Мереке Ғабдуәлиев

 

Заң ғылымының кандидаты,  «Конституционализм және демократия даму институты» қоғамдық қорының директоры Мереке ҒАБДУӘЛИЕВтің ойынша, мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен сайлауды көздейтін заң жобасы биліктің саяси транзитке дайындығы іспетті. Түптеп келгенде, билік транзитке дайындықтың алғашқы кезеңін былтырғы жылы бастап, конституциялық реформа жүргізді. Ендігі жерде сақтық шараларын күшейту үшін мәслихатты «бөтендерден» тазаламақ. Алайда, заңгердің айтуынша, бұдан ең алдымен биліктің өзі опық жейді. Себебі мәслихаттарды партиялық тізіммен сайлауға көшсек, билік шынайы өмірден ажырап, нақты жағдайды білуден қалады.

 – Мереке Тілекұлы, «Сайлау туралы» конституциялық заң жобасы парламент мәжілісінің қарауына түсті. Бұл заңға енгізілетін толықтырулар мен өзгерістер қабылданып кетсе, мәслихат депутаттары тек партиялық тізіммен сайланбақ. Мұның астарында қандай батпан құйрық жатыр?

– Мәжілістің қарауына екі заң жобасы келіп түсті. Бірі «Сайлау туралы» конституциялық заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы болса, екіншісі – Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі кодекс, Бюджет кодексі, «Саяси партиялар туралы» және «Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару туралы» заңдарына өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасы.

   Бұл бастамалардың басты жаңалығы сол – мәслихат депутаттарын пропорционалды жүйе арқылы сайлау ұсынылды. Қарапайым тілмен айтқанда, жеке тұлға өзін мәслихат депутаттығына ұсыну құқынан айырылмақ.

Соңғы жылдары өткен мәслихат сайлауларына көз жүгіртсек, жергілікті билік сайлауға тәуелсіз кандидаттарды жібермеу үшін барын салды. Сайлау комитеттері тәуелсіз кандидаттардың тіркеуін жою үшін қолдан келгенін жасап бақты. Бұл науқанға қосылған салық қызметі мәслихат депутаттары немесе олардың жұбайларының «декларациясында көрсетілмеген» басы артық 50 теңгені анықтаса, сайлау комитеттері халық шын мәнінде қолдайтын кандидаттарды сайлау жарысынан шеттетіп жүрді. Өз кезегінде сот билігі сайлау комитеттерінің бұл шешімін үн-түнсіз мақұлдап берді.

Осылайша жергілікті әкімдер сайлауға тәуелсіз кандидаттарды жіберуден сескенді, есесіне мұның кесірінен жергілікті билік қоғам алдындағы абыройынан жұрдай болды. Ақордаға есеп беретін облыстағы әкімқаралар өз аймақтарында «тұрақтылық» пен «билікке адалдық» орнағанын әспеттеуге мүдделі. Сондықтан тәуелсіз кандидатты мәслихатқа жіберу олардың жоспарына мүлде кірмейді. Өйткені мұндай депутат басы артық сұрақ қойып, ақпарат құралдарын шулатуы мүмкін ғой.

Десек те, тәуелсіз үміткерді қатыстырмаудың бар амалын жасаса да, кей-кейде ахуал бақылаудан шығып кетіп, мәслихаттарға бірді-екілі тәуелсіз кандидаттың өтіп кеткен кездері болды. Мәжіліске келіп түскен қазіргі заң жобасы мақұлданып кетсе, мәслихат сайлауын жергілікті атқарушы органдар басқаратын болады. Бұл өзгерістер әкімдер мен жергілікті ішкі саясат басқармаларының жұмысын біраз «жеңілдетпек», есесіне елді демократиядан кері шегіндіріп, артқа тастайды.

– Конституцияда «Республика азаматтары мемлекеттік органдар мен жергілікті басқару органдарын сайлауға және оған өздері сайлануға құқылы» делінген. Алайда жаңа заң жобасында егер жеке тұлға саяси партия мүшесі болмаса, онда мәслихат сайлауына түсе алмайды деген шектеу бар. Олай болса, заң жобасына неліктен конституциялық құқыққа қайшы келетін норма енгізіліп жатыр?

– Расында да, сайлану құқығын азаматтардың саяси ұстанымына тәуелді етпек. Яғни жеке тұлға саяси партияға мүше болмаса, ол Конституцияда көрсетілген сайлану құқығынан түбегейлі айырылмақ. Заң нормасының Конституцияға қайшылығы мәселесін тек Конституциялық Кеңес қана шеше алады. Сол себепті мына заң жобасының тағдыры не болатынын кейін көре жатармыз. Алайда өз басым Конституциялық Кеңес заң жобасындағы мәслихат депутаттарын сайлау механизмін Конституцияға қайшы деп табатынына күмәнмен қараймын. Заң жобасының бастамашылары қарапайым нәрсені ескермей отыр. Мәслихатқа сайланған депутат жергілікті шаруалармен айналысады. Жергілікті өкілдік органына сайлау сол үшін өткізіледі. Ал көше жинау, қоқыс тазалау, көгалдандыру, жарық немесе су құбырын жүргізу тәрізді «жергілікті шаруалардың» саяси сипаты жоқ, сондықтан бұл тек «Нұр Отан», «Ақ жол» немесе коммунистердің ғана қолынан келетін тірлік емес.

Қарапайым мысал келтірейін. Биыл көктемде Оралдың орталық көшелеріндегі ғимарат төбесінен салбырап тұрған мұз сүңгілерін суретке түсіріп жарияладым. Үш аптадан кейін тура сол жерге сүңгі құлап, адамды мерт қылды. Сонда бұл уақытта жергілікті билік не бітіріп жүрді? Бәлкім, ұстаздарды жинап алып, кезекті бағдарламалық құжатты «түсіндірген» шығар. Міне, мәслихаттарды партиялық тізіммен сайлауға көшсек, билік шынайы жағдайды білуден қалып, шынайы өмірден ажырайды. Ал депутаттар жоғарыдан бұйрық түспейінше, өз бетінше бастама көтеруге құлықты болмайтыны осы бастан белгілі.

Түптеп келгенде, бізде партиялық жүйе деген атымен жоқ. Олай болса, мәслихат сайлауында бәсеке қайдан пайда болады? Бұл саяси дағдарысқа әкеп соқтырмай ма?

– Бұл заң жобаларының бастамашысы кім екенін білмеймін. Бірақ бұл заң жобасынан алдағы екі-үш жылда болып қалуы мүмкін «транзиттік кезең» алдында сақтық шарасын жасап жатқандары байқалады. Конституционалист болғандықтан, өзге әріптес заңгерлерге қарағанда саяси ғылымдарға жақынмын, сол себепті мұндай ұсыныстарға түсіністікпен қараймын. Десек те, мұны өз басым бұрыс шешім деп есептеймін. Өйткені саяси-партиялық жүйенің ең маңызды бөлігі – саяси оппозиция екені бесенеден белгілі.

    Шын мәнінде оппозиция – көпшілік ойлайтындай жағымсыз сөз емес, ал оппозиционерлер – халық жаулары емес. Түптің түбінде елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін де – тәуелсіз азаматтық ұстанымы бар белсенділер. Осындай азаматтар орынды сын, диалог және бюджетті бақылау арқылы елге пайдасын тигізеді. Осындай азаматтардың арқасында жемқорлықтың алдын алып, бюджет тиімді жұмсалады, шенеуніктердің бассыздығына тұсау салынады.

Бұрынғы Совет Одағы елдерінде оппозициялық партиялар «халық жауы» саналып, бұл партиялардың жетекшілері үстінен қылмыстық іс қозғалады, түрлі салық санкциялары салынып, «өзгеше ойлайтындарды» басып-жаншитын мемлекеттік аппарат іске қосылады.

Шынайы демократиялық оппозиция заңды саяси алаңнан ығыстырылған кезде наразы халық өз пікірін білдірудің заңсыз, диссиденттік жолдарына көшеді. Меніңше, мәслихат депутаттарын пропорционалды жүйе арқылы сайлаудың саяси тәуекелдері бар, ол аймақтар дамуын тежеп, тіпті болашақта конституциялық дефолтқа әкеп соқтыруы мүмкін. Былтырғы  жер митингілері тәрізді аяқастынан наразылықтар туа қалса, мәслихаттардың қолбала депутаттары халық толқуын баса алмай қалады.

–Мәслихат депутаттарын партиялық тізім арқылы сайлау сенатқа билікке жақпайтын тұлғаларды жібермей қоюдың амалы емес пе? Өйткені сенат депутаттарының негізгі бөлігін мәслихат депутаттары сайлайтыны белгілі…

Өз басым олай деп ойламаймын. Бүгінде мәслихат депутаттарының негізгі бөлігі – бір партияның мүшелері. Сондықтан қалай болғанда да, мәслихат депутаттарының басым бөлігі алдын ала келісілген кандидатқа дауыс беретіні түсінікті. Шынын айтқанда, сенат – парламенттің түкке пайдасы жоқ палатасы.

  Десек те, алдағы жылдары елдің саяси өмірінде сенат маңызды рөл ойнауы бек мүмкін. Өйткені президент тағайындайтын Ұлттық банк төрағасы, бас прокурор, ҰҚК төрағасы мен жоғарғы сот төрағасын сенат мақұлдап, келісімін беруі тиіс. Яғни сенаттың салмақты саяси резерві бар.  Бүгінде сенат президенттің кадрлық саясатын ың-шыңсыз мақұлдап отыр. Ал келесі президент мұндай кадрлық өкілеттіліктерді әртүрлі саяси күштер өкілдерімен саяси консенсунс тауып барып қана іске асыра алады.

Заң жобалары мәжіліске түспей тұрып қоғамда талқылауға ұсынылғанда, сіз мұны сынайтын мақала жариялап, мәслихат депутаттарын партиялық тізім арқылы сайлауға болмайтынын айттыңыз. Осы мақаладан кейін өзіңізге билік немесе саяси партиялардан хабарласқандар болды ма?

–Мақала жарияланған соң, сарапшылар мен тәуелсіз ақпарат құралдары тарапынан реакция болды. Бірақ билік жақтан ешкім тікелей өзіме шыққан жоқ.

Сөйте тұра билік тәуелсіз сарапшылардың осы заң жобасын талдап жүргеніне сақтықпен қарайтын сияқты. Жақын уақытта билікке бағынышты үкіметтік емес ұйымдар мен ғылыми институттардағы қолбала ғалымдар бұл заң жобасын әспеттеп, насихаттай бастайтын шығар. 2017 жылы Конституцияның 26-бабын талқылауға дәл сондай ғалымдар араласқан болатын.

 – Сізді осы заң жобасын талқылау үшін мәжілістің жұмыс тобына шақырды ма?

– Билік тарапынан мені жұмыс тобына ешкім шақырмады. Осы заң жобасы парламентте барынша тез қаралатынына сенімдімін. Десек те, конструктивті әріптестікке барып, осы заңнамалық бастамаларды жақсартатын ұсыныстарды енгізе алар едім.

Мәслихат депутаттарын сайлаудың өзге моделіне өту жөнінде тапсырма жоғары жақтан келіп түскен күннің өзінде, аралас модельге өту жолын талқылауға болар еді. Мәслихат депутаттарын сайлаудың аралас жүйесі өзін-өзі ұсыну мен пропорционалды жүйені бірге алып жүре алар еді. Қысқасы, мұның әртүрлі жолы бар. Елдің тағдырына бейжай қарамайтындықтан, осы мәселені талқылауға дайынмын.

Былтырғы жылы президенттік сайлауға жеке белсендіні қатыстырмайтын заңды қабылдады. Демек, енді президенттікке түсемін деушілер не саяси партия, не республикалық деңгейдегі қоғамдық ұйым атынан ұсынылуы тиіс. Елде өзін-өзі сайлауға ұсыну институты неліктен жойылып барады? Мұның арты неге апарып соқтырмақ?

– 2017 жылғы конституциялық реформалардан кейін Конституцияның 41-бабы 2-бөлігінің жаңартылған нұсқасында «Конституциялық заңда Республика президенттігіне кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін» екені тайға таңба басқандай жазылған. Бұдан бөлек, Конституцияның ескі редакциясынан тағы бір айырмасы – жаңа нұсқада кандидаттың жоғары білімі болуы міндетті делінген. Сондай-ақ енді парламент президенттікке кандидаттарға қосымша талаптар қоя алады.

Өз кезегінде парламент созбалаққа салмай, «Сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер енгізіп, президенттікке түсетін кандидаттарға қойылатын қосымша талаптарды мақұлдап жіберді. Бұл талаптарға жеке-жеке тоқталар болсақ, біріншіден, президенттікке үміткердің мемлекеттік қызмет немесе сайланбалы мемлекеттік қызметтерде кем дегенде бес жылдық жұмыс тәжірибесі болуы шарт. Екіншіден, президенттікке үміткерді тіркеуі бар, республикалық деңгейдегі қоғамдық ұйым ғана ұсынуға құқылы. Осылайша бұрынғы заңдарда көрсетілген және шетелдік заңнамаларда аса кең таралған өзін-өзі ұсыну құқы жойылды.

Үшіншіден, «Сайлау туралы» конституциялық заңының тіркеу процедурасын реттейтін 59-бабына толықтыру енгізіліп, президенттікке кандидаттарға қосымша талаптар (президент міндетін атқаруға кедергі келтіретін аурулары болмауы тиіс) белгіленді. Атап айтқанда, 59-баптың 2-1-тармағына сәйкес, «Президенттiкке кандидаттың Республика президентінің міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін ауруларының жоқ екендігін растау үшін оған медициналық куәландыру жүргізіледі, оның қорытындысы денсаулығының жай-күйі туралы тиісті медициналық қорытындымен ресімделеді.

Медициналық қорытындыға қойылатын талаптар мен Республика президентінің міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін аурулардың тізбесі Орталық сайлау комиссиясы мен денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның бірлескен нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді».

Жеме-жемге келгенде, осы өзгерістердің барлығын саяси транзитке дайындық деп қарастыруға болады. Ал 2017 жылғы конституциялық реформа – осы транзиттің алғашқы кезеңі ғана. Осылайша саяси транзит басталып кетті.

«Сайлау туралы» заңға енгізілетін толықтырулар мен өзгертулер жөніндегі заң жобасының көзге ілінетіндей тағы нендей қитұрқылықтары бар?

– Былайша айтқанда, сайлау туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер азаматтардың мемлекет ісіне араласуына еш септеспейді. Себебі мәслихаттарды пропорционалды жүйе арқылы сайлау азаматтардың сайлау құқын саяси ұстанымға (мәслихатқа үміткер саяси партияның мүшесі болуы міндетті) бағынышты етеді.

Бұдан бөлек, сайлау комиссияларын құру механизміне өзгеріс енбек. Енді Орталық сайлау комиссиясы азаматтардың сайлау заңнамасын қаншалықты білетінін анықтайтын сертификация тәртібін белгілеп, сертификация жүргізіп, сайлауды ұйымдастыруға сертификат бермек. Мұның да тәуекелдері баршылық. Бұл саяси партиялардың сайлау комитеттеріне белсенді азаматтарды өкіл қылып жіберу құқын шектеуі мүмкін.

Сайлау процесі кезіндегі саяси партияларға жүктелген «ұжымдық» жауапкершілік те сайлау комиссиясы үшін таптырмас сылтау. Кандидаттар, сенімді өкілдер заңнаманы бұзды дегенді алға тартқан аумақтық сайлау комиссиясы тіркеуден бас тартуы немесе партиялық тізімді тіркеу жөніндегі шешімді жоюы мүмкін. Яғни осы өкілеттілікті асыра пайдаланып, оппозициялық партияларды тұқырта ма деген қауіп жоқ емес.

Сайлауалды үгіт-насихат пен азаматтарды ақпараттандырудың нақты критерийлері де заңнамалық тұрғыдан анықталмаған. Бұл да «сайлауға қатысты қоғамдық пікір сұраудың тәртібін бұзды» дегенді желеу етіп, әкімшілік жауапкершілікке тартуға жол ашуы ықтимал.

Сайлау туралы заңға осы өзгерістерді енгізу саяси партиялар бастаған саяси институттардың ғана емес, бүкіл қоғамның бейқамдығына апарып ұрындырады. Мұның арты азаматтардың саяси өмірден ажырауына әкеп соқтырады. Саяси шешімдерге ықпал ету мүмкін емес деген түсінік жетегінде кеткен азаматтар ел болашағы үшін жауапкершілікті тек мемлекетке артып қоймақ.

–Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Елнұр Бақытқызы

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.