Қызылордалық шенеуніктер қыдырғанды жақсы көреді

1430

Қызылордада қызметтік көліктерін мақсатсыз пайдаланған шенеуніктерге ескерту берілді. Ақ жағалылар мемлекеттік автокөліктерімен сауда дүкендерін аралайтыны белгілі болды. Тіпті жұмыс уақытында отбасының өзге  мүшелері балабақша мен мектепке қатынап, қызметтік көліктің рахатын көрген. Мұндай заңсыз деректер жүргізілген арнайы рейд жұмыстары кезінде анықталды.

Жалпы, жыл басынан бері ҚР – ның Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мамандары бірнеше мәрте рейд шараларын ұйымдастырған. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам өкілдері мен белсенді блогерлер де тартылған. Нәтижесінде, мақсатсыз пайдаланылған 15 автокөлік тіркелді.

«Қазіргі таңда қызметтік көлікті әкесінен қалған дүние секілді пайдаланатын шенеуніктерді көріп жүрміз. Балаларын тасып, жұбайлары көлікпен дүкен де аралайды. Еш алаңсыз түнгі клубтардың алдына қойып қояды. Халықтың қаражатына алынған көлікті өз игілігіне пайдаланатыны дұрыс емес. Жол жүру ережелерін де бұзатын осы әкімдіктің шопырлары. Нақты шаралар қолданылғанын қалайсыз», — дейді қала тұрғыны Сабира СМАҒҰЛОВА.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мұрындық болған шараға нақты қандай қоғамдық ұйымдар мен блогерлердің қатысқаны белгісіз. Және аталған құзырлы орған қызметтік кқлікпен қыдырған шенеуніктердің есімдерін жарияламай отыр.

«Рейдтік шара барысында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының автокөліктері мектепке қатынаса, облыстық экология департаментіне тиесілі қызметтік автокөлік «SMALL» сауда үйіне барғандығы рейдтік топтың назарына ілініп, тиісті шара қолдануы үшін ұсынымдар берілген», — деп мәліімдеді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Алдағы уақытта агенттік автокөлікті өз игілігіне пайдаланушылармен күресті жалғастыра бермек. Осыдан біршама уақыт бұрын осындай заңсыздықтарды алдын-алу үшін Қызылордада мемлекеттік автокөліктерге облыстың эмблемасы жабыстырылған болатын. Алайда, бұл қадам проблеманы толықтай шешуге септігін тигізбей отыр.

Фото автордікі.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.