Qazaq banki негізгі акционерлерінің бірі Бақытжан ИБРАГИМ Германияда ұсталды. Бұл туралы ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің сұранысы бойынша, Қазақстан ІІМ Интерполы Ұлттық орталық бюросының Германиядағы әріптестеріне жолдаған тапсырмасы негізінде, ИБРАГИМ Бақыт Жасұзақұлы 23 сәуір күні Германия аумағында  ұсталды», ­ – деп хабарлайды ішкі істер министрлігінің мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті.

Ашық дерек көздер Qazaq banki-нің 10,55 пайыз акциясына иелік ететін 33 жастағы Бақыт Ибрагимді үкімет жетекшісі Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ қызы Меруерт ИБРАГИМНІҢ күйеуі деп таныстырып келген-ді. Сән бизнесіне жақын Меруерт Ибрагим Buro24/7.kz ақпараттық-сән порталының негізін салушы. Алайда Buro24/7.kz сайтының парақшасында үнемі Меруерт Ибрагим болып жазылып жүрген Б.Сағынтаевтың үлкен қызының есімі қазір Меруерт ӘБДІРГЕ өзгертілген. Соған қарағанда, Бақыт Ибрагим бүгінде Б.Сағынтаевтың экс-күйеубаласына айналған болуы ғажап емес.

Президент Н.НАЗАРБАЕВ 18 сәуір күні Ұлттық банк өкілдерімен кездесуінде Astana bank, Qazaq banki және Эксим банктің көрсеткіштерін нашар деп бағалап, акционерлерін сынға алған еді.

Презденттің сынынан кейін іле-шала мәлімдеме жасаған Qazaq banki кейбір көрсеткіштердің нашарлағанын жасырмаған. Алайда оның себебін банкті 2013-16 жылдары басқарған топ-менеджментпен байланыстырған. «Банктің кейбір көрсеткіштері сапасыз несиелер берілгендіктен нашарлады. Бұл сапасыз несиелер 2013-16 жылдары Ж.Ж.Ертаев және Б.Ж.Ибрагим  банк басқаруға тағайындаған тұлғалар кезінде берілді. Бұл несиелердің негізгі бөлігі жоғарыда аты аталған тұлғаларға тікелей қатысы бар борышкерлерге берілген», – делінген Qazaq banki-нің мәлімдемесінде.

Көп ұзамай, 8 мамыр күні Жомарт ЕРТАЕВ Мәскеуде ұсталып, үйқамаққа алынды. Енді міне, Ж.Ертаевтан бұрын Бақыт Ибрагимнің қолға түскені анықталып отыр.

З.ЖЫЛҚЫБЕК.

Фото: Today.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.