаполис қаланың қазіргі тыныс-тіршілігіне тың зерттеу жүргізді.

Ауызсуға жарымай отырса да Батыс Қазақстан облысы Астананың тойына жарты миллиард теңге бөлді. Қымбат жобаға алаңдаушылық білдірген батысқазақстандық бір тұрғын облыс әкімі Алтай Көлгіновтың блогына «Одан да осы қаржыға Орал қаласынан жақсы бір құрылыс жүргізіп, «Астананың 20 жылдығы» деп атамадық па?» деп сауал жолдапты.

Құдай көлеңкесінің синдромы. Президент Н.Назарбаев – Совет өкіметі кезінде билікке келіп, қызыл партияның баспалдағымен өскен тұлға. Тек президент емес, біздегі аға буынның бәрі де сол – қызыл адамдар. Міне, сол қызыл ағаларымыз 90-жылдардағы қиындықтардан әупірімдеп өтіп, ес жиып алған соң, баяғы күн көсемдерді жырлаған, мақтаған ескі соқпақтарына қайта түсіп, президентке ода айтудан жарысты бастап жіберді. Онысымен қоймай, соңдарына жастарды ілестіріп алып кетті…

Бұдан да басқа сан түрлі әр саланың өзекті дүниелері оқырманға жол тартты.

Жан серігіңіз «Жас Алашқа» жазылыңыз!

Электронды нұсқаға жазылудың артықшылығы көп. Пошта қызметін күн ұзақ күтіп отырмайсыз. Көшедегі дүңгіршектен іздеп шаршамайсыз. Электронды нұсқаның бағасы газет құнынан екі есе арзан. Себебі редакция қағаз бен баспаханаға шығындалмайды. Әлемнің қай түкпірінде жүрсеңіз де газеттің электронды нұсқасы қалаған уақытыңызда қолыңызда тұрады.

Газеттің электронды нұсқасына жазылу үлгісі:
Сілтемені https://zhasalash.kz/gazet-pdf/ басып, жазылу бетіне өтесіз. Сосын қанша уақытқа жазылатыныңызды таңдайсыз. Әрі қарай төлем жасау е-парағына өткен соң, кестеде көрсетілген * жұлдызшамен белгіленген тұсты толырып, «төлеу» дегенді бассаңыз, банк карталары арқылы төлем жасау жүйесіне енесіз.

Немесе кез келген жердегі Qiwi төлем қабылдау терминалы арқылы +77012206452 нөміріне ақшаңызды салып  (3 айға 750 теңге, 6 айға 1500 теңге, 1 жылға 3 мың теңге), сол түбіртек пен электронды поштаңызды осы нөмірдегі (+77012206452 ) whatsapp жүйесіне жолдасаңыз болды. Газеттің электронды нұсқасы Сіздің е-поштаңызға түсіп тұрады.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.