Семей шенеуніктерінің калимәсына айналған  «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан мәні кете бастағандай. Қаладағы Абай көшесінің аспалы көпірге қарай өтер тұсындағы Алаштың ардақтысы Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ сөзі мен бейнесі көз тартқан баннерге қараған адамның жүзі шыдамайды. Ат қойып, айдар таққан «Рухани жаңғыру» сөзі қақ ортасынан жыртылып кеткен. Қаладағы саяси-патриоттық мәні бар көрнекіліктерге жауапты Семейдің ішкі саясат бөліміндегілер өздері әкеліп ілген осынау «плакаттың» тозығы жеткенін әлі күнге дейін көрмей отырғаны таңқалдырады.

  «Рухани жаңғыру» ма, отаршылдықты насихаттау ма?

Ол аз десеңіз ресми мақұлданбаған қаланың таңбасы бейнеленген сурет ілінген. 1878 жылы 5 шілде күні Патшалық Ресей белгілеген герб. Әрине, аздаған өзгеріс бар. Герб басындағы патша тәжі алынғанымен отарда болғаныңды ойыңа салып тұрады.

  «Рухани жаңғыру» ма, отаршылдықты насихаттау ма?   «Рухани жаңғыру» ма, отаршылдықты насихаттау ма?

-Қала көшелеріне ілінген Алаш арыстарының сөзі көз қуантады, рух береді. Табиғи себептерге байланысты кейбір баннерлер жыртылып жатыр. Оларды ауыстырудың орнына 19 ғасырдағы Ресей империясын  жарнамалап тұратын суретті бірнеше көшелерге ілуге жол беру, одан қалса, қазақша қателіктері көзге ұрып тұратын жарнамалық тақталардың ілінгенін көре тұра түзеттіруге немқұрайлы қарайтыны ішкі саясат пен тілдерді дамыту бөлімінің жауапсыздығы дер едім. Әрине, бұл жекелеген адамдардың меншігі де болуы мүмкін. Бірақ, елдіктің, мемлекеттің мүддесі бәрінен  де биік тұруы тиіс емес пе,-дейді суретші Ерлан ШАЯХМЕТҰЛЫ.

zhasalash.kz тілшісі осы мәселелерге қатысты Семей қаласы ішкі саясат бөліміне хабарласқанымен жауап ала алмады. Осы уақытқа дейін аталған бөлімді басқарған Айдар САДЫРБАЕВТЫҢ  ШҚО ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары қызметіне жоғарылап кеткеніне көп бола қойған жоқ. Бәлкім, басшысы әлі күнге дейін тағайындалмағандықтан шығар,қазіргі күнде Семейдің ішкі саясат бөлімінің қай «жас перісін» сөзге тартсаң да, сұрағыңа нақты жауап алу бір қиямет.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы

Фотолар автордікі.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.