9 Мамыр жақындаған сайын баспасөзде, әлеуметтік желілерде дау көбейеді. Жұрт екіге жарылады. Дау «Ұлы Отан соғысы ма, Екінші дүниежүзілік соғыс па?» деген сұрақтың төңірегінде өрбиді. Екі жақ та қайтпайды. Қарап тұрсаңыз, бұл да отарланған сананың бір көрінісі. Тарихтағы атау – Екінші дүниежүзілік соғыс. Сонда дау қайдан шығады дейсіз ғой. Дау Совет өкіметінің құлағанына ширек ғасырдан бері сене алмай жүргенде соңғы жылдардағы Ресей билігінің Сталинді қайта ұлықтай бастағаны үмітін оятқандай болған біздің қоғамның бір бөлігі… Олардың ішінде ардагер атасының арқасында үй алып, мереке сайын мемлекеттен сыйақы дәметіп аталарының мойнына мініп отырғандарды қосыңыз. Бұларға салсаңыз, 9 Мамыр – Жеңіс күні жылдан-жылға зорая бергені жақсы. Олар ескілікпен, өткенмен өмір сүріп жатқан адамдар. Әрине, жалтақ саясаттың да салқыны бар. Әйтпесе Екінші дүниежүзілік соғысты Ұлы Отан соғысы деудің өзі біле білген адамға Тәуелсіздікті жоққа шығарып тұрған сөз емес пе?! Бірақ коммунизм идеясы сүйегіне сіңіп, совет мектебінен шыққан басшылар оны білсе де, өзінен аттап кетуі қиын-ау.
Біз Ресейге еріп жалаулатып жылда тойлатып жүрген 9 Мамыр 1945 жылдан 1965 жылға дейін табаны күректей 20 жыл бойы тойланбаған. Тойлағаны былай тұрсын, тіпті атап өтілмеген. 9 Мамыр әдеттегі жұмыс күні болған. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Жеңіс күнін мерекелеуді Сталиннің өзі алып тастаған. Неге? Өйткені Сталин соғыс ардагерлерінен қорыққан. Әрине, совет адамы үшін бұл күлкілі әрі еш ақылға сыймайтын нәрсе. Көсем Сталиннің бір нәрседен қорқуы дегеніңіз – кешегі және бүгінгі совет адамына күлдіргі болып қана естіледі. Бірақ орыс зерттеушілерінің бір тұжырымы – осы. Қан майданға қатысқан, қатысқанда да қан кешіп жүріп соғысқан әрбір солдат Екінші дүниежүзілік соғыста жеңімпаз болып оралды. Ал жеңімпаз болу дегеніңіз – адамды құлдықтан құтқарады, көзқарасын өзгертеді. Алапат соғысты жеңген адам үшін өмірдегі өзге қиыншылықтарды жеңу тіптен оңай болады. Халықтарды айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізіп, құл есепті ұстаған Сталин үшін кеудесін жеңіс кернеп оралған ардагерлер ұнамады. Өйткені олар жеңіске жетіп қана қоймай, өздері Құдайдай сенген, үгіт-насихатта керемет болып көрінетін Совет өкіметінің ең әлсіз, осал тұстарын көзбен көріп, қолмен ұстады. Және советтік үгіт-насихаттың артында қандай сұмдықтар тұрғанын сезді. Орайлы сәт келсе, қан көрген ұрпақ ішіне сұм жасырған жүйенің қателігін бетіне басып, табанына салып таптап жіберуі әбден мүмкін еді. Осының өзі Сталиннің қорқынышын қоюлата түсті. Сондықтан совет көсемі 9 Мамыр – Жеңіс күнін мереке санатынан сызып тастады да, жұртты соғыста күйреген қалалар мен шаруашылықты қалпына келтіру дейтін ұлы науқанға жекті. Сөйтіп, жеңісті ұмыттырып, ауыр жұмыспен елдің еңсесін баса түспекке ұмтылды. Қорқыныштың бір жағы осы болса, екінші жағы – Сталин соғыстың алғашқы жылдары жіберген зор қателіктері алдынан шығады деп ойлап, соның алдын алу үшін де жеңіс тойынан бас тартты. Яғни соғыстың алғашқы жылдары армиясының қуаты зор деп саналатын Совет өкіметі күйрей жеңілді. Фашистік басқыншылар Мәскеудің іргесіне дейін келді. Германияның одақтасы Жапонияның Америкаға шабуыл жасауы Қиыр Шығыстағы күшті Мәскеуге әкеліп төгіп, жауға тойтарыс беруге мүмкіншілік берді. Әйтпесе Екінші дүниежүзілік соғыстың тез аяқталуы да ғажап емес еді. Және де совет армиясының шығыны өте үлкен болды. Мәселен, фашистерден бір адам оққа ұшса, советтерден он адам қырылған. Оның үстіне Совет өкіметі АҚШ, Британия, Франция секілді одақтастары болмағанда, Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіп шығуы неғайбыл еді. Одақтастар солдаттарға тамақтан бастап, киім-кешекке дейін көмектеспегенде жеңістің ауылы алыстай берер еді. Сталиннің қорқатын дүниесі көп еді. Соның тағы бірі – соғыстың күтпеген жерден басталуы. Көсемге соғыстың ықтималдылығы ескертілді. Бірақ соғыс басталғанда Совет өкіметі дайын болмай шықты. Дайын болмағаны былай тұрсын, соғыстағы ұйымдастырушылық, қолбасшылық сынды аса маңызды істерде жіберілген зор қателіктер армияны орасан шығынға ұшыратты. Мұның бәріне Сталин кінәлі еді. Ал сол қателіктерді көзімен көрген соғыс ардагерлері Сталиннен есеп алуға ұмтылуы да ғажап емес еді. Сондықтан да Сталин Жеңіс күні мүлдем тойланбасын деп пәрмен етті. Өйткені оған жеңімпаздар емес, құлақкесті құлдар керек еді.
Жеңістің 20 жыл бойы тойланбауына совет адамының, советтік санадағы кісінің айтар уәжі бар. Ол – соғыста күйреген ел экономикасын қалпына келтіріп, халықтың жағдайын көтеру керек болды. Иә, сталиндік билік тап осындай сылтаумен Жеңіс күнін аластады.Үлкен жақтан алғанда, Сталин Екінші дүниежүзілік соғыс барысын өзінше жоспарлап, Германия, Англия, Испания, Италия, Франция – Еуропа елдерін Совет өкіметінің колониясына айналдыру мақсатында болған. Бұл мақсаты орындалмай, бір өзі билеп-төстеп отырған Совет өкіметі деп аталатын Ресей мен оның колонияларын Екінші дүниежүзілік соғыстан әрең алып шыққан.

Сөйтіп, Сталиннің, Хрущевтің кезінде тойланбаған Жеңіс күнін Брежнев 1965 жылы мереке қатарына қосқан. Брежнев өзі де соғысқа қатысқан әрі ол мерекені, сауық-сайранды жақсы көрген. Ал қазіргі кезде Путин билігі елдегі экономикалық қиыншылық пен жемқорлықты және саяси дағдарысты бүркемелеу үшін жеңіс туын биіктете көтеріп, Сталин бейнесін қайта тірілтіп, онсыз да мақтанға әуес, аш отырса да, өзін қашанда адамзаттан зор санауға бейім тұратын орыс қоғамының қолына ұстата қойды. Сол-ақ екен, орыс қоғамы баяғы өзінің әдетіне басып, «уралап» марш жасап шыға келді. Ал Қазақстан секілді тәуелсіздігін алса да, Ресейдің ықпалынан шыға алмай, билігі әрі-сәрі күй кешіп келе жатқан елдерде жеңіс сол баяғы Совет өкіметі қалыптастырған дәстүрден айнымай өтіп келеді. Уақыт өте келе, Жеңіс күнінің өзі қоғамды екіге жарды. Оны жоғарыда айттық.
Совет өкіметінің отарында жүріп, еріксіз майданға аттанып, оққа ұшқан, көмусіз, із-түзсіз кеткен, шейіт болған қазақтың миллиондаған боздағының рухы пейіште шалқысын!

Фото: ntv.ru

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.