АҚШ санкциясына ілінген «Ренова» компаниялар тобы мен оның иесі ресейлік олигарх Виктор Вексельберг Ресей үкіметіне өз активін қолдауға қатысты ұсыныстарын жолдады. «Коммерсантъ» басылымының жазуынша, егер ол ұсыныстар қабылданса, компанияға тиімді экономикалық жағдай жасалмақ.

Басылым ақпаратына қарағанда, «Ренова» тобы өзінің құрамындағы «Байкал холдингін» қолдау үшін салқын сусындар мен минералды су импорттауға толық тыйым салуды ұсынады. «Ренова» бұдан бөлек өзінің Батыс елдерінің банктерінен алған 820 миллион еуро несие бойынша міндеттемелерін «Русал» компаниясының акциясын кепілге қою арқылы мемлекеттік банктің қайта қаржыландыруын сұрайды. Компания сонымен қатар мемлекеттік тапсырыс пен кедендік түрлі жеңілдіктер алуға жәрдемдесуді, оның ішінде тікелей бәсекелестерінің өнімдерін елге кіргізуде шектеу шараларын енгізуді сұрайды.

«Коммерсанть» мәліметі бойынша, компания сұраған барлық жеңілдігі мақұлданады деп үміттенбейді, бірақ жұмыс орындарын сақтап қалу үшін қалай да қаржы немесе ірі көлемде мемлекеттік тапсырыс алуға күш салмақ.

6 сәуірде АҚШ Ресейдің 24 азаматы мен 14 компаниясына жаңа санкция салған. Санкцияға іліккендер арасында миллиардерлер Олег Дерипаска, Виктор Вексельберг, Сулейман Керимов, Игорь Ротенберг, Кирилл Шамалов және оларға тиесілі компаниялар, ВТБ банкінің басшысы Алексей Костин, «Газпром» компаниясының басшысы Алексей Миллер бар.

Бұл санкция Мәскеу биржасында рубль бағамы мен акциялардың құлдырауына әкеліп соқтырды. Reuters-тің мәліметінше, АҚШ санкциялары салдарынан «Ренованың» 1,5-2 миллиард доллар активі бұғатталған. Ресей үкіметі санкцияға ілінген компанияларға көмек берілетінін мәлімдеген.

Ресей АҚШ-ты бұл шектеуіне жауап шараларын ойластырып жатыр.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.