Copyright © 1998-2016, RFA. Used with the permission of Radio Free Asia
Copyright © 1998-2016, RFA. Used with the permission of Radio Free Asia

Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданында ислам дінін ұстанатын аз ұлттардың қудалауға ұшырағанын жазған АҚШ-тың The Washington Post басылымы саяси үйрену орталықтарына бірнеше жүз мыңнан 1 миллион мұсылманға дейін қамалған болуы мүмкін деген дерек келтіреді. Басылым бұл мәліметті Германиядағы мәдениет және теология еуропалық мектебінің зерттеушісі Адриан ЗЕНЦТІҢ баяндамасына сүйеніп алға тартады.

Шыңжаң өлкесіндегі халықтың саны 21 миллион, оның 11 миллионы ислам дінін ұстанады. Сондықтан Зенцтің дерегі рас болса, халықтың айтарлықтай бөлігі саяси үйренуге тоғытылған деген сөз. Зерттеушінің мәліметінше, саяси үйрену орталықтарына ұйғырлар, қазақтар мен қырғыздар қамалған.

Осы күнге дейін Қытай үкіметі Шыңжаңда саяси үйрену орталықтарының бар екенін жоққа шығарып келген-ді. Алайда зерттеуші ЗЕНЦ өз баяндамасында Қытайда саяси үйрену орталықтарының бар екенін нақты деректермен дәлелдейді. Зенц Қытай үкіметінің тендер жарнамаларына назар аударып, одан Шыңжаңдағы 40 елдімекенде орналасқан саяси үйрену орталықтарының қажеттіліктеріне қатысты келісімшарттар тапқан. Осыдан-ақ Қытай үкіметі осы қамау орталықтарына қомақты қаржы, бюрократиялық және адам ресурстарын жұмсайтыны анық аңғарылады. Баяндамада Қытай мемлекеті 2016 жылдан бері Шыңжаң өлкесінің түкпір-түкпірінде саяси орталықтар салуға тырысып жатқаны, мұның құны 680 миллион юаньға (107 миллион доллар) шығатыны да айтылады.

Биылғы жылдың 27 сәуірінде жарияланған тендерлердің бірі 880 мың шаршы фут (268 мың шаршы метр) аумақты біріктіру жұмыстарын қамтиды. Бұл аумақтың кейбір бөлігі Халықтық қарулы полициясы ­ жартылай күштік құрылымға арналған. Сондай-ақ жергілікті билік қамау орталықтарына криминалды психология және әскери тәжірибесі бар мамандарды іздейміз деген жарнама жариялаған.

Зенцтің мақаласы Батыс зерттеушілері мен журналистерінің арасында үлкен резонанс тудырды. The New York Times басылымына мақала жазған Шыңжаң өлкесін зерттеуші тарихшы Риан ТУМ «осы күнге дейін біз саяси үйрену орталықтарына қамалып шыққан адамдардың оқиғасы жайлы ауызша ғана біліп келсек, енді мұны қытай үкіметінің өзі жариялаған келісімшарт ұсыныстары дәлелдей түседі. Шыңжаңда журналистер мен зерттеушілердің жұмысына барынша кедергі келтірілетінін ескерсек, бұл техникалық деректер аса құнды.» дейді.

Десек те ТУМ қамау лагерьлерінің түпкі мақсаты не екенін дөп басып айту қиын дейді. «Кейбір шенеуніктер оны қытай үкіметіне қауіп төндіреді деп есептейтін адамдарды тұқырту үшін пайдаланады. Екі елдімекенде билік ондай орталықтарға жасы 40-қа дейінгілерді қамаған. Олардың айтуынша, бұлар «зорлық-зомбылық көрсетуші ұрпақ». Мұндай лагерьлер жазалау және қысым көрсету тетіктері екені белгілі. Бұлардың ішінде аздаған адамға ғана айып тағылған, сотталғандар саны бұдан да аз. Қамалғандардың кейбіріне орталықта қанша уақыт ұстайтыны айтылса, енді бірін белгісіз уақытқа дейін ұстайды. Бұл белгісіздік, негізсіз қамау бүкіл жұртты үрейде ұстайды», ­– дейді ТУТ.

Зере ЖЫЛҚЫБЕК.

Фото: Radio Free Asia (Copyright © 1998-2016, RFA. Used with the permission of Radio Free Asia, 2025 M St. NW, Suite 300, Washington DC 20036)

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.