Қойнауы пайдалы қазбаға толы Жарма ауданындағы Әуезов кентінің тұрғындары мектепке балаларын жіберген сайын жүрегі ұшып отырады. Өйткені, салынғанына 45 жыл өткен, 400-ден астам бала оқитын мұндағы білім ошағының ескіргені сондай үшінші қабатынан жаңбыр жауған сайын су сорғалап, төбесінің тозығы жеткені оқушылардың да, ұстаздардың да үрейін алып тұр. «Цифрлы Қазақстан», электронды оқыту жүйесі деген тәтті қиялдың жетегінде жүрген Білім министрі Ерлан САҒАДИЕВ үшін бұл мүмкін емес жағдай шығар, бірақ, ұят та болса, айтуға тура келетін шындық осы.

Шелегі көп мектеп

-1973 жылы салынған осы мектеп күні бүгінге дейін күрделі жөндеуден өткен емес. Өмірімнің 40 жылы осы мектепте өтіп, зейнеткерлікке шыққан мен қазір осы мектепте оқитын немерелерім үшін алаңдаймын. Мектептің тозығы жеткендігін айтып, аудандық әкімдікке айтып келе жатқалы үш жылдан асты. Іргеміздегі Бақыршық кен орынында адтын өндірумен айналысатын Ресейдің «Полиметалл» кәсіпорыны жұмыс істейді. Осы кәсіпорынның арқасында ауылдағы ескі балабақша ғимараты толықтай жаңартылды, көркейту жұмыстарына қосқан басқа да көмектері мол. Мектептің жайымен амалсыз олардан да көмек сұрағанымызда, бұл жергілікті атқарушы биліктің шешетін мәселесі екендігін айтты. Әрине, дұрыс айтып отыр. Мамыр басталғалы жауған жаңбырдан үшінші қабаттың бірнеше жерінен су сарылдап, амалсыз шелектен бастап, қолымызға түскен бос ыдыстарды тізіп қойып отырмыз. Қабырғаларынан көктің исі шығады. Осындай жерде оқыған балалардың денсаулығы сыр бермейтініне кім кепіл?-дейді зейнеткер, Бақыршық орта мектебіндегі қамқорлық кеңесінің мүшесі Елеусіз ҚҰСМАНҚЫЗЫ.

Шелегі көп мектеп

Бұл мектепте  үш баласы оқитын Мақып ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫНЫҢ айтуынша, қазір үшінші қабаттағы кабинеттерде оқу мүмкін болмаған соң, мұғалімдер де, оқушылар да бірінші қабатқа түсуге мәжбүр болған. Мектеп орталық қазандық арқылы жылытылғанымен, ағаш терезелі, қабырғалары қақырап тұрғандықтан қыс бойы сынып іші -8 -10 градусқа дейін суық болады екен. «Ағаш терезенің саңылауынан аяз кірмес үшін целлофан тартып, қолдан келгенді істеп шығамыз»,-дейді ол.

Шелегі көп мектеп

Айтпақшы, күні кеше ғана ауыл тұрғындары Жарма ауданының әкімі Нұрлан СЫДЫҚОВ бастаған жергілікті атқамінерлерді сарыла күтті. Өйткені, бірер күн бұрын ғана мектептің жағдайын айтып, арнайы жолдаған хатына жауап беру үшін аудан басшылығы мен білім бөлімінің басшысы келуі тиіс болатын. Алайда, ел орынға отырғанша ауыл сыртындағы қара жолға көз талдырған кент тұрғындарына ешбір шенеунік төбе көрсеткен жоқ.

Жанайқайын жасыра алмай «Жас алаш» газетінің Шығыстағы қосынына қоңырау шалған Әуезов кенті тұрғындарының мәселесімен аудан әкімінің орынбасары Айдар ИБРАЕВПЕН хабарластық.

-Бақыршық орта мектебінің жағдайы нашар екенін біліп отырмыз. Бұл мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 314 млн. теңге қаражат қажет. Оған аудандық бюджеттің шамасы келмейді. Сол себепті, облыстық әкімдікке жобалау-сметалық құжатын жасап жібердік. Ал аудандық бюджеттен мектептің шатырын жөндеуге 650 мың теңге бөліп отырмыз. Жалпы, бұл мақсаттағы жөндеу жұмыстарын биылғы жылы жүзеге асырамыз деп отырмыз,- дейді А. Ибраев. 

Шелегі көп мектеп

Әкім орынбасары Әуезов кентіне басшылықтан тірі жан бармау себебін аудан әкімі Нұрлан Сыдықовтың 4 –мамырда Жеңіс күніне орай сонда баруды жоспарлауымен түсіндірді. Яғни, әкім Н. Сыдықов екі соғыс ардагерін құттықтай барып, одан кейін ғана тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдауға уақыт таба алатын көрінеді.

Облыс әкімі Даниял АХМЕТОВ «Жас алаш» газетінде (15. 03. 2018 ж) «Ахметов Шакираның қолынан шай іше алмай жүр немесе Тұғылда туған ой» атты мақала жарық көргеннен кейін Тарбағатай ауданындағы Тұғыл ауылында 1962 жылы салынған орта мектепке барған еді. Сол кезде Зайсан көлінің жағасындағы Тұғыл ауылындағы қазандығы жер астына орналасқан ескі мектепті өз көзімен бірінші рет көріп қатты таңқалған болатын. Тіпті, ескі құралдарды көргенде күйіп кетіп, үстіміздегі жылы білім саласына 105 млрд. теңге қаржы бөлінгенін және оның қайда кетіп жатқанын тексеру қажеттігін айтқан еді. Ал жерінен алтын шығып жатқан Жарма ауданындағы бұл мектептің әлі «таз қалпында» тұрғанын естісе, не дер екен?.. Үкімет басшысы Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарында осы Бақыршыққа келуді жоспарлап отырғаны тағы бар.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.