Атырауда Адам құқығын қорғау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро филиалының ашылу рәсімінде «Демос» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тұрарбек Құсайыновтың «Мен қалай рухани жаңғырдым» кітабының тұсаукесері өткізілді. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген кітап «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» демеушілігімен шыққан. Онда өмірдің мәнін, дүниенің ақиқатын іздеген автордың сол жолда түрлі діни ағымдардың, саяси қозғалыстардың жетегінде болғаны, адасып, қайта оралғаны өз аузымен баяндалады. Тәкпіршілер, құраншылар қатарында болып, бұл бағыттардың кемшілігін, дінді қалқалаған әлдекімдердің қолшоқпарына айналып отырғанын көрген Тұрарбек сөйтіп жүріп «сепаратизмді, ұлттық алауыздықты насихаттады» деген айыппен жазасын өтеп шыққан.

«Айталық, «садақада құран оқып бер» деп және басқа да діни жоралғыларды атқаруды сұрап мешітке адам келеді. Имам алдымен әлгі адамның үсті-басына, киіміне, мініп келген көлігіне қарайды… Осы бір келеңсіз жайтқа менің қатысым болған жоқ деп айта алмаймын. Кезекші имам қызметін аз уақыт атқарған кезде «клиент» таңдаудың әдіс-айласын тез меңгеріп алға мен де талай осылай жасадым… Бірақ, қулық мен сұмдық араласып жатқан мұндай істен жеріне бастадым». Шындықты жазуды мақсат тұтқан туынды иесі өзіне келгенде де аяусыз. Бұдан кейін саясатқа араласып, ұлтжанды патриоттар қатарынан көрінуді қалаған Тұрарбектің бұл жолдағы «тар жол, тайғақ кешуі» де кітаптан көрініс табады.

Қандай жағдайда да адами қалпын, азаматтық позициясын жоғалтпаған Тұрарбек Құсайыновтың еңбегі — діни ахуал алаңдаушылық тудырып отырған қазіргі таңда, соның ішінде, Атырау аймағында, берері көп, маңызды дүние екені анық. Автордың нақты деректерге сүйеніп, көзбен көріп, көңілге түйгендерін ғана жазуы кітаптың құндылығын арттыра түспек.

Фотолар автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.