Астанада өтіп жатқан Сирия бейбіт келіссөзіне қарулы оппозиция өкілдері келді. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов жергілікті ақпарат құралдарына хабарлаған.

“Сирия қарулы оппозиция өкілдері Астанаға бүгін таңертең келді. Барлығы 24 адам. Делегацияны Ахмад Том басқарып келді” дейді Әнуар Жайнақов.

Оның айтуынша, кездесу бойынша пленарлық отырыс түстен кейін шамамен сағат 15.00 белгіленген.

14 мамырда Астанада Иран, Ресей және Түркияның қолдауымен тоғызыншы Сирия бейбіт келіссөзі басталған. Келіссөз жабық жағдайда өтіп жатыр. Оған БҰҰ мен Сирия делегациялары келген.

Министрліктің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақовтың айтуынша, АҚШ делегациясы бұл жолғы кездесуге қатысудан бас тартқан.

СІМ бұған дейін кепіл елдер келіссөзде Сириядағы қазіргі жағдайды, оның ішінде деэскалация аймақтарындағы ахуал мен гуманитарлық мәселелерді және өзара сенімді нығайту шараларын талқылайтынын хабарлаған.

Астана келіссөзінен бөлек, бұған дейін Біріккен Ұлттар ұйымының қолдауымен Женевада Сирия бейбіт келіссөзі өткен еді.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.