39 жастағы екібастұздық тұрғын 12 жасар оқушыны осы шаһардағы тұрғын үйдің лифтінде зорлауға әрекеттенген екен. Жаға ұстатарлық оқиға 11-ші мамыр күні түскі уақытта Екібастұз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Күдікті ер адамның подъезге кіріп, кейін жүгіріп қаша жөнелгені онда орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Сөйтсе, ол алдымен мектептен оралған оқушы қызбен бірге дүкенге кірген. Бұдан соң үйіне қайтқан жасөспірімнің соңынан подъезге еріп барыпты. Ал лифт ішіне кіре сала қызды шешіндіруге әрекеттенген көрінеді. Есік ашылған кезде қашып үлгерген оқушы мұның бәрін анасына жайып салған. Оқиға орнына жеткен жергілікті полицейлер көп ұзамай 39 жастағы күдіктіні құрықтаған.

-Кәмелет жасына толмағанға қатысты азғындық әрекет жасауға оқталған деген күдікпен 39 жасар ер адам анықталып ұсталынды.Қазіргі кезде осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 24 және 124-баптарына сәйкес сотқа дейінгі  тергеу жүргізілуде, дейді Павлодар облысы ІІД баспасөз хатшысы Баян МАҒЗҰМОВА.

Полицейлердің айтуынша, 39 жастағы күдікті бұған дейін сотталмаған. Бұл жайтқа қатысты бірнеше сараптама тағайындалған. Ал баласындай қызды зорлауға әрекетттенген ер адамның өзі қазір уақытша қамау изоляторына жабылып, тергеліп жатыр.

Фото: zhasalash.kz

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.