18 мамыр — атақшы әнші, талантты композитор Батырхан ШҮКЕНОВТІҢ туған күні. Көзі тірі болғанда  дарын иесі 56 жасқа толар еді. Атаулы датаға орай, Қызылорда қаласында әншінің ескерткіші бой көтеріп, жерлестері әншіге лайықты құрмет көрсетпек. Алайда, нысанның орналасатын орны көпшіліктің көңілінен шықпай отыр. Көпшіліктің шағымы билік тарапынан ескерілген де жоқ.

Қызылорда қаласының әкімдігі Батырхан Шүкеновтің ескерткішін оқушылар үйінің саябағына орналастыруды жөн санаған. Шаһардың орталығында орналасқан бұл аумақта осыдан бірнеше жыл бұрын Лениннің ескерткіші тұрған болатын. Кейін Кеңес үкіметі тұсында пролетариаттың көсемі атанған тұлғаның бейнесі көзден таса жерге көшірілген.

«Өз басым Батырхан Шүкеновтың ескерткіштің оқушылар саябағына қойылғанына қарсымын. Қаланың қақ ортасы болғанымен, ол жаққа көп адамдар бара бермейді. Оның үстіне мерекелік шараларды ұйымдастыратын аумақ өте тар. Әншінің құрметіне қойылған ескерткіштің жанында ән кештерін ұйымдастыру жағы қиын. Батыр тек Қызылорданың ғана емес, бүкіл еліміздің атағын аспандатқан тұлға. Сол себепті оның бейнесі көпшіліктің көз алдында болғаны дұрыс», — дейді қала тұрғыны Светлана АЛЬМУХАНОВА.

«Бұл жер халық арасында «пионерлер паркі» аталып кеткен аумақ. Лениннің ескерткіші ондаған жыл тұрды. Енді келіп, сол жерге Батырдың тұғырын қою ұят сияқты. Бұл мәселе турасында әлеуметтік желілерде қызылордалықтар пікірін білдіріп те жүрді. Қызу талқыланған тақырып. Тіпті, әншінің туыстарының өздері ескерткішті ашық жерге қою қажеттігін бірнеше мәрте айтты. Бірақ, шенеуніктер әдеттегідей өздері шешім қабылдап отыр», — дейді тағы бір қала тұрғыны Жанай МАНАТБАЙ.

Расымен, ескерткіштің орналасатын аумағы қоғамда қатты талқыланған болатын. Батырхан Шүкеновтің фанаттары әлеуметтік желілер арқылы дауыс жинап, тұғырды Қорқыт ата және Желтоқсан көшелерінің қиылысына қоюды ұсынған еді. Бірақ, қабылданған шешім өзгермейтінге ұқсайды.

«18 мамыр күні ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Қазір тұғыр Алматы қаласында жасалынып жатыр. Аяқталуға жақын. Қалалық әкімдік оқушылар үйінің саябағында орналастыру жөнінде шешім шығарды. Нысанның айналасы көгалданатын болады. Ескерткіштің авторы – қызылордалық мүсінші Мұрат МАНСҰРОВ», — деп мәлімдеді Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының ресми өкілі Жанар НҰРЖАҚЫПОВА.

Ескерткіштің ашылу кешіне әншінің туыстары мен жақындары келмек. Сондай –ақ, Ресейден келетін эстрада жұлдыздары өнер көрсететін болады деп жоспарланып отыр.

Фото: zhasalash.kz

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.