«ЕСІМЕ АЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ…»

Минскінің шет жағындағы, соғыстан кейін бірден салынған үш қабатты үй, өзі көптен бері жасминнің ақ гүлді бұталарына жайлы оралған. Менің төрт жылға созылатын ізденісім, осы жолдарды жазып отырмағанда да іркілмеген, тура осы үйден басталған.  Расында мен ол кезде бұл турасында күдіктенген де жоқ едім. Мені мұнда қалалық гәзитте жарияланған, Минскідегі «Ударник» жол мәшинелері зауытының аға бухгалтері Мария Ивановна Морозованы зейнеткерлікке қалай шығарып салғандықтары жайлы кішкентай ғана мақала алып келген еді. Ал соғыс кезінде ол мерген болып қызмет еткен, он бір әскери наградалары бар көрінеді. Санамда осынау әйелдің сондағы мамандығын оның бейбіт тіршілігімен қиыстыру қиынға түсті. Бірақ осы сәйкессіздіктен  1941–1945 жылдары кім солдат болып еді деген сауалға жауап та сезіліп тұрды.

…Басын айналдыра ұзын бұрымымен орап тастаған, өзінің гәзиттегі онша айқын емес суретіне мүлде ұқсамайтын көңіл жібітерлік бейнедегі кішкентай ғана әйел қолдарымен бетін жауып, үлкен креслода отырды:

– Жо-жоқ, есіме алғым келмейді… Жүйкем жібермейді. Осы уақытқа дейін әскери  фильмдерді көре алмаймын…

Сонсоң сауал қойды:

– Ал сіз маған неге келдіңіз? Менің күйеуіммен сөйлессеңіз ғой, ол айтып берер еді… Командирлерін, генералдарды қалай атағанын, әскери бөлімдердің сандарын – бәрін де жадында сақтаған. Ал менде – ондай жоқ. Мен тек өзімнің қандай кепке ұшырағанымды есімде қалдырыппын. Жаныңды шегедей тескілеген жайттарды ғана…

Магнитофонды алып тастауымды өтінді:

– Маған сіздің жанарларыңыз қажет, ал мынау кедергі болады.

Бірақ бірер минөттен кейін оны да ұмытты…

Мерген, ефрейтор Мария Ивановна Морозова (Иванушкина):

«Менің туған ауылым Дьяковское тұрған жер бүгінде Мәскеудің Пролетар ауданы деп аталады. Соғыс басталғанда мен он сегізге толған едім. Колхозға барып жүретінмін, одан бухгалтерлік курсты бітірдім, жұмыс істей бастадым. Және біз бір мезгілде военкоматтағы курстарға да қатыстық. Онда бізге әскери винтовкадан атуды үйретті. Үйірмеде қырық қыз даярландық. Біздің деревнядан – төрт адам, көршілерден – бесеу, бір сөзбен айтқанда, әр деревнядан шамалыдан алды. Және бәрі де қыздар… Еркектердің шамасы келгендері майданға кетіп тынды ғой…

Көп ұзамай комсомолдың Орталық Комитетінің жастарға арнаған үндеуі пайда болды – жау Мәскеудің түбіне жетіп келді, Отанды қорғау қажет болды. Мен ғана емес, қыздардың барлығы да майданға ұмтылды. Менің әкем де соғысқа кетті. Біз жалғыз сондай екенбіз деп жүрдік… Ал военкоматқа келсек – қыздар толып жүр. Іріктеп алу өте қатаң болды. Алдымен, әрине, мықты денсаулығың болуы керек. Өзімді алмайтын шығар деп қатты қаймықтым, өйткені бала кезімде көп ауырдым, тым әлсіз болатынмын. Сонсоң, соғысқа бармақшы қыздың үйінде өзінен басқа ешкім қалмайтындай болса, оны да алмайтын, өйткені анаңды жалғыз тастауға болмайды. Ал, менің артымда екі сіңілім мен екі бауырым қалып бара жатқан, бірақ кішкентай-кішкентай еді, әйтсе де, есепке алынатын. Оның бер жағында және бір жағдаят – ересектердің бәрі майданға кетті, егіс даласы мен танаптарда жұмыс істейтін ешкім қалмады деп колхоздың  председателі де бізді босатқысы келмеді. Бір сөзбен айтқанда, біздерді соғысқа алмай қойды. Біз комсомолдың аудандық комитетіне де бардық, онда да жібермеді.

Содан комсомолдың облыстық комитетіне де өтіндік. Бізді тағы да алған жоқ. Енді біз Мәскеуде тұрғандықтан комсомолдың Орталық Комитетіне баруды шештік. Ал кім баяндайды, ішіміздегі ең ширағымыз қайсы? Біреуіміз барсақ та бола ма, әйтпесе хатшыға жетпек түгілі, дәлізіне де кіре алмайсың. Өйткені онда бүкіл Одақтан келген біз сияқты жастар толып жүретін-ді, іштерінде оккупацияға ұшырағандар  да баршылық еді, қаза тапқан жақындарының өшін алуға ұмтылып жүргендер қаншама десеңізші!

Кешке қарай хатшыға да жеттік-ау. Бізден сұрап жатыр: «Егер сендер мылтықтан ату білмесеңдер, майданға қалай бармақсыңдар?» дейді. Ал біз болсақ, ендігі үйреніп алғанбыз дейміз… «Қайдан?.. Қалай?.. Ал жарақатты таңуды білесіңдер ме?» Біз айтамыз: военкоматтың жанындағы үйірмеде аудандық дәрігер үйреткен дейміз… Иә, біздің «көзіріміз» қолымызда болатын – біз қырық адамбыз, бәріміз де ату, алғашқы медициналық көмек көрсетуді бір кісідей білеміз десіп жатырмыз. Бізге былай деді: «Бара тұрыңдар, тоса тұрыңдар. Сендердің мәселелерің оңтайлы шешілетін болады». Арада екі күн өтпей жатып қолымызға  повестка ұстатты…

Біз военкоматқа жетіп келдік, табан астында бір есіктен кіргізіп, екіншісінен шығарды; менің тамаша бұрымым бар еді, мен оны мақтан ететінмін. Иә, екінші есіктен соны қиғызып шықтым… Көйлегімізді де тастадық. Анама не көйлегімді, не бұрымымды беріп үлгермедім… Ол менен тым болмаса осылары қалсыншы деп өтініп жүруші еді… Бізге дереу  гимнастеркалар мен пилоткаларды кигізді де, қолымызға торба беріп, тауар пойызына артты да, майданға қоя берді…

Біз өзімізді қайда апарып, қайда тіркейтінін де білгеніміз жоқ. Әрі-беріден соң біздің кім болатынымыз пәлендей маңызды емес еді. Әйтеуір майданға жетсек болды. Елдің бәрі соғысып жатыр, біз де соғыспақпыз. Щелково стансасына келдік, оған тақау жерде әйелдердің мергендер мектебі бар екен. Сөйтсек, сонда әкеліпті.

Содан оқи бастадық. Гарнизон қызметінің, тәртіп уставтарын үйрендік, жатқан жерге жасырыну, химиялық қорғанысты да игердік. Қыздар тырмысып бақты. Мерген мылтығын көзіңізді жұмып қойып жинақтау мен қайта шашып тастау, желдің жылдамдығын аңғару, нысананың қозғалысы мен оған дейінгі аралықты байқастау, шұңқыр қазу, пластунша еңбектеу – бәрі, бәрі де біз үшін бұйым болмай қалды. Курстарды аяқтағанда оқ ату және қатардағы дайындықты «беске» тапсырдым.

Есімде қалған ең қиыны – тревогамен атып тұрып, бес минөтте тас-түйін әзір тұру еді. Уақыт жоғалтпай тез жиналу үшін біз етікті бір-екі нөмір кеңірек алатынбыз. Тіпті  етікті жалаң аяққа іле салып, сапқа тұруға жүгіріп баратынбыз. Бір қыз сөйтіп аяғын үсітіп ала жаздағаны бар. Старшина байқап қалып, ескерту жасады, сонсоң шұлғауды қалай орауды үйретті де: «Мен сендерді, қыздарды, фрицтерге нысана емес, қалайша солдат жасаймын?» деп гүжілдеп тұрушы еді, жарықтық…

Сонымен, біз де майданға жеттік-ау. Оршаның түбіне… Алпыс екінші атқыштар    дивизиясына… Командир, тап қазіргідей есімде, полковник Бородкин бізді көрді де, ашуға басты: қыздарды әкеп тоғытқаны несі?! Бірақ, сонсоң өзіне шақырды, түскі тамақ бергізді. Естіп отырмыз, адъютантынан сұрап қояды: «Бізде шайға тартар тәтті жоқ па екен?» деп. Біз ашуға басайық: бізді кімге балап тұр өзі? Біз соғысуға келдік қой… Ал ол бізді жауынгерлер емес, қатардағы қыздар ретінде қабылдайды. Шындығында біз оның қыздары қатарлы едік. Ол бізді қабылдағанда, «Шырақтарым-ау, мен сендерді қайтпекпін енді?» деп еді-ау. Ал біз болсақ, өзімізді солдат санап, күпиіп жүрміз ғой, таза…

Ертеңіне біздің қалай ататындығымызды, жер үстінде қалай жасырынатындығымызды көрсетуімізді бұйырды. Жақсы атыстық, тіпті еркек мергендерден де тәуір көрсеткішке жеттік. Оларды алғы шептен екі күндік курсқа бері шақырып алған болатын. Одан соң жер бетінде жасырыну… Полковник  келді де, алаңқай жерді аралап, бір төмпешікке отыра кетті – ештеңе көрінбейді. Осы кезде әлгі «төмпешік» ойбай салсын: «Ой, жолдас полковник, бұдан әрі шыдай алар емеспін, ауыр-ақ екенсіз, тезірек тұрыңызшы…» Ел күлкіден қырылып қалсын! Полковник  осылайша жасырынуға болады екен деп мүлде ойламапты. «Енді, қыздар жайлы айтқан сөздерімді қайтып аламын» деді. Сөйтсе де, ол біз алғы шепке жөнелгенде қатты қиналатын, әр жолы абай болыңдар, беталды тәуекелге бармаңдар деп ескертіп отыратын.

Алғашқы күні мен серіктесім Маша Козлова екеуіміз «аң қағуға» (мергендер осылай атайды) бардық. Жасырынып алып, жаттық: мен бақылау жасаймын, Машаның қолында – винтовка. Кенет Маша маған:

– Ат, ат! Көрдің бе, әне, неміс… – дейді.

Мен оған:

– Мен бақылау жасап жатырмын. Сен ат! – деймін.

– Біз «кім атадыны шешкенше», – дейді ол, – анау кетіп қалады.

Ал мен оған өзімдікін нығарлаймын:

– Әуелі ату картасын жасау керек, нысананы құрастырған жөн: қора қайда, қайың қайда дегендейін…

– Сен тап бір мектептегідей, қағаздағы оттаубайыңды көлденең тартпақсың ба? Мен қағаз жазу үшін емес, ату үшін келдім!

Көріп тұрмын, енді Маша маған ашулана бастады.

– Атсаң, атсаңшы, не ғыл деп жатырсың?

Біз осылайша керістік те қалдық. Шындығында, осы уақыт ішінде  неміс офицері солдаттарына нұсқау беріп жатты. Одан көлік келді, солдат тізбектеліп тұра қалысып, әлдебір жүкті бір-біріне берісе бастады. Әлгі офицер тұрған бойы бірдеңе айтты да, жоғалып кетті. Біз болсақ әлі ұрсысып жатырмыз. Мен оның екі рет пайда болғанын көрдім, енді және жіберіп алсақ, офицерден таза айрылып қаламыз. Сөйтіп ол үшінші рет пайда болғанда, бұл дегеніңіз бір ғана сәт қой – біресе көрінеді, біресе жоғалады – енді мен атуға бел будым. Сөйтсем де, кенет мынадай ой шарпып өткені: жау болса да, ол да адам ғой. Содан қолдарым қалтырай бастады, денемді діріл басты. Әлдебір қорқыныш келді… Фанер нысаналардан кейін тірі адамға оқ ату қиынға соқты. Бірақ мен өзімді өзім қолыма алдым да, мылтықтың шүріппесін басып қалдым… Анау қолдарын ербең еткізді де, мұрттай ұшты. Өлді ме, жоқ па, оншасын білмеймін. бірақ осыдан соң, бұрынғыдан да жаман дірілдей бастадым, әлдебір қорқыныш сап ете түсті: мен адамды өлтірдім ғой…

Біз қайтып оралғанда өз взводымда бастан өткергенімді айтып едім, жиналыс өткізілді. Біздегі комсорг Клава Иванова мені сендіре бастады: «Оларды аяп керегі жоқ, жек көру қажет…» Фашистер оның әкесін өлтіріпті. Біз кейде ән салғымыз келсе, ол өтініш айтады: «Қыздар қойыңдаршы, мына сұрқияларды жеңейікші, сонда әндетерміз» дейтін.

Бірер күн өткеннен кейін Мария Ивановна маған телефон шалып, өзінің майдандас құрбысы Клавдия Григорьевна Крохинанікіне шақырды. Мен қыздардың солдаттарға айналып, кісі өлтіруге кірісулерінің қаншалықты қиын екендігі жайлы тағы да естідім.

Мерген, аға сержант Клавдия Григорьевна Крохина:

«Біз жасырындық, мен аңдып жатырмын. Міне көріп қалдым: әлдебір неміс сәл көтеріле беріп еді, мен шүріппені басып қалдым, анау жалп ете түсті. Денем қалшылдап, безгек ұрғандай болдым. Мен жылап жібердім. Кезінде нысаналарды атқанда ештеңе етпеген сияқты еді, ал мына жерде: мен қалайша адамды өлтірдім?..

Кейін бұл сезім өтіп тынды. Қалай «өтіп тынды» дейсіз бе? Біз Шығыс Пруссиядағы кішкене кентке апарар жолда келе жаттық. Сонда жолдың қасында барақ па, әлде үй ме, әйтеуір бәрі жанып жатты, жанып бітті, тек көмірлері ғана қалыпты, ал олардың ішінен жанып кеткен жұлдызшаларды көрдім, бұлар біздің жаралылар немесе тұтқындар еді… Осыдан кейін, мен жауды қанша өлтірсем де аяған емеспін. Ана жанып жатқан сүйектерді көргенде, өзіме өзім келе алмадым, тек қана ыза мен кек алу сезімдері қалып қойды.

…Майданнан шашым әппақ болып оралдым. Жиырма бір жаста ғанамын, тек шашым әппақ. Мен жараландым, контузия да алдым, бір құлағым естімей қалды. Анам мені: «Сенің келетініңе сендім. Мен сен үшін күндіз-түні дұға оқитынмын» деген сөздермен қарсы алды. Бауырым майданда қайтыс болды. Анам жылап тұрды:

– Ұл ма, қыз ба, бәрі бірдей, таба бер әйтеуір. Бауырың еркек қой, ол Отанын қорғауға тиісті, ал сен қызсың. Мен тек бір жайды ғана сұрадым: егер жарақат алса, қыздың жарымжан болып қалғанынан өліп қалғаны көп жақсы дейтінмін.

Мен Челябинск облысының тумасымын, белорус емеспін, мұнда мені күйеуім алып келген, сонда әлдебір рудалар қазылып алынатын. Жарылыстар басталса болды-ақ мен кереуеттен атып тұрып, алдымен шинелімді ала жүгіретінмін-ді – зыту керек, әйтеуір бір жаққа қарай зыту керек. Мамам мені бас салып, жас балаша жұбататын. Қаншама рет кереуеттен ұшып түсіп,  шинельге жүгірдім десеңізші…»

Бөлме жылы болса да, Мария Ивановна жүннен тоқылған ауыр жамылғыға оранған – ол қалтырап отыр. Әңгімесін одан әрі жалғастырады:

«Біздің барлаушылар неміс офицерін қолға түсіріпті – ол таңғалады екен, қарамағында шығын болған көп солдаттың бәрі де басынан оқ тиіп қаза болған. «Менің сонша солдатымды өлтірген атқышты көрсетіңдерші, – деп өтініпті әлгі. – Қарауыма келгендерден күн сайын он адамға дейін өліп жатты». Полк командирі әрі қарай былай депті: «Өкінішке орай, мен оны көрсете алмаймын. Ол мерген қыз – Саша Шляхова еді, бірақ ол қаза тапты». Бұл қыз мергендердің текетіресінде өлген-ді. Оны өлтірткен қызыл шарф деуге болады. Ол осынау шарфты өте ұнататын еді. Ал қызыл шарф ақ қардың үстінде «айғайлап тұрады», тура демаскировканың өзі. Неміс офицері ол мергеннің қыз екенін естігенде, не айтарын білмей, басын сылқ еткізіп төмен түсіріп жіберген екен…

Біз қос-қостан жүретінбіз, жалғыз өзіңе қараңғыда қалқайып отыру азап, көздерің жасаурайды, қолдарыңнан жан кеткендей болады, бүкіл денең сөйткендей күйге ұшырайсың. Әсіресе қыстыгүні өте қиын. Астыңдағы қар ери бастайды. Таң біліне алғы шепке шығып, қас қарая қайтатынбыз. Он екі сағат, тіпті одан да ұзақ уақыт біз қардың үстінде жататынбыз, немесе ағаштың басына әйтпесе қираған үйдің шатырына жасырынатынбыз, әйтеуір жау біздің қай тұстан бақылау жасап жатқанымызды білмесе болғаны. Шамамыз келгенше жақын жерден: неміс жатқан  траншеядан жеті жүз-сегіз жүз немесе бес-ақ жүз метр жерден бой тасалайтынбыз.

Мен бізге осынша батылдықтың қайдан келетінін түсінбеймін. Әйтпесе Жасаған әйелді  солдат етіп жаратпаған ғой. Сіздерге бір оқиғаны айтайын…

Біз шабуылға шықтық, тіпті тым үрдіс қимылдадық. Содан әбден шаршадық, бізді қамтамасыз ететін бөлімшелер кейін қалып қойды, оқ-дәрі таусылды, азық-түлік бітті, асүйді снаряд жарып кетті. Үш тәулік бойына кепкен нанмен отырдық, тіліміз тілім-тілім болып аузымызға сыймай кетті.

Менің қасымдағы серіктесім оққа ұшты, жаңа серіктес тауып, сол қыз баламен алғы шепке бара жаттық. Кенет қарасақ: бейтарап жерде – оны соғыс тілінде «нейтралка» дейді – бір құлын тұр. Әдемілігі қандай өзінің, мамық құйрығы үлп-үлп етеді.

…Тап бір ешқандай соғыс жоқтай өз бетімен марғау жайылып жүр. Естіп жатырмыз, оны көрген немістер де шулайды. Біздің  солдаттар да өзара сөйлесуде:

– Кетіп қалады-ау, ә. Әйтпесе тамаша сорпа болар еді…

– Мынадай қашықтықта оны автоматпен ала алмайсың…

Олар бізді көріп қалды:

– Міне, мергендер келе жатыр. Олар оны қазір… Қане, қыздар!..

Не істеу керек? Мен ойланып та үлгергем жоқ. көздедім де тартып жібердім. Құлын аяқтарын бір серпіді де, бүйіріне құлап түсті. Жел жеткізді – шыңғыра кісінеп қоя берді.

Сонсоң барып ойланайын: мен неге өйттім? Әп-әдемі жануар еді, ал мен оны сорпаға деп өлтірдім! Естіп тұрмын, арт жағымда әлдекім жыламсырайды. Жалт қарасам, менімен келген жаңа қыз екен.

– Не болды саған? – деймін.

– Құлынды аяп кеттім… – ал көздері жасқа толып кетіпті.

– Ах-ах-ах, қандай нәзік жансың, ә? Ал біз үш күн бойына ашпыз. Сен әлі ешкімді көмген жоқсың, күллі асай-мұсайыңмен күніне отыз шақырым шагайттап көр қане. Әрі ашсың! Алдымен фрицтерді қуып шығуымыз керек, сонсоң уайымдай жатармыз…

Солдаттарға қарасам, әлгінде ғана мені көтермелеген, айғайлаған, өтінген сабаздар, енді ештеңе көрмегендей өз шаруаларымен бола қалыпты. Ал маған қайтпек керек? Отыра қал да, ал жыла…

Мен бір қатыгез қасапшы сияқты көріндім. Ал өзім болсам, бала шағымнан тіршілік иелері атаулыны сүйетінмін. Біздің отбасымызда мен мектепке бара бастағам – бір ауру сиырды союға тура келді, мен екі күн бойы жыладым. Боздағаным сондай, мамам мені есі ауысып кетер ме екен деп зәресі ұшты. Ал қазір –  бац! – еш қорғанышы жоқ құлынды тырайтып салдым.

Кешкісін бізге тамақ әкелді. Аспаздар: «Ту, жігітсің, мерген… Бүгін қазанда ет бар…» десіп жатыр. Бізге котелоктарды қойды да, өздері шығып кетті. Ал менің қыздарым тағамға жақындар емес. Мен не болғанын енді түсіндім де, көз жасымды төгіп, жеркепеден ата жөнелдім… Қыздарым – соңымнан, бәрі жабылып жұбатысып жатыр. Әркім өз котелогын алды да, жей бастадық. Міне, қалай болғаны…

Түнде бізде әңгімеден басқа не бар? Не жайлы айтушы едік? Әрине, әркім өз үйі, өз анасы, әкесі қандай болғаны, әйтпесе бауырларының қалай соғысқаны туралы да… Сонсоң, соғыстан кейін кім боламыз дейміз. Тұрмысқа шығайық, сонда күйеулеріміз бізді сүйетін бола ма? Сондайда біздің  капитан күлетін де, былай дейтін:

– Ех, қыздар-ай! Елдің бәріне ыңғайлысыңдар, бірақ соғыстан соң сендерге үйленуге қорқатын шығар. Қолдарың мерген, тәрелкені тура жіберіп, өлтіріп тастайсыңдар ғой.

Мен күйеуіме соғыста кездестім, бір полкта болғанбыз. Ол екі рет жараланған, контузиясы және бар. Бүкіл соғысты бастан аяқ өткен, ғұмыр бойы әскери адам болды. Оған менің жүйкем шайқалған деп айтудың қажеті жоқ. егер мен оған дауыс көтере бастасам, ол біресе байқамаған болады, немесе таза үн қатпайды. Сөйтіп міне, отыз бес жыл «шәй» деспей, бірге тұрып келеміз. Екі бала өсірдік, оларға жоғары білім әпердік.

Және бір әңгіме айтайыншы… Сонымен мені әскерден босатты, мен Мәскеуге келдім. Ал бізге Мәскеуден ары қарай бірнеше шақырым жаяу жүру керек. Қазір онда – метро, ал ол кезде шие бақшалары, ойдым-ойдым жыралар жататын. Бір жыра тіптен терең, менің содан өтуім қажет. Ендігі күн қарауытып та кетіп еді, жеткенімше сол болды. Әрине, мен бұл жырадан өтуге қорықтым, не істерімді білмей тұрмын: ізіммен кері қайтып, күннің шығуын тосуым керек пе, жоқ әлде батылданып алып, өтуім қажет пе? Қазір ойласам, күлкім келеді – майданды көктей өттім, не көрмеді мына бас: өлім-жітімді де көріп бақтым, ал осы жерде жырадан өтуге қорқақтаймын. Соғыс қыздардың ештеңесін де өзгертпепті. Бірде Алманиядан қайтып келе жатқанда, әлдекімнің рюкзагынан тышқан атып шыққанда, қыздардың баршасы секіріп-секіріп түсті, жоғарғы полкадағылар болса, бақырып жатыр. Бізбен бірге қайтып келе жатқан капитан таңғалды: «Әрқайсыңның омырауыңда орден бар, сонда тышқаннан қорықпақтарың не?»

Менің бағыма қарай арт жақтан жүк мәшинесі келе жатты. Қолымды көтерейін деп ойладым.

Мәшине тоқтады.

– Мен Дьяковскоеге дейін барушы едім, – деймін.

– Мен де Дьяковскоеге дейін барушы едім, – деп күледі жас жігіт.

Мен кәбеңкеге отырдым, ол менің шабаданымды қорапқа орналастырды. Менің формамды, наградаларымды көрді.

– Неше немісті өлтірдің? – деп сұрайды

– Жетпіс бесін.

Ол сәл кідірді де, күлімсіреді:

– Өтірік соқпа, бір де бірін көрген жоқ шығарсың, сірә!

Мен осы кезде оны тани кеттім:

– Колька Чижовпісің? Сенбісің? Есіңде ме, мен саған галстук тағып едім ғой?..

Соғысқа дейін мен өз мектебімде пионер жетекшісі болған едім.

– Маруська, сенсің бе?

– Менмін…

– Рас па? – ол мәшинесін кідіртті.

– Үйге жеткізсеңші, жолдың ортасында тормоз бермегің не? – Менің көзіме жас үйірілді. Көріп тұрмын, ол да сөйтті. Міне, осындай кездесу болды!

Үйге жақындап келдік, ол шабаданды алып, анама қарай жүгіре жөнелді:

– Тезірек, мен сізге қызыңызды алып келдім!

Келуін келдім-ау, бірақ бәрін де жаңадан бастауыма тура келді. Төпли киіп жүруді үйрендім, майданды үш жыл бойына етікпен кештік қой. Біз түрлі қайыс белбеулерге үйренгенбіз, ендігі жай киім сөлбірейіп тұрғандай болып көрінеді, өзіңді ыңғайсыз сезінесің. Біз юбкаларды мойындамайтынбыз, киетініміз – шалбар, кешке жуасың, астыңа салып жатсаң, үтіктелді дей бер. Рас, онша кеппейді де. Аязға шықсаң, қабыршық пайда болады. Азаматтық көйлекпен келе жатсаң да, офицерді көрсең, әскери сәлем беруге еріксіз қолың көтеріле береді. Үйрендік, паек, бәрі мемлекеттік, сөйтіп нан дүкеніне келгенде керегіңше алып, шығып жүре бересің. Ертесіне ойыңа түседі, ұяласың, кешірім сұрап, бірдеңе аласың да, бәріне бір-ақ төлейсің. Сатушылар бізге ренжімейтін, олар ендігі түсінетін…»

Мария Ивановна үнсіз қалды. Бұл қандай болмасын сауал қою орынсыз көрінетін үнсіздік.

«…Мен тағы нені ойлаймын. Міне, тыңдаңыздар. Соғыс қаншама созылды, ұзақ қой… Сонда бір де бір құс, бір де бір гүл есімде қалмапты. Олар, әрине болды ғой, бірақ менің зердемде жоқ. Міне, осылай… Қызық, ә?..

Біз осыдан шамалы ғана бұрын, сегіз жылдың аумағында өзіміздің Машенька Алхимованы таптық. Артдивизионның командирі жарақат алды, Маша оны құтқаруға еңбектей жөнелді. Сөйткенде алдынан  снаряд жарылды. Командир өліп кетті, Маша жете алмай қалды, оның екі аяғын да жұлып түсті. Біз оны медсанбатқа ала жөнелдік, ал ол болса зарлап жатыр: «Қыздар-ай, мені атып тастаңдаршы… Мынадай сиқыммен мен енді кімге керекпін?..» Зарлап жатыр… зарлап жатыр… Оны госпитальға жіберді, ал біз әрі кеттік, шабуылға кірістік. Сөйтіп, Машаның ізінен айырылып қалдық. Қайда, не болғанын біле алмай қойдық. Жазбаған жеріміз жоқ, бірақ ешкім жарытып жауап бере алмады. Бізге ақыры Мәскеудің 73-ші мектебінің ізшіл-зерттеушілері көмектесті. Олар оны Мүгедектер үйінен тауыпты. Ол осы жылдар бойына сан госпитальды ауыстырған, оған ондаған операциялар жасалған. Ал өзі анасына тірі қалдым демеген… Осы жағдайды көз алдарыңызға елестете аласыздар ма? Міне, соғыс дегеніңіз қандай… Біз оны өзіміздің кездесуімізге алып келдік. Ол төралқада жылап отырды. Сонсоң оны анасымен табыстырдық… Олар отыз жылдан кейін кездесті…

Соғыс қазір де біздің түсімізге кіреді. Біресе жеркепеге кіріп кетесің, біресе басың ауған жаққа лағып бара жатасың. Оянсаң, тірі екендігіңе сенбейсің… Ал менің соғысты менің есіме алғым да келмейді».

Ескі жамылғыға оранған әйелде тұрған ауыр дерттің қиын тұрпатын сезініп-ақ отырмын. «Қызым, сол…» – дейді ол қоштасарда маған қайнап тұрған қолдарын ебедейсіз созып.

Мен келе жатырмын. «Өзіңе өзің тап бұрынғыдай орала алмайсың. Енді ойлайсың: аяғыңа не қолыңа оқ тисін, денең ауырсын: «Ол жақтан тірі оралсаң да, жаның ауыратын болады, қатты ауырады. Біз тіпті жастай кеттік қой… Бойжеткендер ғанамыз… Мен соғыста біраз есейдім да…»

Мен білемін, еш кінәм жоқ қой менің

Өзгелердің соғыстан қайтпай қалғанында.

Оларды үлкенді-кішісін таңдамастан —

Майданның түгел жалмап алғанында,

Қорғап та қалар едім-ау, тек өйте алмадым, —

Ол жайлы емес әңгіме, әттең бірақ,

Десектағы, десектағы, десектағы…

(Өлеңді аударған тәржімашы).

Александр Твардовскийдің осынау өлеңі, оның «Десектағы, десектағы, десектағысы…» мені еш босатпайды, сөйтіп мен майдангер қыздарды іздейтін боламын, олардың әңгімелеріне ондаған блокноттар мен магнитофон кассеталарын толтырамын, олармен бірге өзімді азапқа саламын, үміттенемін. Сенемін. Маған және бір соғыстың есігі ашылады, өйткені ол жайлы әрі көп білеміз, әрі аз да білеміз.

Жалғасы бар…

Аударған Марал ХАСЕН

Фото: livejournal.com

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.