2011 жылы орнына алынып, Гафур ГУЛЯМ саябағына көшірілген Ташкенттегі генерал Сабыр РАҚЫМОВТЫҢ ескерткіші бұрынғы орнына қайтарылатын болды. Мұны Өзбекстанның президенті Шавкат МИРЗИЯЕВ Наманган облысына жасаған сапары кезінде мәлім етті. «Газет.uz» сайтының хабарлауынша, президент бұл қадамды «тарихи әділдікті қалпына келтіру» деп атап:

-Ескерткішті 9 мамырға дейін орнына қойсақ жақсы болар еді,-деп айтыпты.

Ташкенттегі Сабыр Рақымов ескерткіші 1981 жылы қойылған. Ол 1970 жылы құрылған Сабыр Рақымов атындағы аудан хокимиятының алдына орналасқан болатын. 2010 жылы Сабыр Рақымов ауданы Олмазар деп ауыстырылды. Оған дейін Ташкент метрополитеніндегі «Сабир Рахимов»  станциясы да «Олмазар» деген жаңа атауға ие болған еді.

Сәуірде Шавкат Мирзияев соғыс жылдарында 15 баланы асырап алған Шамахмудовтар отбасына қойылған «Халықтар достығы» ескерткішін де бұрынғы орнына қоюды тапсырған. «Халықтар достығы» атау бұрынғысынша Ташкенттегі алаңға, станция метросына және мәдениет сарайына қайтарылмақ. Алдағы уақытта Шавкат Мирзияев Сабыр Рақымовтың есімін Ташкенттегі ауданға, метро станциясына қайтарады деген сенім бар.

Генерал қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданына дүниеге келген. Кеңес Одағының Батыры. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, Қазақстан, Орта Азия елдерінен шыққан тұңғыш генерал. Әкесінен ерте айырылған ол Өзбекстанда нағашыларының қолында тәрбиеленген. Қазіргі уақытта Шымкентте Сабыр Рақымовтың ескерткіші бар. Батырдың есімін Шымкентте көше,  республикалық әскери мектеп-интернаты және Қазығұрт ауданындағы мектеп иеленген.

 

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.